Неге? Кім біледі, әйтеуір солай. Ал өзінің екі әнін жұрт бірден мойындап шулай
жөнелгенде қатты таңданған. Ол ондай бақытты армандаған да емес-ті. Қалай тез
көрінді? Енді не болар екен? Идаят алғашында осылай толқыды, тіпті қайсыбір
сәттерде көкірегін тыншытып, көзін тоқтатар дәнеңе таппай, аласұрып еді. Осы
жолы сол тапқан абырой-атағының жемісін тере келген-ді. Алғаш танығаны әлгі
пейіл, әлгі түсінік. Жас жігіттің алабұртқан көкірегі дереу басылып сабасына
қайтты.
Зілмағамбет екі шекесімен қарақұсында қалған бір-бір шөкім шашты олай бір,
бұлай бір жапырып, быртық, майлы алақанымен жүріп өтті. Сонсоң:
– Қара бала, қығқ-қығқ, тамақ ал, ас ал,– күлетін ештеңе жоқ екенін жаңа
байқағандай, кенет тиыла қойып, аласы көп үлкен көздерімен айнала үрке қарап,–
бала атағанға өкпелеп қалма,– деп қосты.
– Қара дегенге өкпелеме деп айтпаймыз, а, Зілақа?
Терезе сыртындағы қараңғылық қоюлана түсті. Төбедегі жалғыз шам
жарқырай жанады. Жарығы аппақ, сүттей. Етке тойғандардың қолындағы
жауырын, жілік, жамбас сүйектері жарыққа сай, қуқылдана ағараңдайды.
Идаяттың жадына Жарқынов қайта оралды. Со сәтте ойы бірте-бірте суретке,
бейнеге айналып жүре берді. Көз алдында жартылай әйнек киоскі. Қат-қат газет,
журнал. Бірінде Жолымболдың интервьюі, бірінде қойшылармен кездескені жайлы
хабар, енді бірінде халықтың аспаптық музыкасының қазіргі халі хақында көл-
көсір мақала. Бәрінде де Жарқыновтың суреті, бәрінде де күліп түскен. Неткен тегін
күлкі? Сонша оңай, жеңіл күлуге бола ма екен?– дейді бір дауыс. Екінші дауыс
доғал, өктем қарсыласады: күлмегенде ше? Ол, достым, атақты адам. Сен секілді
үшінші курстың студенті емес. Оған күлсе де, күлмесе де жарасымды. Өзің былай...
бір түрлі нелеусің-ау деймін. Бірінші дауыс тағы естілді. Бұ жолы алдындағыдан да
бәсең, әлсіз: несімен атақты? Неғылған атақ? Құр фотограф біткенге бетін тосып
тапқан бедел, алған атағы,– імм, мұнысы енді тым көгістеу. Шын мықты болса
әндерін жұрт айтып жүрмей ме?
Екінші дауыс гүж ете түседі: өй, сөзің құрысын! Жарқыновты бүкіл республика
біледі. Сол жетпей ме саған?! Атақты, композитор боп алдың не, болмай алдың не–
бәрібір. Атақ ит сияқты, кімге үйренсе соған құйрығын бұлғайды. Біреу оны
асырап, азаптанып, күшік күнінен өсіреді, біреу дайын, ит күйінде алады.
Айырмасы қайсы? Жарқыновтың қолында иті бар; иесіне бейтаныс біреу
жақындаса болды-ақ – талап тастайды.
Бірінші дауыс: неге? Біздің кезде әлде қайда талантты, білікті, адал еңбек
қып жүрген адамдар...
Е к і н ш і д а у ы с (бөліп): оны қайт дейсің? Білім, талант, еңбекпен жететін
жерің де сол – Жарқыновтың жеткені. Артықшылығы: Жарқынов жан қинамай,
қырық жасамай жетті.
Бірінші дауыс (қызып): Жарқыновтың жаман композитор екені рас қой?
Екінші дауыс (кейіп): оны мыналарға айт. Жалпы, мен саған емтихан
тапсырғым жоқ. Кеще болсаң – сол кеще күйіңде қал, миыңды... Жарқыновты
қызғанған не теңің сенің, ақымақ! Қызғанған! Осы сөзді тағы қайдан естіп еді? Басқа
біреуден де естіген сөзі. Бәлкім, бір емес, әлденеше рет пе?! Әйтеуір таныс, өте
таныс сөз. Қызғаныш! Дүниеде дәл сенен асқан сұмпайы ұғым болмас! Идаят өз
көкірегін өзі зерттей, тінте түседі. Қай түкпірін, қай қалтарысын ақтарса да
арасынан баяғы Жарқыновты табады. Атақты композитор алдында ақсия күліп
тұрады. Жарқыновтан қашқан сайын қарсы жолықтырады. Безген сайын беттеседі.
Қалай? Бұл өзі қашам деп қуып отырған жоқ па? Ойы ылғи Жарқыновқа тіреле
берсе, ылғи соны таба берсе – іздегені де. Қызғаныш деген осы емес пе? Алла
сақтасын!
– Үй, қағынғыр, қолыңды ербеңдетпей сөйлеші, сорпамды төгесің,– деді бір
әйел. Қалқаман қойшы өз сөзіне өзі қызып алған, әңгімені төгіп отыр. Сөзінің көбі
түсініксіз және Идаят зейін сап жарымаған-ды. Енді аңғарса, мынаның көп
лепірмесінен миына жеткені: «мен... сені, сен маған... сен мені, мен саған... менен
сен... хақың бар... қызғаныш». Санасына тиген өз ара байланыссыз, осынау үзік-
үзік сөздердің ең соңғы-сын тағы кезіктіргенде тітіркеніп қалды, Тағы естіді-ау,
мына сұмдықты! Бұ сөзден бұрын қауыптеніп жүретін. Ал, бүгін қорықты, мықтап
қорықты. Әйтеуір осы сөз түбінде жол тосатын сықылданды. Біреу бұдан әлденені,
не бұл әлдекімнен бірдеңені қызғанатындай көрінді. Қалай да осы сөз, осы ұғыммен
ақыры бір шайқасатынын сезді. Одан сайын жаны ышқынды. Кенет, Жарқынов
даңқын іштей қызғанатынын және сонысын мойындағысы келмейтінін түсінді.
Осыған өзін-өзі зорлап көндірді ме, әлде ой жүйесі әкелді ме, қайсысы болғанда да,
көкірек сарайының ішкі, ең құпия түкпірінен шыққан бір үн жеңіп, тұқыртып
тастады. Анау әйелдің банағы сөзіне мықтап ренжіген. Ұялғаны да содан-ды. Енді
оны оп-оңай кешірді. «О кісі бұ балалар көретін жерде жүреді дейсің бе?» Рас сөз.
Сенбеуі орынды. Ішінен үш мәрте қайталады: «жоқ, көргем жоқ!», «жоқ, көргем
жоқ!», «жоқ, көргем жоқ!»
Үйдегілерге бірте-бірте іші жыли берді. Әлгінде ғана ерсі, дарақы көрінген
дастарқан мәзірі, бақса, дарақылық емес, дарқандық екен. Бетке, мұртқа, мұрынға
жұ