ентелейді. Анау не айтса да жарыса,
жамыраса қостайды. Әр қайсысы өзінің сөз ұғатынын көрсетуге тырысады. Сары қарт
сөзін ішіндегі біреудің атын атап, соған арнап айтса, қалғандары жүдеп, қоңылтақсып
қалады. Әжімгерейдің де сонша табындыратындай тосын айтып тұрғаны шамалы...
«Биыл қыс қатты болды»... «көктем ерте шығып келеді» сықылды жай сөздер. Соған
аналар осындай «пікірді» өздері айта алмайтын сынды шұлғысады кеп. Сақалдар тым
жеңілтек, арзан шошаңдайды. Жүздерінде шын ықыласымен қайыса, қауырт ойланып
қалған кейіп бар. Анда-санда, жаңқадай біреу Әжімгерейге еліктеп ауыр бұрылып,
алыс қарайды. Ананың кішкене маңғаздығына екінші біреу төмен қарап мырс етіп
күледі. Жаңқадай қарт, домбыраның қатты бұралған шегі құсап, тыңқ-тыңқ жөтеледі.
Иегінің әр жеріндегі сақалын титтей-титтей саусақтарымен, шатысып қалатындай-ақ
салалап қояды. Онсыз да басы бірікпей тұрған сирек түк одан сайын сирей түседі.
Соны көріп әркімнің өз сақалы есіне түсті. Сақал-Сатым, буындарының үсті қыртыс-
қыртыс, арбиған қолын иегіне көміп кеп жіберді. Тағы бір қарт дөңгелек бурыл
сақалын қышыр-қышыр еткізіп уқалай қойды.
– Сіздерге шайға жүрсін деп жатыр!– Әкелген хабары үшін біреу ұстап алып
сабайтындай-ақ шешесінің бешпетін киген қалақай, ақ құба бала үйге қарай безе
жөнелді. Әлі талай сақал сипалмай қалса да, мына хабарға құлақ аспауға болмайды.
Әлденені айтып күңк-күңк күліп, қарттар қабақтан түсті. Алғашында жай, ырғалып
қозғалғанымен, үйге жакқындаған сайын жүрістері жеделдей берді. Қазан басында
жүрген топ әйелдің ішінен бір жас келіншек шалдарға қарай екі-үш аттады да, оң
тізесін бүгіп сәлем етті. «Көп жаса, шырағым!» – деді жаңағы жаңқадай қарт.
Келіншек жымың етіп: «Ақа, сізге емес, ана кісіге, әтекеме...» деді, байқамай өтіп бара
жатқан Әжімгерейді иегімен нұсқап. Әжімгерей келіншекке бұрылып: «Көп жаса,
шырақ, келін, аңғармай жатырмын, аман ба!?» – деді. Қалғандары: «Көп жаса, бала-
шағаңнын, игілігін көр», «алыстағы азаматың аман-есен келсін»,– десіп қауқылдасып
қалды. Кеңірдек-кеңірдек ұзын ақ орамалды иығынан асыра салған, қолында шойын
қара құманы бар Еділхан үлкендерге қарсы жүрді. Жігіт суды әуелі Әжімгерейдің
қолына құйғалы ұмсынып еді, Әжекең: «Жоқ, әуелі молдекеңе құй, молдекеңе»,– деді.
Анау тамағын кенеп, кәдімгідей қоразданады. Молда быртиған семіз қолдарын тез-
тез жуды да, шала-шарпы сүртіп киіз үйге қарай жүрді. Есік алдында жүрген әйелдер:
«Сіздер анда, қыстауға барасыздар»,– деді. Қарттар қыстауға кірді, әйелдер
көпшілік болғандықтан, кең, киіз үйге шұбырды. Дастарқан басына жайғасқасын
молда құран оқыды. Құранның ұзақ дыбысты сөздерін молдекең бірінің үстіне бірін
мінгестіре, дыбырлатып ала қайқайды. Әншейінде шай пісірімге созылатын мақамды
шолтаң еткізіп тауысып тастады. «Илләһи, әмин!» Молда қолын жайды. Ауыз біткен
жыбыр-жыбыр, күбір-күбір. Көз біткен алдарындағы жал-жал боп үйіліп жатқан
бауырсақ пен шелпек нанда. «Иманды болсын жарықтығым». Қолдар беттерді сипап
жатыр. Молдекең бастап ортаға таман жатқан көнпиіп піскен шелпекті сүйреп алып
ортасынан қақ айыруы мұң екен, дастарқан үсті жыпыр-жыпыр қол боп кетті. Әр
тұста ағараңдап қант шақпақтары көрінеді. Қайқаңдап толып, төгіліп келген шыны
аяқтар босап, сыңғырлап қайтады... Шайдың дастарқанына ет келді. Қайқы ернеу
шұңғыл екі табаққа салынған сиыр еті жарыса қойылды. «Иәһ, раббім, бергеніңе
шүкір!» Молдекең сақалын сипады. Әр табаққа екі-екіден тураушы отырды. Қайрала-
қайрала әбден жіңішкеріп қалған орақ-пышақтар жалаң-жұлаң етеді, Әр табақтың
жанында бір-бір аяқ сары ала тұздық. Ылжа боп піскен жас малдың сүйегі
сыпырылып-сыпырылып қапты. Осы қазір аш болмаса да, аш көз боп үйренген жұрт
бір-біріне: «Пәленшеке, жақын отырыңыз!» – деп қойып өзі итініп, табаққа таяй
береді. «Бұл ет туралып болу керек, сонсоң тағы да құран оқылып, дұға
қайтарылады... ал, алыңыздарды естігенше қай заман!» Жаңқадай қарт көңілсіз,
күңгірт отыр. Ет тураушылардың демдері ыс-ыс, шу-шу. Ыстық етті ұстап қалады да:
«уһ, уһ»,– деп саусақтарын үрлейді. Біреуі қыңқ етсе мынау екі табақ ернеулері
қайқаңдап шыға-шыға жөнелетін сын-ды, қалған жұрт жымып қапты, Анда-санда
сылқ-сылқ етіп әлдекімнің жұтынғаны естіледі. Әркімнің алдына қойылған жамбастың
сынығы, жіліктің басы сықылды ұстаған сүйектерді алуға құран оқылмай тағы
болмайды. Шек құйқасынан жұртқа бір-бір жапырақ жұлып үлестіріп, молдекең де
жұмысын бітірген-ді. Ет турап отырғандар өңшең боз бала жігіттер-тін. Жасқа сынай
қарайтын қарттықтың қашанғы әдетінше: «Осы күнгі жастар тым сылбыр ғой»,– деді
біреуі. Іштей қостап отырса да, ешкім ештеңе айтқан жоқ. Тек жаңқадай қарт қана
тыңқ-тыңқ жөтеліп қойды. Дүниеде күткеннен жаман не бар дейсіз. Күте-күте шыдамы
шиқылдап отырған молдекең есіктен Қазира кемпірдің кіруі-ақ мұң, құранды
сарнатып ала жөнелді. Шайдағыдай емес, асықпай наштап, нақыштап оқыды. Бұ
жалғанды түгел ұмытып, сонау бір белгісіз әлемнің жоғын жоқтап, күйін күйттеп, ұзақ