шан жабысты? Емделмейсіз бе?
– Өй, шырағым-ай, несіне әуре болам, жетпістің тоғызына шығып отырмын.
Көксау шалдың аты Жағыпар екенін ілуде біреу ғана біледі. Ал, оның жөтелсіз
күнін ішкім де білмейді. Кәсібі де кісі қызығарлық емес: күндіз айыл ызады, қамшы
өреді, жө-теледі. Түнде қысы-жазы қой, қора күзетеді, жөтеледі, Бар күн көрісі,
тіршілігі осы. Көксаулығына қарамай: «қай пайғамбарым, бір пайғамбарым
пайғамбарлық құрарда Алла тағалаға былай депті» деп бастағанда, пайғамбар
атаулыны өз қолымен қойғандай сөйлейді. Және көп сөйлейді. Тегінде сақау, не кекеш
адам сөйлегенде, сөйлеушіден бұрын тыңдаушы қиналады ғой. Осы Жағыпар әңгіме
айтқанда да жұрт сөйтеді. Біреуді қиқылдатып қойып, рақаттанып, әңгімесін тыңдап
отыру – кімге жәйлі дейсіз. Содан да жұрттың бәрі сөзшең қарттың әңгімесіне
қызыққанмен, айтпағанын тәуір көреді. Тыңдаушысынан ондай пиғылды сезген сайын
Жәкең өрши түседі. Көбіне әңгімесін балаларға айтады. Балалар үшін атаның әңгімесі
де, жөтелі де қызық. Өзі үлкен кісіге жөтелудің қаншалықты күшке тиетінін олар
түсінбейді. Көксауға олардың сол түсінбегені қатты ұнайды. Қарт қойдың екі үлкен
асығын шіге жағымен беттестіріп, жаңа өрген қамшысын сол екеуінін арасынан
өткізеді... Келіні дастарқан жайып, шай құралдайды.
– Қамшыны асықпен ысқылағаныңыз қалай, отағасы?
– Е, бұл өрімнің кірігуіне жақсы. Жымдасып қалады, үһі-үһі-үһі-үһі, әрі жас
жігіттер аттың, қатынның, қамшының сыптығырын қалайды, үһі-үһі.– Тас-аяқ жазып
отырған сыптығыр ақ сұр келіншек атасының сөзін ұнатпай, қабағын шытты.
Сонысына өзі қызарып кетті.
– Ләтипа, қарағым, шайыңды қызарта құй, енді қалған ғұмырымда маған мұндай
қонақ келе ме, жоқ па, үһі-һі-һі, Алла біледі ғой.
Темірәлі басын шайқады. Темекі тұқылын етігінің тұмсығымен езгілеп өшірді.
Шылым-дорбасына қайыра қол салды, Ештеңе ілінбеді. Тігіс-тігістің арасында қалған
қиқым-сиқымды екі саусағымен шымшып алып шықты: тым аз. Орап тартуға
жарамайды екен. Шашып кеп жіберді. Шашылып жатқан темекі тұқылынан көз
тұнады... Басқарма қарапайым жұртқа қатты сенетін. Өзін елге жағымды, жәйлі адам
есептейтін. Бұл орнынан түсе қалса көп адам жоқтайтын, қимайтын секілді көретін-ді.
Кешеден бергі аңғарғаны соның бәрін өтірікке сайытты. Елге кім келсе де, бәрібір
үйренісе, түсінісе беретін сықылданды. Жанына батқан осы болды. Жұртқа бұл жақсы
адам, азамат ретінде емес, басқарма, тек қана басқарма ретінде беделді, сол үшін ғана
сыйлы екенін ұқты.– «Жұмысын тапсырам, ақылдымсып қыртып жүр ғой, сол-ақ
істесін». Орнынан жұлқына тұрды, күн екіндіге таяп қапты. Қораның үстіне екі ала
сауысқан қонды. Тұмсықтарымен бірдеңе шоқыған сайын құйрықтары шошаң-шошаң
етеді. Шұқынып-шұқынып алады да, шықылықтайды кеп! Әйелі самаурынды үйге
кіргізіп тастап, қайта шыққан:
– Ақ шақыр!
Ел ұғымында сауысқан шақырса, жаңа бір хабар болады-мыс.
– Атаңның басы! Ат қайда?
Әйел мөлтең-мөлтең етті:
– Жіберіп қойып едім.
– Алып кел!
Дайын тұрған шайға қарамастан атқа тақым артты. Әйел сандықтан бір кірешкі
қара темекі алып берді.
– Қайда кеттің?
Ері жауап қатудың орнына аттандырып тұрған әйелінің бетіне түнере бір қарады
да, Қанішкен жолына түсіп кете барды. Тем-ақаң атқа отырарда үркіп ұшқан
сауысқандар қораның үстіне қайтып келді. Бір сүйем жерге секіріп қонып, шұнаң-
шұнаң етіседі.
– Ақ шақыр! Жақсы хабар болса тағы шақыр!
Әйел есік алдында сілейіп тұрып қалды. Кенет, жерден бір уыс топырақ алып,
сауысқандарға қарай шашып кеп жіберді де үйге кірді.
10
Сұлы мұрты тікірейіп, тікендеп кеткен. Бір қатты жел болса дәнінің бәрі сау ете
қалғалы тұр. Алтай мен Тереңқұдық арасындағы үлкен аңғардың қияғын қосаяқтан
бөтен ешкім қиған жоқ-ты. Қазірде сол ара сап-сары боп кілкіп көрінеді. Сары
болғанда шикі, жез сары емес, егде мыс сары. Әнеугі, басқарма мүшелерінің бас
қосқан мәжілісінде осы маңға үме салуды ұйғарған. Бүгін, боз торғай шырылдағаннан
бастап, тақымдарына бір-бір орақ қыстырған аттылар тұс-тұстан ағыла бастады. Ел
түнде ғана көшіп қонған Сейсімет қосының алдында жиналып жатыр. Біреулері
атының ерін алып, шөпке жіберіпті. Енді біреулер жаздайлыққа орақ көрмеген
шабындықты тамашалап, айналаға сұқтана қарайды. Тақымдарына қыстырған шалғы
жаңа шашырап келе жатқан күн нұрына шағылып, жалт-жұлт етеді. Айнала өз
буына өзі пісіп, ісініп, жарыла жаздайды. Соқыр тышқанға шейін сұр түгі жылтылдап,
тасып кеткені сонша, інінің аузында отырып алып, «беті-қолын» мысықша жуады.
Жел болмаса да құлыбас анда-санда ыңырсып, баяу ғана қозғалады. Бірыңғай
сарғыш ақ көбелектер, жемсауы толған қыранша ауырлап, жалқау ұшады. Қонғанда
да кез келген шөпке қонбайды, таңдап, талғап қонады. Сұлының жеңіл, жібек тозаңы
будыр-ай қалады. Сақал-Сатымның дәл үзеңгі тұсындағы бір тал қияқтың басына сұқ
саусақтай сары ала құрт бүктетіле ұмтылып әрең шықты, тұмсығын олай бір, бұлай
бір созып көріп, мұрынын шүйірген сияқтанды. Сатымның есіне Қуантай қарттың:
«Әрбір құрт өзін аждаһа санайды» деген сөзі түсіп, жымиып қойды. Бір атжа