лман
анадай жерге кеп бұларға шекесімен қарап біраз тұрды. Сонсоң ұзын құйрығын
сүйретіп, асықпай шоқ қияқты айналып, бой таса ғылды. Әнеу жақтан шыбын-
шіркейлі, от жерге жайылған сауын биелердің дамылсыз пысқырғаны естіледі. Ауада
бір түрлі, кісінің ұйқысын келтіретін зіл-салмақ бар. Күйген нанның исі шығады.
Құмға шейін қою, тоқ көрінеді. Шыбындар да отсыз өңірдің шыбындары құсап қай
жеріңе қонсам екен деп даңылдап мазаңды алмайды, отырар тұсын күні бұрын көздеп
кеп, үн жоқ, түн жоқ қона кетеді. Және бір-екі қаққанша ұшпайды, сәт сайын қоныс
жаңартып жату оңай ма, қонғасын біраз отырғысы келетін секілді... Бәр-бәрі паң,
тәкәппар, қысқасы бұл маңай бүкіл дүниеге манаурап, кірпік арасынан қарап жатқан
тәрізді.
– Бастамаймыз ба?
Сисенбайдың иегіне сақал біткелі бірінші боп айтқан сөзі. Көзі жуа аршып отырған
кісінің көзіндей жасаурап, кірпіктері жыпық-жыпық етті. Өз сөзінен өзі жасқанып,
ешкім қостамас деп қорықты.
– Иә, жиналды ғой бір шама.
– Ұрыста тұрыс жоқ.
– Бастаңдар!– Жұрт аттарынан жапырыла түседі. Орақтарын ортадағы өгіз
терісіндей алаңқайға тастайды. Біріне-бірі түскен темір үні құлаққа ап-ащы тиеді.
– Мына балғаның шыңы жоқ.
– Мә, мынан ал!
Біреу шалғысының үстінде құнжың-құнжың етеді. Шынымен, дайын келген біреу,
көкбет қатынның даусындай шаңқылдатып, орағын жаниды. Сатым білектей білеуімен
шалғы жүзін жайлап қана сырылдата сипайды. Алысырақтан қараған кісіге шаң
сүртіп тұрған сықылды. Өзгелерден оқшауырақ барып Ибрай да орағын жаныды. Оң
қолы, ағаш жонғандай шолтаң қағады. Темір мен темірдің, темір мен тастың арасынан
шыққан дыбыста не береке болсын: жаңағы ұйып тұрған жер ың-шың, шақыр-шұқыр
боп кетті. Ұйқы құшағындағы алып өңір ыңыранып, бір бүйіріне аунап түсіп, тісін
қайрап жатқан сықылды.
– Іске сәт, азаматтар!– Әжімгерей түйесінің бұйдасын сілкіп-сілкіп қалды. Қара
інген құлаған жар құсап опырыла шөкті. Үмешілер аң-таң. Қай жақтан кеп қалды?
Және... осы қартқа не жоқ, жатпай ма үйінде деген секілді мұндағылар бір-біріне
қарасып, біраз иық қиқаңдап, біраз ерін жыбырлап қалды. Сонсоң барып жапырлай
сәлем берді:
– Уа, іске келіңіз!
– Өзімізге де бір басшы керек еді!
– Шешемнің дені сау ма?
– Қара бала жігіт боп қалды ма?
– Жүрген жеріңіз тыныштық па?– Қыр елінің байырғы ұзақ-сонар аман-сауы.
– Той дегенде қу бас домалайды дейді ғой, шырақтарым, үме болады дегесін
орағымды алып жеткенім...– деп Әжекең түйенің бел жібіне қыстырған құлаш жарым
ағашты суырып алды. Көрпесін қайырып жіберіп, астынан шүберекке ораған орақты,
қалтасынан құрық темір, сына, қаталақты шығарып, балға-төстің қасына тастады.
– Сақтық қой, дұрыс-ау енді!
– Апырай десейші! Жығылып-сүрінгендей болсам қауып деген ғой...
– Біреуің шыңдай қой, көздерің жақсы...
– Мен шыңдап берейін!
– Қой, сен жүзін қалталап аласың!
– Маған берші!
– Жоқ, мен!..– Он жеті-он сегіз жасар бала жігіт лып етіп отыра қойды. Көз
ілеспейтін жылдам, епті қолдар Ибрай шылымын шегіп болғанша орақты саптап,
шыңдап үлгерді. Әркім шалғыны көріп жатыр:
– Шыңы қандай әдемі еді!
– Е, бұл шешесіне тартқан бала болды ғой, әкесіне тарт-са...
– Жоқ, екеуіне де емес, маған тартқан!
– Кімге тартса да маладес!
– Қиып шыңдайды екен!
– Балға қате тиген бір жері жоқ...
– Ата көрген жас солай болады...
...Жиырма шақты орақшы қалың шөпті қуалап жүре берді. Өрт сияқты, жолдағыны
жайпап, жалап барады. Әжімгерей ұзын, мата белбеумен белін орап, тас қып таңып
алған. Көйлекшең, дамбалшаң. Шүберектен ызып таққан мол ышқыр бауын қанша
жинаса да түсіп кете береді. Ырғала, сеніммен қимылдайды. Қою, биік қияқ орағаның
мойнына асыла құлайды. Құлаштап қайырған сайын «еһе, міне... міне, ұлым,
осылай»– деп күбірлеп қояды. Орақ ізі ғұмыры шөп өскен жерге ұсамайды, ақ аяң, ақ
құйқа. Қиғанының қыбы білінбейді. Анда-санда, шалғының ұшы сызып кететін болу
керек, топырақ бұрқ-бұрқ үркеді. Әлсін-әлсін қол басындай кішкене, жылтыр
қайрағымен орағын жостыртып тұрып жаниды. Сосын ентігеді. Ентіккен сайын қғ-аақ
түф деп түкіреді. Жаздық жеңіл, жұрын бөркін сыпырып ап, ауық-ауық ақ тұман
басын, қызыл теңбіл мойнын сүртінеді. Бөз көйлегінен екі иығының үсті, екі
жауырынының ортасы сұрқайланып көрінеді. Толық, қыңыр мойынын оң жағына сәл
бұрып апты. Мойны қатқан қасқыр құсап, басқа жаққа айналмайды, қарамайды.
Шашау, балауса қияқты шалғысының ұшымен түртіп құлатып, шеттеп жүрген
Еділхан:
– Ата, байқаңыз, шаршап қалмаңыз. Тұнық кісіге бірден қатты қимылдау қиын
болады, соғып тастайды,– деп ақыл айтты.
– Ештеңе етпес, шырақ, бір күндік қиындық қой!.. Сен не өзің, шаршатпай
шабылатын шалғы бола ма?
– Ата, кім көріп отыр... жаным ашып айтам да, қарайып арамызда жүрсеңіз болды
ғой. Колхоздың пішенін сіз көбейте алмайсыз бәрібір.– Еділхан үлкен кісіні шын
бейілімен аяп, ешкім естімейтіндей ғып ақырын айтты. Қарт шын ниетімен ренжіп,
таңдайын қақты. Үндемеді. Күн арқан бойы көтерілгенде үмешілер тынығуға
отырды.
– Мына шоқалды тегістеп тастау керек!
– О несі, шо