летін қалың шөп үзеңгіні қағып жүргізбейді. Сейсімет айналасына
қарады: Шоқал, шоқ жыңғылдар қойнына құпия тыққандай қарауытып көрінді.
Шегіртке үздіксіз шырылдайды. Төбеден сусылдап әлденендей құс ұшып өтті. Оң
жағынан, таяқ тастамдай жерден бірдеңе ағараңдап тұра қашты. Бөрте пәлендей мән
берген жоқ, Сейсімет селк етті, «біссімілдә» деді. Аты інге аяғын тығып ап, сүрініп
кетті. Одан тағы сүрінді. Тағы... соңғысында Сейсімет ұшып кете жаздады. Қараңғыда
жолсыз жермен қатты жүрудің қауіп екенін түсініп, желісті қойып, аяңға ауысты.
Аяңның да өзінше қолайсыздығы болды: шегірткенің шырылы мен бұтаның
сыбдырынан өзге дыбысы жоқ түнгі далада Сейсімет сықылды кісінің жападан-
жалғыз, әрі аяңмен жүруі әлдеқайда тығылып, бұғып жатқан шайтан-жынды қытықтап
ән бастады:
Той айғи тоқпақ жалды, тоғайда бай,
Қыздайдың ең көйкемі, әй, ноғайда бай.
Өз даусы өз құлағына әрең жетті. Бір түрлі алыс, әрі жат естілді. Егер үннің түр-
түсі болса, Сейсіметтің қазіргісін ақ та, қара да, қызыл да, көк те емес, бірақ сол
түстердің бәрі қосылған тарғыл-шұбар, тарғыл-бажақ дел бағалауға болар. Өэ
құлағына өзі сенбей даусын тағы көтерді: Оһоу-у-у, һе-һе-һе тойы айғи... алайын деген
дыбысы ауытқып ұстатпайды, дәл бастырмайды. Содан да үні қыли, шапыраш
шығады. Жарықшақ та болса, дауыс қой, әйтеуір үндемегеннен тәуір: әнді тағы бір
қайырды. Тағы бір... Қанша қайырса да өз әні өзіне ес болып, серік болып
жарытпады. Қайта үрей әкелді.
...Сол түні ол түнімен адасты.
...Қанша адасып, қанша шарлағанмен бір Қошалақ қой, оның да жері-шегі бітіп,
таң әбден атқан кезде Сейсімет үйіне келді. Мәруә түнде көмген отын ашып, үстіне
жылқы тезегін үгіп салып жатқан. Атынан домалай түсіп, емпеңдеп келе жатқан ерінің
сүдінін көріп:
– Не болды, жайшылық па? – деп, шошына сұрады.
– Мәйуәжан, ақсайбас Құдайың бай, садақа-ниязың бай, ата-бабаның әйуағына
сиынып тиі жеттім, ақсайбас, ақсайбас! Күйеуінің сыры өзіне мәлім келіншек күліп
жіберді...
9
Сол күні тағы бір кішкентай оқиға болды. Сейсімет төсегіне күн шығар алдында
ғана жатқан-ды. Содан сиыр сәскеде Мәруә әрең оятып алды. Мәруә Мәруәлығынан
оятты: Әуелі жұлқылады, сосын қолына түскен жерінің бәрін бұрап шымши бастады...
Осындай қиындықпен оянған Сейсімет төсегінде мәңгіріп, есін жия алмай
бірсыпыра отырды. Түннің ұйқысы сәскеге қайдан қансын! Сол, ұйқы шалалықтан
ертеңгі «Упиаждениені» де шала жасады. Соңғы кезде онсыз да ұмытыла, ескіре
бастаған әскер тәртібі бұл күні тіпті нашар, немқұрайды орындалды: екі қолын есікке
қарай екі-үш рет созып, төбеге қарап аузын ашып бір-ақ рет есінеумен бітті.
Орақшылардың артынан шықты. Күн әжептәуір ысып қалған-ды. Соған қарамастан
Талшын шындап дайындап қойған орағын ала қара шөп араласып, қойыла бастаған
қияқты аудара жөнелді. Мұқалып, әит-бүйт дегенше, жапырылып үлгерген орағының
жүзін жануға да уақытын қимай қатты қимылдады. Әдетте, пішен шабу, қи ою, құдық
қазу сықылды ауыр жұмыстарға бұрын шыққандар, артта қалып, кейін келгендерді
жаратпайды ғой. Өйткені, арттағы адам келгенше, олар, құрығанда, борша-боршасы
шығып терлеп, әйтпесе мүлде шаршап, болдырып үлгіреді. Соңынан келген кісі
орындалған істің рақат-зейнетін алдыңғылармен тең бөлісу үшін ғана келген жан
сияқтанады. Сиыр сәскеге шейін ұялмай ұйықтап тұрған звено-бастыққа басқа
орақшылар да сондай көзбен қарады, Сейсімет қара қызметті жалқы да, көппен бірге
де мықтап істеген кісі-тін. Сондықтан серіктерінің жүзіндегі реніш-кейісті, қаншама
аңғал болса да, аңғармай қала алмады. Солай, тыныссыз қимылдап талай шоқалды
аударғаннан кейін де жұрттың жүзіндегі кірбің айықпай қойды. Анау орақшылар ол
келгелі де бірнеше рет орақтарын жаныды, шылым тартатындары бірнеше рет
шылым тартты. Әр жұмыстың өзінің демалыс, тыныс сылтаулары болады. Пішеннің
сылтауы – орақ жану-тын. Сол сылтаудың арқасында, Еділхан іспетті ғұмыры
орағының жүзі қайтпайтындардың өзі уақыт өткізіп, тынымдап оңып қалатын. Шоқал
артына түсіп қайту тәрізді мұқтаждарына мұндай уақытты Сейсіметтен өңге ешкім
қимайды. Әсіресе әйелдер мен Еділханның зауқы қайда бір қалыңға, суыттыққа кіре
бергенде шабады. Ондайда орақтарын тастай береді де, шоқал-шоқалды айналып
тартып отырады. Әй, сен қайда барасың деп ешкім айта алмайды. Кейбіреулердің
шоқал аралауы, тіпті жиілеп кетеді. Жаңа ғана бардың ғой, жетпей ме енді деуге тағы
ауыз бармайды. Міне, қазір де Талшынның жанындағы екі әйел арттарына қарап-
қарап қойып, қыр асып барады. Қарама-қарсы бағытқа Еділхан кетті. Ибрай
шоқалдың көлеңкесінде балға-төсті тықылдатып отыр. Балғасының анда-санда бір
соғылуына қарағанда, сірә ол да уақыт өткізіп отырса керек. Талшын орақ
қаталағына жұққан көк шөптің бояуын шұқылайды. Қайнысы жаққа қайта-қайта
жалтақтайды. Бірдеңе деп тастайтын сықылды. Өйткені, Сейсімет жұмыс бабында
басқаларға айта алмаған сөзін өзімсініп жеңгесіне айтатын, ұрысса алдымен сөз
еститін осы Талшын. Сондықтан ананың қашан орағы сынғанша тоқтамасын сезіп
Ибрайға қарап еді, Ибрай қапелімде қозғалатын кісі көрінбеді