Еділханға ақ әкеліп ұсынды. Сонсоң, сүйінші сұрағандай ғып:
– Орыстың қызы келіп кетті!– деді.
– Е-е, шомнидың адамдарының бірі де...
– Қайдағы шомни, орыстың қызы деймін!– деді кемпір өршеленіп.
– Орыстың қызы.
– Ие, неге келіпті?!
– Сүт сұрай келіпті. Қаралай шайды іше алмай отырмыз дейді.
– Сен не дедің?
– Сөйлестім. Сүт бердім. Ыдысын толтырмай құйып едім, «мама мынауың ұят
қой, бір қазан сүттен осынша аз бергенің» деп өкпеледі, сосын шыдай алмай тағы екі
ожау қостым.
– Қазақша біле ме екен?
– Жоқ, ә,– деді кемпір, ол қазақша білмесе, мен орысша білем ғой деген кісіге
ұқсап.
– Онда қалай сөйлестіңдер?
– Қалайы, қалай. Кәдімгідей сөйлестік-тағы. Жалғыз балаң аман келсін,
немерелеріңнің қызығын көр деп алғысты жаудырды. Тәмәм кетерде құшақтап алып,
самайымнан сүйді.– Қарт мырс-мырс күлді:
– Кемпір, бір аяқ айран берші, мен де самайыңнан сүйейін.
Кемпірдің быт-шыты шықты:
– Бұл алжығанға адам деп бірдеңе айтасың-ау! Көз алдыңда отырғасын... басқа
кімге сөйлейсің?! Өзі қандай сөйлер еді ақылдымсып. Жының келеді... ақылды болсаң
қайда қалдың со қызбен сөйлеспей?! Кеміргенің мен!
Шауып озып барып, артына қайрылып қарайтын жүйрік аты бар кісі құсап кемпір
де, кенет, тоқтап қартына қарады Қарт үн жоқ, түн жоқ отыр. Қашанғы әдетінше,
төсегінің астынан азғана ауысып, артық шығып жатқан қара текеметтің түрін шұқылап
қапты.
– Шұқылан да отыр солай, шұқылып қалғыр!– деді кемпір. Сонсоң қазандықтың
алдына мұрнын бір босатып тастады да, кебісін киіп, далаға шығып кетті.
Әжімгерей кемпірінен гөрі де өзін көбірек аяды. Тіпті баяғыдан бері, тым құрса
әзілін түсінуді үйренбеген кемпіріне өкпелеп те қояды. Сонша ашуланатындай не
айтты бұл? Тиіп кетсе «алжыған», «алжыған» деп арс-арс етеді. Көңіл көтермекке
анда-санда әзіл айтса да, ауыр көреді. «Жалғыз бала! Жалғыз бала!» Оның баласы
болса Әжекеңнің кімі екен?! Асылы: «Әй, Әжақа, қызыл кемпір хақымақ қой» деп
Қарашаш дұрыс айтады. Бір жылап алса он шақты күн адам болатыны бар еді, келе-
келе онан да айырылды... «Айтса да бейшара ғой, қайтсын!» деп ойлады қарт.
Еділхан манадан бері бос отырудан жалыққанды. Қарт оны ұмытып кетіпті.
– Ата, мен кете берейін бе?
– А! Жоқ, отыр. Дем алсайшы.
Ірге жағынан көпшік алып Еділханға тастады.
Соңғы кездері өзі қасынан кісі босатпайтын болған. Ауыл арасының бірен-саран
қонағы келмеген күндері Еділханды шақырттырып алады, не ертіп келеді. Жалғыз ас
ішкісі жоқ. Әлденеден қорқатын, елегзитін сияқты. Еділханды ес көреді. Кемпірі:
«Сақалыңмен осы баланы жаныңнан тастамайтының не? Ол сенің құрбың ба?» десе,
«қайтесің» дей салады. Кеше кешке құдықтың күн шығысындағы бүргемді-сайға
шомнидың кісілері келіп палатка тігіп жатыр дегенді естігенде Әжекең іштей қуанып
қалды: елдің көбейгені жақсы. Жаңа түйесін суара барғанда көрді: екі кенеп палатка
қатар тігіліпті. Құдық басына біреу-міреуі келер, сөйлесермін деп еді, ешкім келмейді.
Үйге қайтып келе жатып, жылаған баланың даусына шейін естіді. «Күн қанша
жылынғанмен жас балаға әлі салқын-ау» деп ойлаған. «Ақжонас жақта тышқаннан
ауру тарапты, шомнидан тышқан аулауға адамдар шығады екен». Оны да Сандыбай
айтып кеткен. Манағы келген қыз солардың адамы болды. «Қап үйде болмағаным-
ай!»... Осы кезде есіктен мұрыннан өңге көз тоқтатар ештеңесі жоқ бір бас кіріп келе
жатты. Бас қартқа жақын келіп:
– Салаумалейкем, ақсақал,– деді. Соңынан ақ орамалды кері байлаған, секпілді
сары қыз бен өзінің кемпірі кірді.
– Уағалайкүмүссәлем, төрге шық!
– Аксакал, мене мына қыз алып келген, сизден сүт алған казакша билмеген... Қыз
сизге акша берем айтады. Қанша акша берем?
Қарт қолын бір сілтеді, ананың сөзін тыңдамай:
– Не мыңқылдап тұрсың өзің? Отыр!–деді.
– Мен отырмайды, мен кетеді.– Қонақ қасындағы қызға қарады. Қыз бешпетінің
жан-қалтасынан бір сомдық сарықұлақ алып Әжімгерейге ұсынды. Мана «орыстың
қызы сүт алып кетті» дегенді ұмытып үлгірген қарт бір сомның, сол үшін беріліп
жатқанын түсінгенде қайран болды. Еділханға қарап екі алақанын жайды, сақалын
сипады:
– Мына қанжауғыр, бізді сүт сатушы деп тұр ма?
– Сиз алады. Көп ақша... мине!–Әлгі кісі қыздың қолынан ақшаны алып, сытыр-
сытыр еткізіп, «қызықтырып» байқады.
– Әй, сен мені қағаздың шытырлағанына алданатын сәби көріп тұрсың ба?
Ылғи ышқыр бауы салақтап жүретін көнетоз қарта-мақпал шалбарының
қалтасынан қомпиған шүберек-шиланын алып шықты. Ішінен жап-жаңа қызыл
отыздықтың екеуін суырды да біріне-бірін үйкеп, шытырлатты. Сонсоң қонағының
даусына салып:
– Сиз алады коп акша... мине ала ғой,– деді.– Қыз қып-қызыл болып кетті:
– Вся беда в том, что мы не понимаем друг-друга. Я хотела заплатить за молоко...
но, оказывается, и он плохо знает по вашему,– деп серігін нұсқады. Қарт тағы да
Еділханға қарады. Еділхан түсінбедім деуді оқыған басына лайық көрмей,– қыздың
сөзін былай аударды:
– Ақшам аз еді, өкпелемеңіз!
– Ақшасының керегі жоқ. Сүт қажет болса ала берсін, айтшы! Еділхан тамағын
кенеп, қабағын