Аударған Жұмекен Нәжімеденов
Бұл жинаққа Халықаралық Лениндік сыйлықтың лауреаты Назым Хикметтің,
сондай-ақ демократиялық бағыттағы бір топ түрік ақындарының өлеңдері енді.
Ақындар өз шығармаларына халық өмірін, оның бостандық жолындағы күресін
арқау еткен. Сонымен бірге тұрмыста, адам арасында кездесетін жағымды, жағымсыз
құбылыстар жайында әңгіме қозғайды.
Түрік тілінен сөзбе-сөз
аударған Тофик МЕЛНИКОВ
НАЗЫМ ХИКМЕТ
ДҮНИЕ, ДОСТАР, ЖАУЛАР, ӨЗІҢ ЖӘНЕ ЖЕР
Дүниеде жаралғаным үшін де,
Мен өзімді бақытты деп санаймын.
Сүйем шексіз топырағын, жарығын,
күрестердің шоқ-отына нан пісірдім талай күн.
Соңғы метрін білсем де жер радиусының,
білсем де оның күн қасында ойыншықтай екенін,
дүние – ұлы, ұлы менің мекенім.
Дүниені келеді ылғи шарлағым:
Халықтарды көргім келеді көрмеген,
балықтарды көргім келеді көрмеген –
Жұлдыздарды түнгі аспанға өрлеген.
Европаға сапар шектім кітап жүзінде ғана,
Азиядан көрген емен хат алып.
Кварталдас көршім менің дүкенші –
екеуімізді Америкада ешкім білмей жатады.
Қарамастан осыған –
Қытай менен Испания арасы,
Аляска мен Үміт мүйісінде сол
әр теңіз, әр құрлықта қас-досым бар,–
Оларменен тілдесем.
Достарым ол көріспеген ғұмыры,
бірақ біздің әр қайсымыз, өле аламыз бостандық пен нан үшін –
адамзаттың намысы.
Ал, жауларым менің қанымды ішсек деседі безеріп,
менің де ернім кетеді сонда кезеріп.
Менің күшім – жалғыз емес екенімді сеземін.
Құпия емес мен үшін
Дүние де, оның адамдары да.
Ұлы күрес жолына аттанатын сапта орным,
Сондықтан да мекендеймін қақ төрді.
Күрессіз, жер,
қанша көркем бола бер,
ұнамас еді ұсқының,
күресің бар:
сүйкімдісің жұмыр жер,
мен сондықтан күштімін.
XX ҒАСЫР
– Қазір ұйықтап,
Жүз жылдан соң оянса ғой, сүйіктім...
– Жоқ, қорықпан ғасырымнан, қорқытпайды
мені ешкім,
мен… мен – қашқын емеспін.
Менің сорлы, қайырымсыз ғасырым,
қорқақтығы,
батылдығы айырусыз ғасырым.
Көрген емен өкініш қып мен бір де,
дүниеге тым ертерек келдім деп.
Ғасырымның перзентімін, жат маған
өзге пиғыл
соның үшін мақтанам.
Жаңа тұрмыс, жаңа қадам аттаған
күрескерлер ортасында мекенім –
соның өзі мақтануға жетеді.
– Жүз жылдан соң оянса ғой, сүйіктім...
– Жо, жоқ, қарамай бұған
туып,
өліп жатқан қайран ғасырым
бәрін түзеп жасырын
құтқарады қайғыдан.
(Менің азап-түнім орнын таң алар)
Сенің, Хатшам, жанарыңдай жанар түгел,
бір жылар да жаңарар.
АВТОБИОГРАФИЯ
1902 жылы туыппын,
қайда тудым – соққаным жоқ мен қайтып,
қайта оралу – әңгіме ғой болмайтын.
Үш жасымда Алеппода немересі ем пашаның,
он тоғызда – Москвада,
Коммунистік университетте оқыдым,
Қырық тоғызда – ЦК-да қонақ болып отырдым.
Он төрт жастан бастап өлең жасадым.
Біреулерге жақсы таныс шөп түрі,
Мақтанады:
«балық түрін көп білемін» деп бірі,
Ал, мен болсам...
Білдім құнын ақталмаған үміттің,
Біреу көктің
бар жұлдызын басқа соғып санайды,
ал, мен болсам...
айрылысуды ғана білген жігітпін.
Отельдерге таңдап қондым,
шертіп жүріп шекесін,
Түрменің де көрдім не бір көкесін.
Талай-талай ашықтым мен,
аштық жарияладым,
дүниенің таттым бірақ түрлі-түрлі тағамын,
Отызымда болды мені дарға аспақ,
мойыныма дар арқанын лақтырды;
қырық сегізімде мақтады кеп зар қақсап,
Бейбітшілік үшін сыйлық ап тындым.
Жарты жылда тас еденмен төрт-ақ метр
жер жүргенде – отыз алты жаста едім,
таң қаласың:
елу тоғызымда он сегіз-ақ сағатта өттім
Прага мен Гавананың арасын.
Ленинді тірісінде көргем жоқ,
Жиырма төртінші жылы бір
Құрметті қарауылда тік тұрғам.
1961-де ұқтырғам
Лениннің мавзолейін аралап,
Партиямнан бөлмек болған жауларымды
ықтырғам.
1951-де жас жолдаспен екеуіміз көк теңізде
қарсы бардық ажалға,
1952-де пәре-пәре жүрекпен,
жатып алып шалқадан
төрт ай күттім ажалды.
Сүйікті әйелді қызғандым мен
Жанды жайлап қапа-мұң,
күндеп көрген емен бірақ Чаплиннің де атағын.
Әйелдерді алдап кеттім кей-кейде,
ал, достарды – ешқашан.
Арақ іштім, ішкіш болғам жоқ, бірақ
үзім нанды таптым еңбек-теріммен.
Өтірікті соқтым келіп,
сұмдық бір
көрген кезде шындықты.
Өтірікті ағытып кеп жібердім
өтірігін көрмеу үшін біреудің,
Ал, кей кезде...
Жайдан-жай.
Самолетпен ұшып жүрдім ойланбай,
Көк теңізде бұрқыраған майдандай
Жүздім талай кемемен.
Операға кіріп жүрдім,
Мені өлең
дүниеге шықты алып.
Бірақ, шіркеу, мешітке
Жиырма бірінші жылдан басым сұқпадым.
Сәуегей мен балгерді
тыңдағам жоқ – қате ме?
Сәуегейлік еттім бірақ кафеде.
Жырларымды отыз-қырық ел басты,
Түркия баспайды,
Рұқсат жоқ,
Болған емен министр,
Қолдамайды
болмаймын,
есесіне, мені өлең қолдайды.
Болғаным жоқ соғыста,
Ауырғам жоқ ракпен –
Міндет те емес шығар бұл.
Басқа түссе шыдармын.
Алпыстамын,
Ойланбасқа болмайды:
ақтадым ба азаматта