нашарлығы, үй-ішін, бала-шағаны колхоз жылқысының көк сүтіне қаратып
отырғандығы, шаруа ойламайтын мәтөктігі, жұрттың бәрінің бір соны тәлкек, келемеж
қылатындығы, жасық, қансыздығы, тіпті тілінің сақаулығыңа шейін терген жоқ па?
Сонша не атасының құны қалып еді мұның? Сейсіметке ондай сөздер мықтап
бататын. Соны сезген сайын жаны кіріп, суқ саусағын шошайтып, бейне шоқып
тастайтындай, көзіне төнеді. Сен... сен... сен деп алып, артынан пәленсің, шүленсің,
анаусың, мынаусың, дегендерді тізеді кеп. Сонда о байғұс атып тұрып, жирен
айғырды жостыртқандай, мұны да жостыртса ғой. Жо-оқ, ол үндемейді, бақыр басын
төмен салып отыра береді. «Тақи болмаса, «мен қайтейін, Құдай құямай жүй ғой»,–
деп қиналады. Мәруәнің көз алдына Сейсіметтің екі-ақ қыртысы бар ап-аласа
маңдайы, жирен айғырдың жағындай ұзын, сопақ жағы, жоғарғы ұшы төбесінің
деңгейіне жақындап тұратын алақандай-алақандай екі құлағы, сүйегіне өлшенбей
артық пішілген бет-терісі, есінегенде апандай боп кететін үлкен аузы, тағы да сол
жирен айғырдың тісіндей ірі-ірі сарғыш тістері елестеп кетті. Мұрыны Ашақ шошағы
құсап жарланып, ылғи да көлеңке жағы көгістеніп тұратын. Шағындау атқа мінсе екі
тізесі бүктетіліп барып, аттың мойнына соғып отырады. Мойын демекші, мойын
Сейсіметте де бар. Есіне түсіріп көріп еді, жауырынына дейін жүн (шаш емес) өсіп
кеткен қырдай, етсіз желкесі елестеді: шұңқырына бір тостақан су сиғандай. Еңкіштеу
біткен кеудесін, жілікті, тарамыс, мықты қолдарын жоғарыдағы түр-бейнелерге қосып
есептегенде, келіншек, күйеуім асқан сұлу адам дей алмайды. Бұл ой көңілін онша
қанағаттандырмаған соң: «Батырға біткен тұлға ғой» деп жұбатты өзін... Сол
кеткеннен Сейсімет ертеңіне кешке бір-ақ оралды. Жирен айғырды шағылдың басына
әрлі-берлі шаптырып терлетіп ап, қайта мініпті. Ол күні жирен біраз тулап-тулап
алады да, артынан сылт шабысқа салады. Бірақ басы бұруға көнбейді. Екі езуі қызыл
ала қан. Жетектеген жаққа жүруді әрең үйретеді. Қас қарайған шақта, өздері де,
аттары да әбден болдырып, Темірәлінің үйіне құлайды. Сонда таң асыра суытып,
ертеңіне мінсе, кешегіден бетер тулайды. Қуатты иесімен таңертеңнен кешке дейін
алысқан адуын жирен қара-күрең боп келді. Тоқымның етегінен айнала ақ көбік. Екі
бүйірі солқ-солқ етеді. Сейсіметтің шақырымдай жердегі көранаға бұрғанына көнбей,
жирен айғыр қыстауға, қораға тартты. Ағаш қақпаның алдына кеп тоқтады да,
ышқына кісінеп жіберді. Кеше осы қораға қамалғаны ғана есінде қалған жануар,
шамасы, үйірін іздесе керек. Мәруә келіп шылбырынан алды. Көранаға қарай
жетектеп еді, жүре берді. Ат қазыққа әкеліп, Сейсімет бір қолымен құлағынан басып
тұрып түсті. Қолы түседі деп, қолдаулықтан қыл тұсаумен буып тұсап, басын бос
салды. Көрананың есігіне жақындағанда Сейсімет: «Шайшадым» деп келіншегінің
мықынынан қысып-қысып қойды. Қолы қандай қатты! Мәруә, күйеуі дәл қазір қысып
жібергендей, мықынын ұстай алды. Селк етіп балаларына қарады: біреуі анадай жерге
тоңқайып жатып ұйықтап қапты, біреуі қасында көзі кілкіріп қалғып отыр. Ұша
түрегеп төсек салды, ана екеуін жатқызып, жапты. Аяқ-табағын сүртіп, жинаған боп
тағы біраз күйбеңдеп отырды да, жастығына қисайды. Сейсімет жайлы ой өшетін
болмады. Ол өзі құдық қазу мен асау үйретуге батыл болғанмен, жанның қорқағы-
тын. Құмда көп кездесетін жылан, бүйі, бұзаубас сықылды залалды мақұлықтардың
бәрінен қорқатын. Ең қатты қорқатыны: кәдімгі зауза қоңыз бен шайтан. Зауза
қоңыздың ыжылдап ұшып жүргенін естісе орнында дұрыс отыра алмайды. «Мәйуә,
тұй, қоңыз жүй, ұста, құйт» деп айдалада ұшып жүрген қоңызды қуғызып, адамның
берекесін қашырады. Ал, шайтан десе шыбыны шырқырайды. Ол үшін моланың
басында «жанған от», қараңғыда миаулаған мысық, ұлыған ит бір-ақ атпен: шайтан
деп аталады. Шайтан болмаса түнде ат неден үркеді, адам неге адасады?; Біреу:
«Шайтан жоқ, ондай болмайды» десе, қатты қуанады. Бірақ, айнала беріп: «Әй,
бәйіби бай-ау, бай-ау» деп басын шайқап отырады. Сонсоң өзінің шайтанмен қалай
кездескенін әңгімелеп кетеді. Ұғымында шайтанда белгілі түр-түс, тұлға болмайды: ол
бәрі де бола алады, шынында бірі де емес. «Би түні пәлен жақтан келе жати едім,
атымды биеу кілт бұйып, жолдан шығайып жібейді, әйтеуи, ата-бабаның айуағына
сиынып, құян оқып, тиі жеттім-ау»,– дегенде беті бүлк етпейді. Құран демекші,
Сейсіметтің құраннан білетіні: «Еһі дина сия-тол, Мұстахима сиятол ләзинә
әнгамтағалайһүм ғайиол мағ’зом биғалайһүм иоззалин» ғана. Осылай, «р»-ының
орнына «и» қойып айтқанда, онсыз да түсініксіз араб сөздерінің «қай жерде өскен
ағаш» екенін адам баласы түсінбейді. Асылы, түсінбейтін нәрсесіне кісі табынғыш
келетін сықылды, үйткені, Сейсімет «Құдай», «шайтан», әруақ», «құран» аталатын
төрт ұғымның, төртеуін бірдей қарайды: төртеуіне де сенеді, төртеуін де ұқпайды.
«Шайтан» мен «әруақтан» қорыққанда ғана «Құдай» мен «құраннан» медет сұрайды.
Былайғы уақытта есіне де алмайды. Тағы бір қасиеті: төсекке жатқанда, түнде сыртқа
шыққанда, ас ішкенде аузынан «біссімілл