сағандай ащы түтінді қауып-қауып алып, ысы-ыс етеді... Тем-ақаң соңғы он
күн ішінде ауданнан екі хат алған... Алдыңғысы келгенде бұл Бесшоқы жақта
шаруашылықта жүрген-ді. Бюроға шақырыпты. Кешікті, бара алмай қалды. Енді
жиналып жатқанда екінші хат келді. Ол хатта: «келмей-ақ қойыңыз, хабар өзімізден
болар» депті. Ал, түсініп ал. Бүгін де, кеше таңертең кеткеннен оралып отырған беті.
Жолшыбай кеңсеге соқты. Оразғали пошташы әлі қайтпапты. Кеңседе бұған жаңа
хабар айтқан ішкім болмады. Енді жез шылапшынның түбіне отырып алып ойға
шомады. Екінші темекіні тартып, тұқылын лақтырып еді, бір кебісті аяқ барып
таптап, өшіріп тастады. Әйелінің қасында әлі тұрғаны есіне сонда түсіп:
– Бар, бара бер!– деп бұйырды.
Кешелі бері он шақты үйдің есігін ашты, он шақты үйден дәм татты. Бәрі де
малшылар. Бәрі де, Тем-ақа, Тем-ақа дегенімен бұрынғыдай емес. Көбінің өзіне,
Темірәлі басқармаға деген сенімі әлсірей бастағанын байқады. Түрлі адамдармен
сөйлесті. Бұрын сырттан айтатын сөздерін енді бетке айтуға да батылдары жетіп
қапты. Әсіресе, мал мал азығы хақында да батылдары жетіп қапты. Әсіресе, мал, мал
азығы хақында сөз қозғала қойса бұдан, Темірәліден бәрі білгіш, бәрі ақылды боп
шыға келеді. «Сенің осынша қойтан екеніңді баяғыдан бері нағып байқамағанбыз»
деп, өздеріне-өздері таң қалатын тәрізді... Кеше кешке Сары қойшының үйінен шәй
ішіп аттанды. Әншейінде: «ақылыңды айтшы», «қалай еткен жөн болады», «Өзіңе
жүгінейін» деп елпек қағатын кәрия аяқ астынан сыздап, «былай ету керек еді»,
«бұлай жасағанда олай болмайтын еді», «қап, ақылдаспаған екенсің»... Қысқасы, ол да
бұған, Темірәлі басқармаға ақыл үйретіп, бас қатырды. Қара шөп пен қияқ та біраз
сөз болды. Малдың өліміне, қалай да өзі, Темірәлі ғана кінәлі екен, ел ұғымында
солай. Бұл, Сары қартқа бір орайда:
– Сіз осы ақылдың бәрін былтыр осы уақытта неге айтпадыңыз?– деп шүйілді.
Сары бүкіл аузындағы жалғыз тісін сойдаңдатып, үңіреңдей күлді.
– Әй, әлі шикі екенсің ғой, шырағым... қайтейін... қыһы-қыһы-қыһы.– Тем-ақаң
дастарқанның шетін қайырып тастады да, шығып жүре берді. Өкпелеп шықты. Одан
жылқышы Мұсанікіне келді. Мұса құрақ ұшып қарсы алды. Бала құсап ұшып-қонып
бәйек болды да қалды. Әйелі қымыз сапырды. Өзі қымыз беріп отырып сыртқа тұра-
тұра жүгіреді. Мал дегенде жалғыз қара ешкісі бар-ды. Соны сойып, Тем-ақасына бас
тартпақ. Орнынан ұшып тұрған сайын Темірәлі иығынан басып, қайта отырғызады.
Қайта-қайта соямшы, соям деп, ешкінің құйрығындай шошаңдап мазаны алды.
– Ал, сойшы, ал, соя ғой! Немене!
Темірәлі мұны ыза боп айтты. Мұса бір сәтке дағдарып қалды. Сонсоң, дереу өзіне-
өзі кеп, жалма-жан басқа тақырыпқа көшті.
– Әлгі Сағынай деген мегежін, торай, бұзау, сілеусін, саршұнақ, ит, күшік, қоңыз...
Сіздің ақ дастарқаннан сүт жалап көзін ашқан мысықтың баласы... жылы қойынға
жұмыртқалаған жылан... Тем-ақаңа тіл тигізетін кім еді-ай ол! Бірінші, екінші,
үшінші, төртінші, бесінші... оныншы атаңның көріне сиейін! Темірәліге... менің
Темірәліме үріп жүрген қандай ит-ай өзі! Басын айырып берейін мен оның! Ойнаған
екен Мұсамен...– Мұса уықтың қарында қыстырулы тұрған алты өрме қамшыны ирең
еткізіп суырып кеп алды. Қамшыдан шикі қайыс сасып кетті. Майлаған майы әлі
сіңбепті: жаңадан өргізсе керек. Бүлдіргесін, алақанын ұстап көреді.
– Қан құстырам итке! Иттің күшігіне!
Мұсекең осыған ризасың ғой деген кісіше қонағына бір қарап, қамшыны орнына
қойды. Темірәлі кенет айқайлап кеп күлді. Біраздан бұлай күлген жоқ-ты. Көкірегі
ашылып, рақаттанып сала берді... Мұсадан шығып, Мәсәлімге келді. Ол үйден тағыда
қымыз ішті. Тем-ақаң астындағы шылапшынды құйрығымен түйіп-түйіп қойды.
Сорып отырған темекісін тістеп, қырқып алды.
– Тфу!
Мәсәлім Тем-ақаңмен жанбастап жатып сөйлесті.
– Қалай әлгі шаруаларыңды не істеп жатырсыңдар?
– ?
– Халықтың бабын табу қиын ғой.
– ?
– Айтпақшы, бұйраларыңа бардыңдар ма?
– ...
Мәсәлімнен, селкілдеп отырып көксау шалға келді. Көксау қой фермаларына кезек-
кезек түнгі қарауылшық болады. Өйткені, түнде бәрібір жөтел ұйықтатпайды. Ұлы
әскерде, хабарсыз. Келіні мен екі кішкене немересі бар. Темірәлі бұ қарттың үйіне кіре
бермейтін. Келсе шал қамшы өріп отыр екен. Күркілдеп отырып аман-сау алысты.
Келіні шәй қойды.
– Қарағым, Темірәлі,– Үһі, үһі-үһі,– біздің ел азаматтарын қазит жамандай
коймайтын еді,– бұл да бір уақыттағы,– үһі, үһі-үһі,– қайтесің енді, басқарма
болмасаң басқасы боларсың, түсіндіріп айта алатын жігітсің сөзіңді,– үһі, үһі-үһі-үһі-
үһі,– мына бір қамшысы түскірді бітіріп тастайын деп. Бала келіп қалса атқа мінбей
отырмайды ғой. Сенің Құдайға қараған адам екеніңді ішім сезеді. Мені кім
тыңдайды... Алланың әміріне не дауа, ақ боран соқты кеп, соқты кеп, аспаннан қар
емес пішен жауса да, бәрібір мал өлер еді, басып өлтірер еді,– үһі-үһі-үһі-үһі. Қарт
жөтел-жөтелдің арасында сөзді төгіп-ақ бағады. Бірақ жөтел де есесін жіберер емес.
– Ақсақал, қайтесіз оны... шәй ішейікші!
– Иә, қарағым, сөйтсек сөйтейік, үһі, үһі, үһі-үһі.
– Бұ сырқат қа