алатынына сенбей, шығып, тарап кеткен әндерін бойына, болмысына
сыйғыза алмай да талай азап шекті. Жазғандарын жасырып та, оған мән бермей де
байқады. Бәрібір ештеңе өнбеді. Ән жазыла берді. Сонсоң бір уақ абырой, атақ
аңсады. Бірақ ешқашан атақты адамдарды басып озудан үміт еткен емес, тек
солардай боламын деп қиялданды. Оның өзін тым артық, асылық санаған, кейін
артық ойлап, асылық армандауға әбден үйреніп, еті өліп алды. Одан да тез айныды.
Бір мерзім атақтан, ырду-дырдудан қашып, бетінде шіркеуі бар кісідей бұғып,
тасаланып та көрді. Әуелі өзінің атағынан ұялған, сонсоң, әрине, кешегі емтиханға
жіберілмегеннен бері сол атағы өнерінің дақпыртымен қоса таралуы мүмкін
жаманатынан қорықты. Ішкіш, әйел жіберген тұрақсыз деген лақапты жұрт бұрын
да айтатын. Бұрын да асып кетті, тасып кетті секілді алып-қашпалар көп-ті. Қазір
көкірек, ешкімді менсінбейді деген сөз жайылды. Алдыңғысының ешқайсысына
сенбеп еді, кейінгісіне бірден иланып қалды. Осыдан екі жарым, үш жылдай бұрын
Кемел айтқан бір сөз бар-ды. Рас болғаны ма? Қанша әулие болғанмен көпшілік
пейілінен үстем, одан биік көтеріле алмайтынын ұғынбайтын кеще емес-ті.
Тәкаппар? Осы минутта жалаңаш денесіне шоқ басып алғандай ыршып түсті.
Тізесінде көлденең жатқан домбыраны төсек үстіне алып ұрып, қол жуатын
бөлмедегі айнаның алдына кеп тоқтады. Әуелі тұмсығын көтерді, сосын екі бүйірін
таянып, қабағын түйді. Қанша қарап, бет-жүзінен зіл, зәр таппады. Осы бір
бейкүнә, бала бейне мен тәкаппарлық атты ерсі, көзтүрткі ұғымның арасында
қандай қатыс бар? Онсыз да ешбір профильге жарамайтын қырсыз, тәмпіш
мұрыны тым ажарсыз секілденеді. Қабақ түю мүлде жараспайды, екі қалқан
құлақты бері, бетке шығарып тұр. Мына сүдіннен бірдеңе шығаруға болса, ол –
өнер. Бірақ...
Кісі өзінде жоқ қасиетті иемденуге құмар ғой, Садықжановты біреу қу атаса,
бір жағынан «қой, қойлап» қызарақтағанмен, Абайдың кейіпкері сын-ды, ар жағы
қалап, тілеп тұратындай еді. Ал, тәкаппар, көкірек деген ұғымдардан шынымен
қорқуы өзі түгіл қазіргінің, адам психологиясының құпия, қалтарысын
қалтасындағы тиын-тебеніндей сылдырата санайтын сыншылардың өзіне мәлімсіз
жай-тын. «Мына жерден бір... кездесіп қалғанымызды ырымдап жіберсек қайтеді?»,
«Сізбен көріскенімізге қуаныштымыз». Ішістің алғысөзі көбіне осы тектес боп
келеді. Өзі кішіпейіл, қарапайым жігіт, еріп жүре береді. Біреу ауыртқан басты
екінші біреу жазады. Талант, сүйікті композитор. Оның үстіне Идаят дастарқан
басында кішік, жақсы отыратын. Бар қимыл, қабағымен: «міне, мен де сенің
өзіңдей, ешқандай артықшылық, не бөтендігім жоқ» дегенді, кімге болсын,
аңғартып бағады. «Қала өздеріңдікі ғой, қайда тоқтаушы еді, әлгі ала қабырғалы
алдауыш машина? Уақыт жоқ? Қой, қалқам, біз өзіңе тілекші адамдармыз, бөтен
ниетіміз болмайды. Ауылға жаман ағаң мақтанып қайтсын. Рақмет? Қазақ рақметті,
айналайын, астан кейін айтады. Біз көп оқымаған кісілерміз, рақметің көп боп,
сиғыза алмай жүрсең әлгі әписаңкі ме, немене еді, соған айт». Садықжанов бейтаныс
кісімен отыруға қанша қысылғанымен, ақыры, амал жоқ, көніп құтылады. «Сау
бол, көп жаса! Жеңгең ғой сенімен дастархандас болдым десем сенбей сорымды
қайнатады? Мына бір бетке бірдеңе жазып, қолыңды қоя салшы, айналайын.
Сақпан деген құрдасым бар, өзі нағыз екі аяқты ит, көптен есем кетіп жүр еді.
Сенімен бірге отырып осылай сұқпаттасқаныма ол өлсе иланбайды. Соған да көз
қыр болсын, қалқам, жаза сал бірер сөз. Итті бір қатырайын. Қане, не жаздың?
«Жеңеше, ағама сене гөріңіз. Идаят Садықжанов». Бітті, болды, ха-ха, аз, бірақ
мағыналы, мұның ішіне бәрі сияды. «Жеңеше, ағама сене гөріңіз». Әй, маладес,
айналайын, әписәңкі, девушка, әписәңкі, ха-ха, қатырайын бір»... Мұндай кездейсоқ
қонақтықтан шыққан сайын Садықжанов көрінгеннің алдында «бір... кішкене бөсіп
қалып» деп ырсаң қағатын. Өстіп айтса ішкен кінәсі жеңілдейтін сияқты еді.
Күндер осылай өтіп бара жатқан. Неткен кішіпейіл, неткен қарапайым азамат!
Композиторға осынысын – жұртты риза еткенін сезіну бақыт, кез-келген бұрышта,
кез-келген қазақтың ұстап ап, қонақ ететініне де ол мақтанбайды, қуанады.
Алғашқыда мұндай, күтпеген қонақасыдан мас боп қайтқан сайын, әлдекімге естен
кетпес жақсылық жасағандай рақат сезіммен оралатын, қазір әлдебір ауыр
қылмысты кісіні ақылсыздық, не көңілшектікпен жазалау орнына ақтап жіберген
судьядай өзін кінәлі сезінетін сырқауға шалдықты. Көз шалымы соншалықты
тарылып, аяқ жолын көретін ғана дәрежеде қайтқан бір сәтте ендігәрі көшеден
ішпеске ниет бекіткен. Бірақ ертеңіне тағы біреумен ішіп тұрды. Жұртты бұ да
сыйлады, бұ да қошаметтеді. Бәрібір, ақша кімнен шықса да – ауыратын өзінің
басы, бірте-бірте қуат, қабілетін азайта берді. Әуелінде арақ бір түрлі қызу, шабыт
қосатын тәрізденген, кейін миын мыңғыдай ғып, қарынын күйдірді. Жиі-жиі
құлағына үн боп еріп құйылатын дүние бірте-бірте бастапқы прозалық күйге –
тасқа, ағашқа, суға, темірге айналып, әр қайсы өз орнына шегініп қалған тәрізденді.
Соңғы жұмада бірде бір торғай шырылдамаған сияқты...