«Ақа» деп жалбақтасатын. Оның алдын кескен әйел атаулыны байқаған
емен. Ертеңнен кешке дейін етектерін түрініп, қос шелектеп су таситын ақ
байлағандар атамды танығанда тоқтай қалысады, қашан біз, атам екеуіміз
өтпейін-ше орындарынан қозғалмайды. Қайсыбіреулері тізелерін бүгіп
сәлем етіп жатады. Атам соның бәріне тоқтап, бәрінің ниетін қабылдайтын.
Мен қайқайып, қарамай өте шыққанды ұнатушы ем. Қалсын шетінен ит
болып! Не бар сонша жалбақтап?! Райисполком, депутат Қабдиевтің боз
кепкесін таныған машина тоқтайды екен дегенді естігенде бір мақтандым:
атамның алдын адам кеспейді. Қанішкенде бар-жоғы екі машина, тоқтаса –
тұра берсін, олар райисполкомсыз да бұзылып, не батпаққа батып-ақ
тоқтайды. Сонда Қанішкенде кісі көп пе, машина көп пе? Атам мықты ма,
райисполком (о жылдары әр басшыны сол басқаратын мекеменің атымен
атайтын-ды) мықты ма, өзіңіз біле беріңіз! Мен осыған бола-ақ көкірек
көтеретінмін.
Жас терінің пұшпағындай көгістене ирелеңдеген суымыз бар-ды. Мені
оған да атам ертіп әкелетін. Су жағасы ойынға лайық еді. Мына жағы бақ –
қалың тал, терек – нағыз жасырынбақтың жері, қарсы беті ығы-жығы
қайық. Тұнық кеште бірі біріне тырс-тырс соғып, баяу теңселіп
тұрғандары қандай әдемі! Өмір ит сұлу ғой, сұлу, тек ажарын бұзба. Міне,
менің кеш енген ақылым. Жо-жоқ, мұң шақты демеңіз, сырағдысын
айтқаным да. Сөйткен әсем дүниенің бір кеште ойран-ботқасы шықты: атам
мені тұңғыш рет еркелетпеді, қасына шақырмады. Көптен көл маңына да
аттап баспаған-ды. Ылғи пеш түбінде құнысып жатты да қойды. Со күні
тыстан жүгіріп кіре, бұл әлі көз алдымда, төрде шалқасынан жатқан
атамды көрдім. Денесі сыптай әрі ұп-ұзын. Ата, дедім, ата. Сыртта
ересектеу бір бала: «Сен атаңның баласы емессің» деп қорлаған, соны
айтып сазайын тартқызбақ ем, амал не! Біреу білегімнен ұстай алды.
Сөйтсем... үлкендердің көп айтатын өлімі сол екен. Қанішкенде сонша шал
мен кемпір бар екенін де сонда байқадым. Шетінен қаусап, қақтыққан
неткен көп жұрт! Олар мені кезек-кезек еркелетіп шықты, бірақ еш-
қайсысына сенгем жоқ, неге екені белгісіз, бәрінікі өтірік, шыли өтірік
сияқтанды. Сөйтіп тұңғыш рет «айналайынға» сенбедім... Балалау
шағымда мен бірінші соққыға атамның өлімін жатқызушы ем, енді
ойласам тұңғыш, әрі ең қатерлі соққы – жылы сөзге иланбауым бопты.
Осы мен өзімді өзім ақтап бара жатқам жоқ па? Мақұл, енді ақталмайым,
қоры-қпаңыз. Сөйтіп, мен еркін өстім. Атамнан өңге ешкімді тыңдамадым,
өйткені онан басқасы жалған сөйлейтін се-кілденді. Өмірімде мені жан-
тәнімен еріп, езіліп жақсы көрген адам сол – Ақпан қарт, күні бүгінге
шейін осылай ойлаймын. Атам қайтқаннан соңғы өмірім, еркіндігі не
керек, азаппен өтті. Өзгелердің еркелеткені, елегенінің өзі маған шаншу
боп қадалды. Содан-ақ түсінісе алмадым, түсінбедім. Ешкім менен бірдеңе
ұғайын деп ниет етпеді.
Мен Қанішкенде сыйлы-ақ бала едім. Ауылдастар мені көргенде жалпақ
қағатын. Бір тапсырманы орындасам – ұстаздарым таласып мақтайтын.
Сол үшін өзге балалар мені өлердей жек көрді. Көбі қаралай өшігіп жүрді.
Енді қалай? Олар сабақты жақсы үлгереді, жақсы ат алатын – мен, еленіп,
ескерілетін – мен, ал менің тәртібім хақында арыз айтса, ұрыс еститін –
өздері. Неткен әділетсіздік десеңізші! Менің бағым – әкемнің тағы екенін
сонда-ақ сездім, сездірмей қоймады, тек қасақана аңғармадым, елемедім,
сәл тәртіптірек жүріп, тырмысып оқысам – болған айыбымды жуарыма да
көзім жетті, әттең, желкем жібермеді. Ол (әкемді айтам) тірі отырғанда мен
оныншы бітіретін едім, бәлкім, институтқа да түсер ме ем, не пайда,
сегізінші сыныптың төртінші тоқ-санында өліп кетті. Тоғызда бір ай
оқытқан соң қуып шықты, себебі тәртіп бұздым, О, әсекет Алла, ақ тоба,
мен қай кезде тәртіп бұзбап ем.
Мақұл ойлайсыз, мен расында жаман кісімін, жақсы аталып жүрген
адамдардың көбіне сенбеймін. Адамды жақсы, жаманға айырудың өзінде
талай-талай былық жатқан секілді. Мәселен, жақсы адам несімен жақсы. Ең
ақыры, кімнің көзімен қарағанда жақсы? Гәп, міне, меніңше, осында.
Мені оқудан шығарғанда басқа мектепке аударған, барғым келмеді.
Абырой таппасымды сездім. Әрі жалғыз шешеме көмекке асықтым.
Шешем марқұмның мен сияқты балалардан жақсылық күтпеуге жететін
ақылы болатын. Сондықтан ол барлық қарекет тірлігіме сенімсіздеу, кейде
тіпті қауіптене қарады. Содан шығар, не істесем де жұмысы жоқ, күрсініп
көнуді ғана білді. Мен он бір айлық курстан өтіп, машина алдым. Міне,
кесапаттың көкесі сол, шоферлігімнен басталды. Алты айдың ішінде
правомның бетіне бұршақ жауғандай шұрқ тесік боп шыға келді.
Қанішкенді екіге бөліп тұратын ұзын көпірдің ауызында атамзаманғы
асхана бар-ды, соның қи-рамаған ыдыс-аяғы, есік-терезесі қалмады. Мен
келе жатқанда даяшылар дені дұрыс кесе-шыныларын етектерімен
жабады, сіріңкенің күйген талындай (аспаздың арығын көргенім) имек
қара телефонға жүгіреді, не керек, сөйтіп апа-сапа, алас-қапастары
шығады. Арақты кім серіксіз ішеді, менің де бөтелке достарым мол-ды.
Шетінен шанышқыда