күнге байқамаған, естімеген Қарашаштай аңқау тапқанына мәз. Әрі шайға қандырып,
әрі әңгімеңді аузын ашып тыңдайтын кісісі бар үй-жаман үй болар ма. Сатымның қай
жерде кімге не дегенін, кімді қалай «қатырғанын» есіріп, өкпектетіп соқты. Әрі-беріден
кейін оның бірдеңе сұрағанда «бар ма?» деудің орнына «жоқ па?» деп сұрайтынына
шейін сүт пісірім сөз болды. Ақыры, Сақал-Сатымның сақаулығына күмән келтіретін
бұл үйде ешкімнің қалмағанына таза көзі жеткен болу керек, Сандыбай шәшкесін
біржола төңкеріп, тасаяғын кейін ысырды. Ас қайырылып, дастарқан жиылды.
Барлық қуаныш-сүйініш, әңгіме-думан сонымен бірге кеткендей, манадан бері
желпініп, желіп отырған қонақ кенет кібіртіктеп басылып қалды. Әлдеқайдағы бір
қасіретті оқиға ойына түсіп, жанына батқандай қабағын шытып, күрсініп қойды. Мен
қайғыға батып отырмын ғой, сендер қалайсыңдар деген кісіше, серіктерінің бетіне бір-
бір көз сүрінтіп өтті. Еділхан мен екінші қонақ жайбарақат, жайдары, жүздерінен
күлкінің жұғыны әлі кеппеген кейіп танытты. Сандыбай біраз отырды да,
жолдастарына:
– Жүрмейміз бе? – деп күбір етті.
– Асықпа, қонақ, ас пісіп жатыр,– деді Қарашаш.
– А, солай ма? Қарашаш барған адамды әбден тойдырмай жібермейді деуші еді,
рас екен ғой? – Сандыбай еңкілдеп кеп күлді. Дәл осы арада күлетін ештеңенің жоқ
екенін сезе қойып, іле:
– Қараөзек шақ болғандікі ме, адам осы күні қарап отырып шаршайды,–деп,
артындағы екі бұрышы едірейген ақ жастыққа қисая кетті.
– Апа, Талжібек домбыра тартсын-дағы,– деді Еділхан. Екінші қонақ қостай салды.
Сандыбай басын жастықтан жұлып алып, ілулі тұрған домбыраға қарады.
– Білмеймін, айналып кетейін, Жібекжан домбыраны сирек ұстайтын болып жүр
ғой.
– Соғыс басталған жылы Тесіктамақ-Сабырдың күйін бір таң тыңдап едім, одан
бері домбыраның үнін естуден аманмын,– деді Сандыбай.
– Иә-ә. Домбыра тыңдайтын хал болды ма жұртта. Қарашаш түрегеп барып
қазықтан домбыраны алды. Шегін дың-дың еткізіп шертіп байқап еді, ірі, етті
саусақтары онша жуыса қоймады.
– Өмірәліжанның әкесінің домбырасы ғой,–деп күрсінді. Сонсоң ана жаққа қарап
дауыстады:
– Жібекжан, а, Жібекжан!
Талжібек жуан ерін ағаш табақты ұстай кірді. Қолы қамыр-қамыр. Апасының
алдындағы домбыраға көзі түсті де шұғыл бұрылып, ізінше шығуға ыңғайланды.
– Жібекжан, бері кел. Бірер күй тартшы. Бәлкім ағаң тірі болып, сау келер! –
Мұнысы, ағаң аман келер ме екен, оң аяқ болшы деген секілді естілді. Сандыбайға
қарата Қарашаш: – Бұл да күйді сол Тесіктамақтан үйренген,–деді.
– Апырай ол... апырай ол... күркелі күйші ғой?!
Сандыбай Тесіктамақ-Сабырды ғұмырында екі-ақ рет көрген-ді. Бірінші кездесуі
сәтсіз болды. Қырқыншы жылдың май айы еді. Сисенбай қарттың үйіне адам
сыйғанынша жиналды. Бұл елдің ең соңынан келіп, отыратын орын таппай, есіктің
алдында түрегеп тұрып үй-ішіне көз жіберді: төрде, шүйкедей ғана болып күйші
отыр. Тура жұтқыншағының үстінде, ортасы тесік, дөңгелек кішкене темір
жылтырайды. Жұрт тып-тыныш. Бір кезде Сабыр ірге жағында жатқан шағын, қоңыр
былғары қапты қобдишасын ашып, ішінен сабы бір бөлек, басы бір бөлек үлкен
қызыл домбыраны алды. Сабын басына тез-тез кигізіп бекітті, құлақ күйін келтірді. Оң
қолының сұқ саусағын тіліне тигізіп, тиектің астына жақты. Сонсоң тамағындағы
тесікті бармағымен баса тұрып:
– Жамағат, жиналып қалған екенсіңдер, сіздерге қолымнан келген қызметімді
көрсетейін,– деді. Домбыра әңгімесін әуелі күңкілдеп, күбірлеп бастады да, он шақты
перне бапты, сәтті алынғасын, күңіреніп жүре берді. Кенет үй иесі Сисенбай қарт
ұшып түрегеп, етектей ақ орамалды – «Тесіктамақтың» алдына жайды, үстіне
шиланынан алып қып-қызыл отыз сомдықтың біреуін тастады. Сол-ақ екен, күйші
күйін ортан белінен шорт үзді, төменірек отырған жас жігітке: «Жүр, бала, кетейік!
Бұл ел біз сияқтыларды қорлауға дағдыланған ел екен!» – Жұрт әне-міне деп, есін
жинағанша суытулы тұрған аттарына мініп-мініп, қараңғы түнді жамылып тайып
отырды... Екінші рет соның кележегінде, Әжімгерейдің үйінде көрді. Ол жолы, өзі
айтқандай бір таң тыңдаған. Жаңа Қарашаш: «Бұ да күйді сол Тесіктамақтан
үйренген» – дегелі көңілі қатты құлап, Талжібекті ынтыға күтіп қалды.
Бұ қыздың домбырашы екенін, сырт адамда, Еділханнан өзге жан біле бермейтін.
Жас күйші, әрі қысқаяқты адам болғасын ба, шешіліп шертпейді. Үйде кісі жоқта,
есікті іштен іліп ап, өзімен-өзі ғана сырласады. Онда да, құмда туып-өскен «қойына
шейін домбыра тыңдайтын» Қошалақ кісілерінің ата салты сәби шағынан қанына сіңіп
қалған Еділхан, үй сыртынан ұрланып, бұғып тыңдайды. Бөгде біреудің тыңдап
жүргенін сезіп қалса, қыз қоя қояды. Өзіне қатар-құрбы болғанмен тікелей тілек
айтуға бата алмайды. Үйткені бәрібір, қыз Қарашаштан өңгенің өтінішін
орындамайды. Жаңағы өтініштің Талжібекке емес, Қарашашқа айтылуы содан-ды.
Талжібек имене кеп, пештің маңдайындағы шегеге ілулі көлдей ақсұр кенеп
орамалға теріс қарап тұрып қолын сүртті. Сонсоң, манағы шай құйған жеріне,
қонақтарға бір қырын отыра ке