сақау дейді. Мен де баяғыда сенбегенмін... оллаһи, белләһи ол сақау,– деп Сандыбай
өз тамағын өзі бас бармағының сыртымен шалып-шалып жіберді. Кеуелдей адамның
бала құсап ант-су ішіп; «бауыздалып» отырғанына Талжібектің күлкісі келді. Бірақ
күлуге ұялды. Еділханға қарады, ол аузына апарған шай-табақ тісіне сырт-сырт тиіп,
булығып отыр.
Қарашаш Сандыбайдың ауыл арасының ұсақ-түйек құпиясын біліп, теріп айтып
жүретін адам екенін еститін. Біреудің жан адамға сездірмеген жасырын, «құпия»
сақаулығына шейін біліп қойған қонағының тіміскі мінезін ұнатпай бір отырды да,
көрші де болса, басқа колхоздың кісісі екені, әрі өзінің төрінде отырғаны есіне түсіп:
– Сонда оның қандай сөзге тілі келмейді екен? –деген сауал қоюмен шектелді.
– Әлбетте, «Р».
– Біздің Сейсімет «р»-дың орнына «и» айтады, Сатым ше?
– Сақал-Сатым «р»-дың орнына түк те айтпайды!
– Мәссаған, безгелдек! Онда қалай болғаны? Түсінсем бұйырмасын! – деді
Қарашаш, шынымен аңтарылып.
– Сақал-Сатымның қулығы сонда: ол ішінде «р»-ы бар сөздің ық жағынан да
жүрмейді.– Қарашаш жағасын ұстады:
– Қой, қонақ, мынауың, тіпті, миға сыймайды!
– Рас айтасың, сыймайды. Ал, Сақал-Сатымның сөйлеген сөзін мұқият тыңдап
көрші, «р»-ы бар бірде-бір сөз таппайсың. Тапсаң мен мұрынымды кесіп берейін!
– Паһ, шіркін! Ана мұрыныңды кесіп берсең жарытарсың!– Талжібек
Сандыбайдың бетіне қалай жалт қарағанын өзі байқамай қалды. Расында да қонақтың
мұрынын, егер, төменгі жағында ауыз болмаса, мұрын деп танудың өзі әбігер екен: екі
көзі бірін-бірі көріп тұрған сияқты, ортасында ештеңе жоқ. Одан төмен қарай Құдай-
екең қамыр жапсырғандай ғып тегістеп келеді де, дәл жоғарғы еріннің үстіне жете
бергенде ұшын шымшып көтеріп, үстінен басып-басып қойыпты. Қыз күліп қоярмын
деп қатты қысылды, құман қойылған табадағы сөніп бара жатқан шоқты сылтауратып,
ана жаққа шығып кетті. «Мына мұрынмен нағып маңқа болмады екен бұ кісі»,– деп
ойлады Еділхан.
Әрбір кішкене міні бар жан мінін есіне салғанға ренжиді гой. Сандыбайда ондай
жоқ боп шықты:
– Қайтесің енді, барына риза боласың да!– Сонсоң Сақал-Сатымның сақаулығына
қайта оралды. Үйдегілерді әбден сендірмей қоймайтын түрі бар:
– Сақал-Сатым ер-тұрманды «айыл-тоқым», айғырды «биенің байы», сиырды
«бұқаның тоқалы» деп сыпыртқанда мүдірмейді. Тіпті сол «биенің байы», «бұқаның
тоқалы» сықылды сөздерін сіз қалжың ретінде қабылдайсыз. Оның ондай
«қалжыңды» «р»-дан қашып айтып отырғанын, әлбетте, ұға бермейсіз...
– Астапіралла, не дейді Құдай-ау!
Талжібек бір таба шоқ әкеліп, құманның астына салды. Жанары жасаурап, сол жас
отты қара көздерін жайшылықтағысынан да маздатып, жарқыратып жіберіпті. Сұлу,
сүйір иегінің ұшына дейін албырап тұр. Ұзын, қайқы кірпіктері дымқыл, дым. Отыра
беріп көзінің астымен Қарашашқа қарады.
– Алдыңғы жылы Сақал-Сатым мал айдап Астарқан барады. Малын бұлдап,
қымбатқа сатады. Мата, шай, киім-кешек секілді керек-жарағын түйесіне бастыра
артып, қойны-қоншын ақшаға сықап, Казаши бөгердің (Казачьи бугор) үстімен өте
бергенде біреулер бас салады. Базаршыны, өзі мен түйесінен өңге түк қоймай, әбден
тонайды да қоя береді. Сақал-Сатым аулына, әлбетте, қайғырып, жүдеп келеді. Осыны
естіп екі-үшеу боп үйіне бардық, Казаши бөгердің орыс ауыл екенін бәріміз білетінбіз.
Мен орыс деген сөзді айтқызғым келіп, Сатымнан:
– Тонаған орыс па, қазақ па? – деп сұрадым. Ол бөгелместен:
– Казашиде қатқанының қазағы болсын ба, кілең мәткенің байы-дағы,– деп жып
еткізді. Біз бір-бірімізге қарадық.
– Дегенмен тапқыр адам екен!
– Апырай десейші!
– Қатырған, ә? – Қарашаш төңкерілген шыны аяқтарды жазып, қайтадан бір-бір
құюды бұйырды. Осы елде сонша жыл өмір сүріп, тұрмыс деген итпен күнде
ырылдасып жүріп,
бірде-бір рет «р»-ды айтпаған Сақал-Сатымның дінге беріктігіне, тапқырлығына бәрі
қайран.
Жалғыз әріпке бола сөздің не бір шұрайлысынан безіп, өзінше сөздік өрнек,
атаулар жасап жүрген бұл адам таңдануға тұрарлық еді. Әркім өзінің Сақал-
Сатыммен кездескен, онымен сөйлескен шақтарын іштей естеріне алып, үнсіз ойланып
отыр. Бақса ешқайсысы Сатымның ішінде «р»-ы бар сөзді аузына алғанын естімепті.
Оның елден ерек тоғын-ағаш (шаңырақ), көз ағаш (кереге), бас таңғыш (басқұр)
сияқты атау сөздері сол баяғы «р»-дан қашып жасағаны-тын. Бір нәрсені «түсі
түндей» деп жып еткізгенде «қарадан» гөрі ажарлырақ, бейнелірек шығатын. Әсіресе
малдың түр-түсіне байланысты: жирен, сары, шұбар, күрең, сұр деген сөздер былай
қарағанда, басқаша айтуға көнбейтін сияқты. Ал, Сақал-Сатым оны: «құм қызыл»,
«құм құла», «ала бажақ», «шоқ түсті», «күл түсті» деп соға салады. Малдың түрінің
қандай екенін осы сездерден анық ұғынатын кісі: жирен, күрең, сұр т.б. сөздерді неге
қолданбайсың деп кінә қоя алмайды. Күннің қызарып батқанын ол «ұялып батты»
дейді. Әрі түсінікті, әрі бейнелі! Содан да болар, Сақал-Сатымды жұрт шешен адам
санайды.
Сәл нәрсені оқиға көріп, сәл нәрсені бір қауым әңгіме қылатын құм адамының
қашанғы әдетіне үйренген Сандыбай, С