еді.
– Қап, Тәңір-ай,– деді қарт сұлап жатқан жуан қайың соқаға таяп кеп, жаман
ырым болды-ау... Қап! Қап!–Қорашыл:
– Авоооу-уу, вап-вап- вап,– деді.
Сақал-Сатым адымдаңқырап барып, белдеуде қыстырулы тұрған ақ сапты күректі
алып келді. Күректің сабы ай сәулесінде жылт-жылт етеді. Қайың соқаны әуп деп
көтеріп бір иығына салды. Сонсоң батысқа қарай жүрді.
– Сатым-ау, осы ара жарар, көп алыстатпайық.
– Зат та етпес, Әжеке, күдіктенбеңіз, қазық құласа қайта қағылады та.– Иығындағы
соқаны жерге тастай салды. Соқа бір-екі аударылып түсіп барып, орныға қалды. Екі
алақанына алма-кезек түкіріп, күректі ұстады. Асықпай-саспай жер таңдады. Бір
нәрсесін түсіріп алған кісі құсап, әр жерге тұра ғап, аяғының астына үңіледі. Ақыры,
айдың жарығында қоңырайып көрінген бір жерді түрткілеп қаза бастады. Ұңғысына
дейін батырып бір күрек топырақ алды.
– Қазығыңыз енді құлай қоймас. Шым екен.
Үйден топ-топ жүгірісіп, қара бала мен кішкене сары қыз келді.
– Сәке, а Сәке!
– Ау, қалқам?
– Ат жаратамыз ба?
– Иә, айналайын.
– Қашан жаратамыз? Ертең бе?
– Жоқ, айналайын.
– Жетінші ноябрьге ме?
– Иә, айналайын.
Бала Сатым қазып атқан шұңқырдың түбіне үңіліп сәл тұрды. Сары қыз көкесінің о
жақ, бұ жағына шығып, бетіне жалтақ-жалтақ қарайды. Ағасынан кем қалуға бола ма,
ол да бір нәрсе сұрағысы келді. Тек... әттең, не сұрарын білсе ғой! «Идаят жақсы, өзі
мұндай емес, үлкен бала: атқа мінеді, «сақалды атамен» сөйлеседі. Оның не сұраса
еркі, өйткені есі бар. Бұл бірдеңе сұраса, көкесі, жауап берудің орнына не еркелетіп
маңдайынан сипап, құйрығынан қағады, не «бар, мамаңа бара ғой» деп, құтылғанша
асығады. Екі бала мөлтеңдеп әрі тұрды, бері тұрды. Үлкендердің қабағын таныған
соң, айдың жарығында көйлектері бозараңдап үйге кетті.
– Ау, шәй пісті ғой, шәй пісті.
Қарт кемпірінің дабысына мойнын бұрған жоқ. Екі қолын артына ұстап, әлдеқайда
қарайды. Ай қанша жарық еткенмен түнгі даладан іштеңе көріп тұрмаған сықылды.
Мына жағы қыстау шошақ, мына жағы, жаңа өздері отырған, ат қазықтан үш жүз
қадамдай жердегі құдық Шошақ. Олар да күндізгідей қызғылт сары емес, сұрқай,
көгіс көрінеді.
– Тем-ақаның ендігі халі не болады, естімедіңіз бе?
– Қайдан білейін, шырағым, бұйраға шақырғанына да екі жұмаға таяп қапты. Әлі
кеткен жоқ көрінеді ғой.
– ...Бүгінгі адамның достығы да қызық... Сағынайды айтам-ау... түф-түф.– Сатым
қолына түкіріп, қайың соқаны көтерді. Шіріп, мүж-мүж боп қалған бір басын
шұңқырға салды. Сонсоң анадай жерден күректеп суылдақ тасып, қазықтың түбіне
құйды. Ырғап көрді. Суылдақ шұқырдың ортан белінен келгесін қалғанын ылғал
топырақпен толтырды,
асықпай аяғымен таптады: топ-топ-топ.
– Тем-ақа... Сағынайжан... Құдай күнәңді кешпегір!..
...Кемпір үйде секер шағып отыр. Төрт бала төрт жақтан анталайды. Демігіп келген
үлкен сары самаурын үнсіз, сыздап қалыпты. Жұдырықтай шақпаққа секер қайшы
батар емес. Қай қырынан салса да, қисаң етіп тайып кетеді.
– Ой, адыра қал, адыра қалғыр!
Секер қайшыны қайталап салған сайын жағын малжаң-малжаң еткізеді. Өстіп
отырып, ақыры, бір шақпақ қантты шағып бітірді. Тас-табаққа салып дастарқанның
қақ ортасына ысырды. Мана құйып алған шәйінің бетіне шәй табақ төңкерді. Кішкене
сары қыз бір кесек секерді жымқыра қойды.
– Мама, деймін, мама, ананы қарашы! – Кемпір сүт салатын ағаш қасықты ала
ұмтылды. Сәби мойнын ішіне тарта қойды. Көзін бір жұмып, бір ашып жыпылық-
жыпылық етеді. Мамасы ұмсынғаны болмаса ұрған жоқ,
– Қап, зекетің ғана кетейін-ай, ұрмаймын шыбыным. Жасқаншақ болып өсесің-ау
енді,– деп қызына бір тістем қант берді. Тізесіне жатқызып, желкесін сипады.
– Қайда жүр әлгі? Құдайдың қара қасқасы!
Отырған орнында кіжініп, қозғалақтап қойды.
– Ау, қарт-ау, шай суып кетті ғой!
Ана екеуі күбір-күбір сөйлесіп, оң жақты айналып, есікке беттеп келе жатты.
* * *
Түсе қап атын қаңтарды. Ер қасына шумақтап ілген шылбырдың ұшымен аяғын
тұсады. Атының жалына, жер сызған шашасына қадалып біраз тұрды. Гармонь ғып
бүктеген газеттің сиырдың тіліндей бір бетін жыртып алды.
– Үф! Үфі!
– Шалап!
– Шалап деймін!
Әйелі үйден апрель аспанындай ірмек-ірмек айран шалап әкеп ұсынды. Темірәлі
аяқты басына бір-ақ төңкерді. Әйел аяқты үйге апарып тастап қайта шықты. Белдеу-
арқаннан ұстап, үйге сүйеніп тұрып алды. Басқарма қара темекіні сорып отыр. Сорған
сайын екі ұрты үңірейіп, ішіне кіріп кетеді. Йодқа малып алғандай сап-сары
бармағымен мұртының екі шалғысын кезек-кезек сипап қояды. Ірі, қара темекіден
шытыр-шытыр ұшқын ұшады. Бірақ жылты көрінбейді. Шылымның аузына салған
жағын қыршып, тістеп лақтырып жіберді.
– Тфу!
Әлдекімнің бегіне түкіргендей ызалана түкірді. Темекісі тез бітті. Жандырып,
тартып тауысқан жоқ, жұлып, тістеп бітірді.
– Дем алсайшы.
Әйелінің даусы бәсең, жасқана шықты. Манадан бері тұрғандағы айтқаны. Осының
өзін артық айтып қойған жоқпын ба деп қыпылдап, қыбыжықтап қалды.
Абұйыр болғанда, ері мән берген жоқ. Екінші ораған темекісін тұтатып әуре. Ыссы
бөтеке а