қоңыры көкшіл көрінді. Құбыла бетте, Әжімгерей қыстауының желкесіндегі жусандар
әлі құрғақ, сұрқай.
– Ашақтың жусаны көктеп қалыпты.
– Әжімгерей қартқа сәлем берсек қайтеді?
– Атам үйде жоқ, таңертең, Қошалаққа кеткен.
– Онда Қарашашқа сәлем берейік.
– Иә, әйел адам ғой, оның жолы үлкен.– Сандыбай қостай қойды. Үшеуі аттарын
бірдей қамшылады. Шағылдан түсіп, күншығыс жақтағы кішкене жантақ үрпектің
бауырынан шыққан жалғыз аяқ жолға түсті. Бір-ер қабақ асқасын Шәңкеш қыстауы
есімді ескі обаның етегіндегі жіңішке сортаққа ілікті. Жыл шығып тұрған аттардың
арықтығына, әлсіздігіне қарамастан, үшеуі ағызып, жарыса жөнелді. Сол шапқаннан
шауып отырып сортаңды бітірді, аржағында тағы екі-үш қабақ асқансын Қарашаш
қыстауының мұржасы қылтиды. Сонда барып аттарын тежеп, солығын бастырды,
қорадан аулағырақ, батысқа таман қағылған қазыққа таяй берді. Мәруәнің қара
күшігі шәу-шәу етіп, маңайламай, алыстан орағытып үрген болады. Қарашаш қарсы
шығып, қонақтарды ертіп үйіне қарай аяңдады. Қияқтан түйіп салған шеген зілмәңке
салақ кісі киген тозық, құрайыш бөрік құсап жапырая қалған. Сабан боп оңып,
сояуланып біткен шегеннің әр жерінде бір-бір шөкім, түрлі түсті жүн. Тегі қораға келе
жатқан төрт түлік мал тұқымынан бір сүйкенбей өтетіні кемде-кем болса керек. Ескі
көрпедей әр жерінен жүні шығып тұрған, осы сықылды сырты жұпыны үйдің іші
ажарлы, жып-жинақы екен. Қыр адамының сыпайылығын сақтап, етік-кебістерін есік
алдына қалдырды да, қонақтар төрге кеп жайғасты. Кісі келетінін алдын ала білді ме,
әлде, ғұрпы солай ма, Қарашаш үйінің көрпесі төсеулі, жастығы салулы боп шықты.
Аман, сауды алыса отырып, түк көрмегендей үй ішіндегі дүние-мүлікке сұқтана көз
тастау да қыр кісісінің дәстүрі. Сандыбай – дәстүр атаулыны қатты сыйлайтын адам:
«Қарашаш, қыс қатты болды-ау биыл? Үш үлкен қара сандыққа, үстіне үш қатар етіп
төбеге тигізе жиналған, бұл өңір үшін бай, жүкке қарады. «Мал шығындарың көп
болды ма?» – дегенді кідіріңкіреп барып айтты. Қарашаштың жауабын тыңдаған боп,
жүктен оңға, батысқа қарай жағалата көз жүгіртті: Жоғарырақтағы қазықта кеудесі
талыстай қара домбыра. Қақпағының сағаға жалғасқан жері сүйекпен оймышталып,
ішегі тиегін тесіп өткізіліпті. Пернелері байланған жерінен қозғалмағандығына, әрлі-
берлі жылжымағанына қарағанда, домбыраны кім де болса, бір ғана адамның
ұстағандығы көрініп тұр. «Шіркін, домбырам-ақ екенсің». Сандыбай осылай ойлап
бір қойды да, көзін әрі қарай аударып әкетті. Қабырғаның қалған жағынан, қамшы,
жүген, киім-кешек секілді әрбір үйде бола беретін үйреншікті нәрселерден өзге көңіл
үйірер ештеңе таппаған соң, назары төменге құлады. Самаурын теру салып тоқыған,
есіктен төрге жететін мол терме-алашаның бояуы қанық екен. Қара түрі бар екі үлкен
ақ текемет пеш түбінен төрге, төрден терезе алдына дейін «Г» әрпі құсап төселіпті.
Қабырғалардың, пештің майлауы да ұқыпты, тегіс. Шеген үйлердің байырғы сылағы
сықылды, баттиып-баттиып түскен саусақ іздері байқалмайды. Сандыбайдың көзі
соған ауғанын аңғарып қалған Қарашаш лақ еткізді:
– Талжібек қой сылаған!
Ауызғы бөлмеден қара торы, талдырмаш қыз шағын жез самаурынды көтеріп
кірді. Қарашаш леген қойып, самаурынды орнықтырды:
– Талжібек, ағаларыңа көріс! – Қыз Сандыбай мен одан төменгі егде қонақтың
қолын еркек кісіше еркін алды, үшінші адаммен көріскенде қысылып, қып-қызыл боп
кетті: Еділхан бұ сияқты сұлу, жас қыз үшін «аға» болуға тым шикілеу, сенімсіздеу
еді... Бірер шыны шай ішкесін егделер елеуреп, сөйлей бастады. Қарашаш та көңілді:
– Жібекжан, шайды шығарыңқырап құй!
– Қызың кісі бопты ғой, жасы нешеде?!
– Қайтесің оны! Құда түсе келмеген шығарсың.– Қонақ күлді де қойды.
Еділхан мен Талжібектен өзгесі гу-гу етеді.
– Жарықтық мынау былтырғы ірімшік қой,– деді Сандыбай, бие сүтін араластырып
қайнатқан борпылдақ ақ сары ірімшікті тортасын айырған сары майға батырып алып.
– Біздің осы екінші сақаудан хабар бар ма? – деді екінші қонақ, ірімшік пен майға
серігінен көргенін істеп, – оны жұрт кейде ашық сақау дейді екен.
– О кім?–деді Қарашаш: «Екінші сақау», «ашық сақау» дегенді ол бұрын
естімеген-ді.
– Сейсімет ақамды айтады,–деді Еділхан.
– Е-е, екіншісі несі?
– Бірінші сақауымыз да бар ғой, оны біз құпия сақау атаймыз, қық-қық-қық.
– Бірінші сақауымыз кім? – деді, әлі дымға түсінбеген Қарашаш,–біз білетін жерде
Сейсіметтен басқа сақау жоқ емес пе еді?
– Мына қарашы енді,–Сандыбай кеңк-кеңк күлді,–Сақал-Сатымды ешкім сақау деп
ойламайды. Шынында сақаудың көкесі сол.
Қарашаш қайран қалды. Сақал-Сатымды талай жылдан біледі. Сақал-Сатым
сөйлегенде аузы-аузына жұқпайды: Сақалы қалың болғанмен еріні жұқа. Ешбір
бұзып, Сейсіметке ұсап, бүлдіріп айтқанын сезген емес. Мыналар сол Сатымды сақау
деп отыр. Өзі бір жібі түзу кісі.
– Қой, қате болар,– деді Қарашаш,– кәдімгі Қуантайдың көршісі Сақал-Сатымды
атам заманнан білеміз, ол сақау адамға...
– Міне, міне! Оның сақау екенін жан білмейді. Содан да