– Ертең Тем-ақаң өлшеп әуре болады ғой.– Жұрт ду күледі. Қияғын қырықпай,
көлеңке үшін әдейі қалдырылған зор қияқ шоқал сыңсып тұр. Сақал-Сатымның бет-
аузы бұж-бұж. Тер тамшылары ұсақ-ұсақ боп, отқа күйгендей күлбірей мөлтілдейді.
Әжімгерей аузын басып есіней береді. Таңдайы мыс татиды. Көзі жасаурап кетіпті.
Еділхан шашының бәрін жиып әкеп, маңдайынан ағызып қойыпты: ыстықта шаштың
өзі терлетеді, оның жүзі де құрғақ емес.
– Жоқ, сен бұл иттің аузын айт-тағы, аузын – деді Сейсіметті балдыз ғып ойнайтын
Ғұмар деген біреу,– маған берсе, тісін қағып тастап, қой суғаратын астау жасап алар
едім. Тағы біреу:
– Апасының астауынан үлкен болмас бәрібір,– деп сығырайды. Топ әуелі
Әжімгерейге, сосын балтырларын тырнап отырған әйелдерге қарап, қысылып, күле
алмай қалды. Сейсімет екі қолын желкесіне қойып жатыр. Балағын қара санының
ортасына шейін түріп алыпты, иіні, әдеттегіше, жалаңаш.
– Осы сенің әнеугі әрмиядан киіп келген киімдерің қайда?
– Мына жатысыңды көрсе ғой командир саған тағы бір пет сөтік әуппақ береді!–
Әйелдер Сейсіметтің түрін көріп, ауыздарын басты.
– ...Би күні каманди маған би аяқ көже бейгізді... Маладес Айыстанов деп айқамнан
қақты. Мен қуанғаннан убойниға жүгидім. Ғұмар осыны айтып сылқ-сылқ күлді.
– Жезде болмай жейге ки, аузыңды ұяйын!
Сейсімет жездесін екі бүктеп, көтеріп алды. Анадай жерде иттің жас тезегі жатқан,
соған апарды. Етпетінен салды да, екі қолын артына қайырып, үстіне тізерлеп шығып
кетті. Сонсоң қол жетер жердегі кішкене қарайғанды шөппен іліп, жездесінін, аузына
апарды. Анау астында жатып:
– Сегіз көзім-ай,– деп ойбайлады.
– Жағыңа жылан жұмитқалағи! Қази мынаны аузыңа салам. Сенің аузыңды ұйу аз!
Екіншілей маған қайап сөйлейсің бе?
– Сөйлемеймін ойбай!
– Сөйлесең ше?
– Жағыма жылан жұмитқаласын!
– А-аа? Қалай дедің?
– Жағыма жылан жұмыртқаласын дедім.
– Қойдым, қойықтым де!
– Қойдым, қойықтым!
– Қалай? – Ит нәжісі ананың аузына төне түседі. Онда белінен соққан жыландай
басын қайқаңдатудан бөтен дәрмен жоқ. Өзі қағылез, кішкентай кісі алпамсадай
балдызының астында баж-баж етеді.
– Ақ көке де!
– Ақ көке!
– Құлың болайын де!
– Құлың болайын!
– К... жалайын де!
– Әй, құрысын енді, бір арам болса иттің боғындай-ақ шығар, жаласам жалайын!
Тек, тез қазір әкел!– деді анау әбден амалы бітіп.
– Сейсімет қолындағысын лақтырып жіберіп, түрегелді. Жұрт қыран-топан.
Әйелдер қауымы беттерін шымшып теріс айналғанмен, күлкіден құр қалмады.
Еркектердің бірі қарқылдап, бірі сол күлкінің қырсығынан жөтеліп, қиқ-шиқ, ызы-
ғызы боп жатыр.
– Бәлем, өзіңе де со керек!
– Тілінің ұшы екі айыр ғой мұның!
– Балам, атың кім, орағымды тағы бір шыңдап берсең қайтеді?
Манағы жігіт Әжекеңнің шалғысын шылым тартымда шыңдап шықты.
– Әжеке бұ бала, – Мәсәлім үлкен бір шешуші билік айтатындай екі иығын қомдап,
айнала қарап қойды,– бұ бала өзіңіздің көршіңіз «Қызыл әскер» колхозының баласы
Молдағазы. Әкесі, естуіңіз болар, Сандыбай деген жылқышы..
– Е-ее, шырағым, әкеңді білем ғой... жақсы, жақсы өсіп келеді екенсің!
Көпшілік орындарынан дүркірей тұрды. Біреу ақсаңдап, біреу белін, тізесін ұстап
манағыдан гөрі самарқау, сылбыр қозғалады. Біреу алақанын шұқылап, басын
шайқайды. Келіншектер екі көздерін ғана жылтыратып, бет-ауыздарын ақ орамалмен
шандып тастапты. Манадан бері тындырып қоятын шаруалары естеріне енді
түскендей, шоқал-шоқалды айналып барады. Күн көзіне терліктей қоңыр бұлт
үйірілді. Көлеңкесі Алтай тауының бергі, шығыс жақ қабағында жатыр.
...Үмешілер түскі асқа зауал ауа қайтты. Тамаққа шақырған хабар жеткенше
сілелеп бітті. Екі рет шалап алдырып ішті. Сонсоң екі көздері үй жақта, қалыңға
жоламай, шетке шыққан сирек қияқты қуалай қағып, Еділханшылап уақыт өткізді.
Шақырушы келген кезде бұлар орақтарын жауып сап, көр-жерді көлеңкелеп отыр еді.
Қуантай қарттың қызы келді:
– Сіздерге қайтсын деп атыр,– деп, көйлегінің түймесін шұқып, төмен қарады.
– Аллаға шүкір, ел-жұрт бар екен ғой,– деді әбден тарыққан біреу. Бұларға кеше
кеште бұқа жарып өлтірген құнажынның жарты етін асып берді. Ол етті түу саңырау
қатынның аулынан артып әкелгенше түс болыпты... Әр табақтың жанында бір-бір
шөкім ет қысып, үфі-үф деп үріп, ауыздарына салып жүрген бір топ даяшылар
сайдауыттай-сайдауыттай жиырма адам тістері ақсиып, қаптап жетіп келгенде
сасқалақтап, естері шығып кетті. Үмешілерді үш үйге бөлді. Бет-аузының сиыр
бүйрегіндей бож-бож, тұлғасының сетік сары атан секілді ебедейсіздігіне қарамай
жылп-жылп еткен біреу қолға су құйды, ет турады. Әжімгерейлер Сисенбайдың киіз
үйіне жайғасқан. Ас туралып бола бергенде біреу орнынан атып тұрды.
– Ойбай, кіші басқарма келіп қалды!– Түрулі іргеден бәрі жапырыла сыртқа
қарады. Бастарына қазан төңкергендей, қол-шатырларын милықтата көтерген екі
аттылы үй сыртын жанай берді.
– Келеді ғой, отыра беріңдер!
– Алдынан шықпасақ ұят болар!
– Қанша дегенмен ел ағасы... Ет тураған қара қолының майын кереге басындағы
жүгенге сүйкей