айланды. Енесі де құлын тәрізді бөрте-бурыл,
бірде-бір айыл жетпейтін шермік қарыны бар, есесіне өлердей сүтті, ылғи қорқырап
ұйықтап тұратын маубас жылқы; бірде бұл әкесінен:
– Әй көке, мына бие кімдікі? – деп сұрағаны есінде.
– Әжімгерей деген досым бар еді, сонікі ғой, сауынға алғам.
– Сиыр ше?
– О да сонікі, қызым.
Сол Әжімгерей деген жақсы кісі ұзамай мұның «Әтекесі» боп шықты... Ол түні ай
жарық болды. Әлі көз алдында: күйеу дегені – иығы қушиып, мойны қылқиып қалған
біреу. Астында үйдей ақ боз аты тайпала жорғалайды. Басында қара бұйра бөркі.
Кішкентай аяқтары аттың екі қабырғасында телтиіп жатыр. Бір кезде айқайлап ән
салды:
– Мұқиттың, аха-аау, салады енді, аа-айй, айдайына,
Бақ бергей, аха-ааау, ер жігіттің, ай маңдайына.
Бас құда Қуантай марқұм бұлар мінген түйенің басын жетектеп келеді. Күйеу
жолдасы осы Ғұмар, ол уақта жасы отыздар шамасында. Баққаны сөз, Құдай атқан
адам. Қуантай екеуі күбір-күбір сөйлесіп, күңк-күңк күледі. Садықжанның олармен ісі
жоқ, «Мұқиттың айдайын» бір рет айтып таусып, қайтадан, екінші рет бастайды.
– Мұқиттың, аха-аау, салады енді аа-ай, айдайына,
Бақ бергей, аха-ааау, ер жігіттің айй, маңдайына
Талабым тай жегендей бір бала едім
Зааманның тап болғамын, ай, дай-дай-ау қандайына
ахо-хооу – қандайына аа-ай, ау...
Қос құда арттарына әлсін-әлсін қайырылып, қарап қояды. Бұларға естіртпей әлдене
айтады. Сөздерінде сұмдық бір құпия сыр жатқанға ұсайды. Соны сөзген сайын
жүрегі аунап түсіп, алқымына тығылады. Тынып тыңдай қалады:
– Әй, Әжімгерей, азаматыңа болайын, қатын әперіп жатқан!– дейді Қуантай. Ғұмар:
– Иә, бұ бала енді. «Мұқиттың айдайына» салады ғой,– деп астарлайды. Екеуінің
сөзі де бұған ұнамайды, тікенше қадалады. Не деген бетсіз адамдар өздері! Бұл
қорланып жылап жібереді. Шешесі де тыңдап, аналардың көп сөздерін естіп келеді.
Біреу зар еңіреп келе жатқанда, мәз боп «Мұқиттың айдайын» айтқан ана баланы,
артында жырқ-жырқ күлген мына екі жексұрынды сөгіп, сөйлеп тастаудың орнына,
төсі дірілдеп, қосыла күле ме, қайтеді? Жаңа ғана егіліп отырған шешесі енді күледі.
Несіне жетісіп келеді екен! Бәлкім, жылағаны шығар? Қайырылып бетіне қарайды:
жоқ, рас күліп отыр. Күлгенде рақаттанып, қызықтай күлетін сықылды. Өзі өз
болғалы Кәмиләға бірінші рет мықтап өкпеледі. Шеше деген кісінің жан ашырлығы
осы болса Құдай береке берсін...
Көктемде қырықтық кескеннен қоңының жарасы әлі жазылмай жүрген қызыл тоқты
бір бұтаның көлеңкесіне жатып қапты:
– Тшу, ей, топалаң келгір, шәйт былай.
Қуып әкеліп топ қойға қосты.
Содан... Жат үйде өткен бірінші түннің өзі жылаудан басталды. Біреу күлсе өзіне,
өзінің түріне, кедейлігіне күлетін секілді, секем алып қалады. Сөйлесе бәрі осыған,
өзіне арналған сөз сияқты. Бұл келін боп түскесін екі-үш күннен кейін қызыл кемпір
сырттан ойбайлап, зарлай кірді:
– Құдайдың қара қасқалары, нағып отырсыңдар түге, торы байтал қазыққа
жарылып өліпті, ал, ал! Келіннің аяғынан...
– Қарыстыр жағыңды! Өлсе сүйретіп апарып көміп тастаңдар. Сасып кетпесін!–
Әжімгерей Қуантай қартпен әңгімелесіп отырған. Есік жаққа мойнын да бұрған жоқ.
Айтқаны әлгі. Келін тас-аяққа құйып алған шайын ұстаған күйі, қатты да қалды. Қолы
қалтырап, тас-табағы шайқалып кетті. Атасының сол сөзін бар, бай адамның
тасқындығы деп таныды. Сыртта білдей бір жылқы қазыққа жарылып жатса, ол:
сүйреп апарып көміп тастаңдар, сасып кетеді деп, тыжырынады. Асқан екен бұлар!
Жұртқа тышқақ лақтың өзі жарты ғұмар! Нағып жарылып қалды, не болды аяқ
астынан? «Келіннің аяғынан» деп қалды-ау кемпір! Бәсе, бұл жүрген жерде қырсық
бірге жүреді... Бағы қайдан ашылсын! Көкірегі өртеніп жүре берді. Ішіп отырғаны
шәй болмады, сұп-сұйық от боп шықты. Бәсе-ее! Қап! Неге ғана жарыла қойды иттің
малы! Торы байтал... Қап! Өзі құндыздай жылт-жылт ететін жеңілтек мал еді. Со
мінезі түбіне жеткен ғой шамасы! Мұғзима – Айбынның қызы, әрине, Әжімгерейдің
малын аяғысы келмейді. Дегенмен... малда не жазық бар?! Жарылғанымен қоймай
өліп қалғаны жарамады. Қап! Алда, ойбай-ай! Обал-ай! «Келіннің аяғынан» бәрін
өзінен көреді-ау енді. Келін о бастан тұйық, жалқы боп өсті. Күлсе, аузын, жыласа,
көзін жасыратын ұялшақтық келе-келе жасқаншақтыққа, ынжықтыққа айналып кетті.
Оған бәрі ұятсыз, бәрі дарақы, зорлықшыл көрінеді де тұрады. Өйткені, олар – артық
адамдар. Артық жан солай болмағанда қайтеді? Сөзімен, жүріс-тұрысымен
көрсетпегенде сол артықшылықтарын немен көрсетеді. Демек, олардікі дұрыс. Қаласа
– сөйлейді, күледі, кемітеді, кекетеді. Жатам десе, жатады, тұрам десе, тұрады.
Оларға Құдай байлық берген, мал бітірген! Мал да, сөз де, күлкі де – бәр-бәрі
өздерінікі. Ішкімнен сұрап, не тартып алған жоқ. Мінсе ат, ішсе ас, кисе киім бар.
Шаша ма, төге ме, тіпті, қазыққа жарғыза ма – өз еріктері. Бәріне де жетеді. Ондай
адамдар, өздері кем болу былай тұрсын, кем кісіні кешіре ме! Әрине, кешірмейді!
Осыған ұқсас ойлар келіннің іші-бауырын езіп, еңсесін көтертпейді. Не істесе де
жақпайтын, ұнамайтын секілді. Қалай а