майлау тойы жасалды; ерлі-зайыпты екеуі домбыра-ның егіз ішегі іспетті,
біріне-бірі үн қосып күн кешті; болмыс, өмір атты саусақ астында бірінен-
бірі бөлек, дара дыбыс қатқан күндері жоқ. Тұрмысты ғана
күйттеушілердің тілімен айтқанда бай емес, бар-ды: пәтер, машина, дача.
Осыған білік пен беделді үстегенде бұ қосақтың болмыс-тірлігіне қызығып,
тіпті күндеп қарау да айып болмас еді. Перзент дегенде – үш қыз –
әрқайсысы шаңқан шаттық, жасыл жарастық әкелді. Сөйтіп, осы үйде бес
жан тұрып жатты, бірінің табанына тас батса – бәрі ақсады, бірі ауырса –
бәрі сарнады, бір жұлдыздың бес тармағы секілді сәуле де бәріне бірдей,
тең тарады, бес бұтақты бәйтерек еді, кенет негізгі түпкі тамырды дерт
жайлады, біреуді тексерем деп өз күнәсінің үстінен шықты. Байқамай ашып
алды. Бұл секілді кездейсоқ жағдай кітапта жазылса сендірмес еді. Ал
өмірде... Жарайды басынан баяндайық.
Бірінші тарау
Қора шетіндегі қарақшы
Қатқыл... құмға тақағанда еңкейе-еңкейе кеп, қыртысты, қалың
шағылдардың астына кіріп жоғалады. Қыран биігінен қарағанға, бір шетін
суылдақ басқан алып қайрақ іспетті. Ал құм осы тұста ерек көтеріліп,
жарланып барып шорт қырқылады. Енді төрт-бес шақырымдай жердің
шөбі тым сұйық, табиғат байғұс не өсірерге білмей бас қатырып, ақыры
жалаңаш қалдырғандай: қатқылдың еркек, сіңбірік, ебелегі шағылға
жақындаған сайын сирей, қадаулана кеп бітеді, шағылдың қияқ, қаңбақ,
құмаршығы да шегініп қалған. Бір сөзбен, қатқыл, құм өсімдіктері бірінен-
бірі безіп, әрқайсысы өзінің өкше-ізіне қашқан дерсің. Жал-жал құла сары
сусылдақтың қолтық-қойнауын қуып тығылған жылтты, шоқ қияқтарды
кең тұсаулы ат қана табады...
Сол арада жалғыз жапырақ шеген қыстау бар. Ол алдындағы телегей
жазыққа сұғына кіріп тоқтаған, қысы-жазы желкесін құм басып жатады.
Сонау Қошалақты бір шетінен сүйретіп әкеп, дәл қоңырға жете бере әлі
бітіп, тарта алмай тұрып қалған тәрізді, жандәрмен күн алға, ашыққа
ұмтылады, құм одан сайын сусып мойынына құйылады, міне түседі. Шикі
тастан өріп шығарылған жырық мұржаның сыртқы жиегі айран
сорғалағандай ақ ала, басында ертеңді-кеш мысықтай тарғыл байғыз
отырады. Бір көргенге елсіз, тұл мекенге ұқсайтын. Бірақ... Кейде зілмәңке
үстінде сыңар тал гүлдей төбесі қызарып біреу тұрады. Онан басқа
қарасыннан: ескі шеген ауланың қатқыл жақ басындағы қарақшы: сырыққа
кигізе салған жыртық күртеше қысы-жазы жел өтінде жалбаң қағады.
І
– Шырақ жан-ай, кетесің ғой, кет енді. Бағың ашылғай дағы. Қайтейік,
қайтейін, «заманың түлкі екен, тазы боп шалып қал» деген сөз бар, қатар-
құрбыңнан қалма. Осы күні Құдайдың тылсымы қағазда көрінеді, өткенде
Барақ қайнағаға, астағы-пыралла, тіфі-тіфі, тие берсін жарықтығыма,
соған бет сипай барғанда естідім. Түу Заборыннан келген дөкей інстот
бітірмеген кісіні енді пішен бригат та қоймайды деді. Жоғарғы жақ солай
шешіпті. Сөйдегенін тап мына құлағыммен тыңдадым. Қағазыңа қара,
бізді, мені қайтесің,– кемпір бұ сөздерді күніге, орта есеппен, үш мәрте
қайталайтын. Ханшәйінің құлағын әбден сарсытып бітті. Әсіресе соңғы үш
айда «оқышы-оқының» астына алып жүр. Өзі қара танымайды. Сөйте тұра
қағаз, газет жыртығын тастамайды, қағып-сілкіп жаулығының арасына
қыстырады. Кеше тезек теріп кеткен. Көшкен жұрттан тапты ма, әлдене
кітаптың бір парағын әкелді. Бет жауын астында көп жатқанға ұқсайды:
сап-сары. Кемпір соны алдына, «мә, оқышы» дегенде Ханшәйі күліп
жіберген. Қазір кәрінің со қылығы есіне түсіп, сәл езу тартты. «Әй, шеше-
ай» деп, аяй, мүсіркей күрсінді. Шешесі бұл уақытта ауыз жапқан жоқ.
Кебісінің өкшесі тырп-тырп етіп, бір кіреді, бір шығады. Сөзді үстемелей
төгеді. – Мына шағыл жұтпаса біз, мен кімге керекпін? Бес жылдан кейін
келсең де, осы жерде түтін түтетіп, қоқып-соқып отыра берем. А-аа? Бес
жыл дедім бе? Астағыпіралла, ауызыма қайдағы сөз қайдан түседі? Хат
жазсаң, сүгіретіңді салып тұр. Сөйт, қағазыңды оқи алмағанмен сүгіретіңді
танимыз ғой. Сенен хат келген кезде ғой оқытып алатын, әлгі қаңғырған
жоқ іздеушілер де келмейді, өстіп қырсығады, өстеді олар. Ана айырды
аулаға шанша салшы, мал келсе бір жерлеріне кіріп кетіп, жазым қылар.
Солай істе, бар, шырағым, обалыңа қалмайық. Құдығы түскір де ескіріп
кетіпті. Суы көң татиды, кешегі жел де борап тастаған-ау шамасы. Үйдің
киізін қағып, бітеудің төріне жинап та алмадық. Сен кеткесін кім қол ұшын
береді?– Қыз мана, таңертең жиналған. Атты суарып әкеп тұсау, шідерін
түгендеді, тоқым, терлігін жөндеп, ер салғанша күн қызып кетті. Жүруге
жиналғалы жұма өтті, жеме-жемге жеткенде үзеңгіге аяғы салынбай-ақ
қойды. Әйтеуір бірдеңе бөгейді. Ауыз үйдегі екі басты тарғыл қоржынға
алғашқы күні тыққан тәуір көйлегінің бірін қайта киіп кірлетті. Жел-құздан
тасалап, аула ішіне тіккен төрт қанат қараша үйдің үзік-тозығын бүтіндеді.
Оның үстіне, кемпір де күніге бес-алты шаруаның атын атайды. Сылынып
тұрған жастық тыс, көрпенің түйіртпектеліп қалған жүні, ескі күпідегі
бұрнағы жылы үзіліп кеткен түйменің