Жұмекен өмірде де, өнерде де енбектің, ерліктің небір көкесін көрсетті.
Қарағанды қаласының шахтерлері 1955 жылдың қыркүйегінде Қазақстан жастарына үндеу тастап, көмір өндіруге шақырғанда Жұмекен де алғашқылардың бірі болып 16 қыркүйекте «Лениншіл Жас» газеті арқылы «Шахтаға мен де барамын» деген өлеңімен:
«Ежелгі менің арманым-
Шахтер боп шығу болатын.
Қыялмен шарлап лаваны
Жүрекке шаттық толатын.
Қолымда міне, жолдама,
Жарқ етті сол бір арманым.
Тұрыңдар, достар қатарға».
Шахтаға мен де барамын - деп үн қосып, Қарағанды қаласына аттанды. Ақын шабыты суреткерлік қасиетіне қанат бітіріп қиялмен лаваны шарлап кеткен. Әлі шахтаға түспеген. Лаваны көрмеген. Алайда, айна қатесіз дәл сурет.
Жұмекеннің бұл шешімі саналы, ойлы аттаныс еді. Алматыда мұғалімдер институтының филология факультетіне түсем деген тұста, пендешіліктің қызғанышы шығармасына сия болып құйылып, бұлақтың құтырынған толқынынан қос алақан сумен шөлін басарын кім болжапты. Ауылда анасы мен әжесінен басқа сүйенері қалмаған, қалтасында көк тиын көрінбейді, бұл енді қайда бармақ, не амал қылмақ. Ой арпалысында отырып, қолына Қошалақтан ала шыққан қоңыр домбырасын қай мезетте алғанын өзі де сезген емес. Бұның ту сыртынан, таңқалып, қазақтың небір күйін, қала ішінде, бұлақ басында үйсіз-күйсіз, үнсіз үзілдіріп, пернелерге сыр шерткізген жас жігіттен естимін деп ойламаған Ғұбайдолла Ержановты да байқамапты. Өзі бұлақ суына қанып, жаңа танысы бұның сырына қанығып болған соң жаңағы шешімге келген еді. Ең дұрысы осы дегенге екеуі де тоқталды. Көкесі Нәжімеденнің жас қабіріне шағыл құмның себілгеніне де көп уақыт өтпеген. Төрт жасынан жетім қалып, соғыстан бұрын болған өз әкесі Сабыреддин қабірін құшып жылай да алмады. Қарт Нәжімеден қара інгенге жүгін артып, қартайғанда жақын- жуық жағалап, қайын жұртты қуалап Қошалақтан ірге аударғанда Жұмекен қатты қиналды. Көкесі де ырым қылып белбеуіне бір уыс құм түйіп ап, көзбен де емес, сақалымен төкті жас. Көкесінің немере ұлына бұл ірге аударуы қатты соққы болды. Қолында бар биігіне көтеріп өсірген атасымен айырылу қабырғасын қақырата сөккенмен бірдей болды. Көкесі өзін 1955 жылдың 19 маусымында қоштасуға шақырғанында, ат-матқа қарамай жаяу, жалаң аяқ, жан ұшырып жетті ұлы әкесіне. Өкпесі өшсе де, өкініш - өкпесі жоқ еді бабасына. Әлемге әкелген әкесіне ұланыңмын, ұлыңмын мен сенің деп ұмтылды. Оның бертінде жарияланған «бар қазақ, өткен өмір аталғанның, бурыл сақалдардың менің әкем» деген өлеңі атасынан айырылғанда туған сезім-ойдан келді.
Туған топыраққа табан тіреу, табалдырықтан танбау сол қабірдің басында серт болып құйылды жас жүрекке:
«Көке, енді сен де кешір.
Өзіңе ұқсап мен де жұртқа сыйлы өстім,
Мен де сүйем топырағымды,
Бірақ сенше сүймеспін:
Қоныс іздеп көше алмаспын сен құсап,
Топырағымды белбеуіме түймеспін».
Жұмекеннің проза ауылына бұрылып, роман, повесть жазуының бір сыры өзінің атасы Нәжімеденге деген махаббатында жатыр. «Көке енді сен де кешір» деген сөз қимағандықтан туған жан айғайы. Кезінде жеткізе алмаған бала махаббаттан жаратылған ересек ердің сөзі. Әкесі Сабыреддин соғысқа кеткенде Жұмекен төрт жасынан атасының тәрбиесінде болды.
«Кетті әкелер майданға!..
Бір қарасам, он бір жасар қарт боппын,
Арасында мені аяған көп қарттың...».
Қошалақтың қара домалақ қарт баласы. Соғыс әкелген қасірет, аяныш. Жұмекен тұйықтығы ерте есею мен бірге аянышты кездерде аяуға да бата алмаудан туған мінез болар. Табиғи мінезі емес, уақыт пен тағдыр таңған мінез. Іштегі аяушылық атты ұлы сезімнің телегей теңіздей төгілуін ұстап тұрған тосқауыл. Жанартаудай ақтарылуға, атқылауға тежеуіш болған аяулысын аямау. Мұқалту, жығу. Бәз баяғы поэзияның қас жауы - пендешілік. Ретін, тетігін тауып ағытып жібергенде не болар еді. Екі жұдырығын түйіп жүру әдеті адамдарды аяп көмек жасауға даярлықтың белгісі ме? Санадан туған махаббат пен аяушылықты арқалаған ақын жүгі жұдырық пен жүрекке жиналғандай. Қаталдық пен қорлауды қатар көрген, көтерген қарт бала жұдырығы жазылып, жүрегі жарылып кетті...
Атасы жалғыз ұл немересін өз ұлынан артық өсірді. Жалғызын жауға сала алмады. Өзінің бұл тіршілікте дәм- тұзы таусылғанын сезді ме, әйтеуір Жұмекенін мына қатал тіршілік- заман заңынан қорғап, сақтап қалуды ойлады. Қам жасады. Жұмекен ДОСАФ-та (Әскер мен флотқа еркін ықпал ету қоғамы) оқып жүрген кезінде атасы Нәжімеден оған әскери билет алып береді. Әскер қатарында болды деген. Сүйікті ұлына соңғы сағатында сыйлаған сыйы сыйлы адамның. Қолынан бар келгені. Қажет санағаны. Оны біз Жұмекеннің шахтада толтырылған, осы жинаққа енгізіліп отырған жеке құжаты арқылы анықтадық. Әскери есеп бойынша мамандығы нөмір 133 деп көрсетілген. Қатардағы жауынгер. Есеп категориясы – екінші. Сталин аудандық әскери комиссариатында тіркелген. Бұдан Жұмекенде әскери билет болған деген тұжырым шығады. Жұмекенді әскери борышын өтемеді, әскер қатарына шақырылудан жалтарды деп кінәлуға болады ма? Әрине, жоқ. Себебі, бұндай шешімді атасы қабылдады. Әскери би