р фермасының меңгерушісі)
ес жоқ екен! Үйде сөйлесетін біреу бар шығар деп ойлап, үйге беттеді. Әйел есікті
ашып мұны өткізіп жіберді, артынан өзі кірді. Үйдің іші дымқыл, бір түрлі иіс
шығады. От жанып жатыр. Жаңа сылаған үй құсап, бұрыш-бұрышында бу айналады.
Пеш түбінен бір кемпір басын ыңқылдай көтерді. Қырға шығып, мал қараған кісіше,
қолын көлегейлеп сәл отырды.
– Сәлем бердік,– деді Темірәлі.
– Көтек, бұ қайсың, шырағым? Аман ба?– Кемпірдің танымағанын сезіп:
– Апа, бұ кісі басқарма ғой,– деді босағаға сүйеніп тұрған әйел.
– Е-е, қарағым-ай, әлгі қара пері... туһ, шатысқан, жұрт айта берсін, менікі не,– деп
қысыла күбірледі. – Темірәліжан екенсің ғой? Жоғары шық, отыр. Мына қыздың
көмекшісі, үйде тұзы құрғыр таусылып қалып, ана ауылға кетіп еді, көрмедің бе,
шырағым?
– Жоқ! Жеңгей, мына кісінің құлағы естімей ме?
– Иә, шырағым, естімейді. Мұның құлағы күйеуі барында кеткен. Бір жаман шығу
шығып... Алланың әмірі де...
– Мал қалай, шығын жоқ па?
– Шығын неге болмасын, бар, шырағым. Әнеугі Сағынайжан келіп-кеткелі үш сиыр
өлді. Баға алмағаннан өліп атқан жоқ, ауру, індет болып тұр ғой биыл.
– Не ауру?
– Сенатор бала адамның тілі келмейтін бір аурудың атын айтып кетті, мен білсем,
сиыр аусыл, шырағым. Аузынан су ағып былшырап тұрады-тұрады да, қисайып өле
кетеді. Шағыр мен бүргемнің қырсығы ғой бәрі, не дейсің... Ұн езіп берсе болар еді.
Ұн...
– Сау болыңыз, мен жүрем!– Тем-ақаң кемпірдің әңгімесін шорт үзіп, шыға
жөнелді.
...Тағы да шағыр мен бүргем... осымен, бір күнде екі адамның аузынан естіп отыр.
Ғұмыры екеуінің сөзін бір жерден шығарып үйренбеген ел еді ғой? Неғып бұлардың
ауыздары біріге қалды? Сірә, бір шындық болу керек.
Қыстай бұл колхоз орталығына жақын орналасқан фермалардың пішен мәселесін
шешумен жүрді. Талай пішен артқан түйені өз көзімен жөнелтті, талай арқанды өз
қолымен тартты. Пішен, бригадирлерінің ақпарына сенсе, бұ колхоздың шөбі екі
жылға жетуге тиіс. Қалған колхоздар алпыс, жетпістен аспай жатқанда «Жаңа өмір»
жүз сексен процент орындаған. Аудандық газет мұның суретімен «Біздің Тем-ақаң»
деп мақала да басты. Сондағы көп пішен қайда? Жарайды, қойға сұлыбас, сиырға
бүргем жегізіп басқарма қателессің-ақ, ферма меңгерушілері неге айтпайды? Олар да
бұрын балықшы болған ба? Жоқ, балықшылық былай тұрсын іштерінде: «май шабақ
деген қайда өседі?»–деп сұрайтындары бар. Рас, шөпті ферма-фермаға бас болып
бөлген өзі. Сонда ешкім бұған қарсы болған жоқ-ты... Жә, оны да қойшы! «Жүз сексен
процент» пішен қайда? Кейбірі ауру, арық болсын, ал, кейбір бақташының малдары
аштан өліп жатқан жоқ па?! Сонша пішеннің екі айға ғана созылған қысқа төтеп бере
алмағаны ма? Сөз жоқ, қыс қатты болды. Сонда қалай, бәр-бәрінің өтірік болғаны ма?
– деп ойлады «Біздің Тем-ақаң»...
Қыста төрт-бес мая шөпті бұзғанда астынан үлкен-үлкен шоқалдар шықты. Үйілген
маяны, әрине, ешкім кірге тартып жатпайды. Ұзындық мөлшері белгілі арқанмен
биіктігін, асып түспесін өлшейді, содан барып маяның қанша тонна тартатынын
есептеп шығарады... Шоқалдар да пішен орнына саналғаны ғой сонда? Бұл алдау емес
пе? Шөпшілер өздерінің есепшілерін алдаған, есепші бригадирді, бригадир
басқарманы, басқарма ауданды, аудан одан жоғарғыны... не деген масқара.
Қыста сол пішенді бұзып жатқандардан бұл: «тегістеу жерге үюге болмады ма
екен» деп сұрағанда, тең салып жүрген екі-үш адам күмілжіп қалды, пішен бұзушы
қарт: ойпаң жерге үйілген маяның табанына су кететінін, су кетсе шөптің шіріп,
пайдасыз болатынын дәлелдеді. Шамасы, мая салушылардың бірі соның өзі болса
керек. Бұл оған да пәлендей мән берген жоқ еді. Енді ойлап қараса, маяның бәрі
сондай шоқалдың үстіне үйілген болса, жүз сексен проценттің, кемінде, сексені өтірік.
Міне, саған ақпар! Ақпардың аржағында адамдар тұр. Пішенші, есепші, бригадир,
басқарма, аудандық партия комитеті. Пішеншінің жоспарымды орындап жақсы ат
алайын, еңбеккүн табайын деген, қара басының қамы үшін істеген кішкене ғана
қулығы қайда апарып соғып жатыр? Пішенші есепшінің өзіне сенетініне сенеді, есепші
пішеншінің адалдығына иланады. Бригадир есепшіге, басқарма бригадирге,
аудандық партия комитеті басқармаға сенеді. Адамдарға сену керек қой! (Өте дұрыс
сөз!) Бірақ бақылаған жөн. Сенетін болсаң несіне бақылайсың? Адал болған жақсы.
Адалдық деген не өзі? Аңқаулыққа апарып соқпай ма? Ал, аңқаулықтың
ақымақтықтан басқа жеткізер жері қайсы? Жеткізер жері осы. «Жаңа өмір»
колхозының жеткені болды. Сонда бригадирге сенген бұл ақымақ, есепшіге сенген
бригадир ақымақ, пішеншіге сенген есепші ақымақ... мақұл пішенші бәрінен де ақымақ
болсын...
– Тфу, шайтан!– Тәмірәлі әбден шатысты. Тастабақтағы әлде қашан суып қалған
шайын шашкесіне қайта құйды. Тас-құманға көзі түсіп кетті, қьш-қызыл шоқтың
үстінде бұған қарап булығып, селкілдеп күліп тұрған сықылданды...
Бәрін ақымақ қылған бір пішеншінің қулығы дейік, ол пішеншіге не істейміз?
Қандай жаза қолданамыз? Мықтасаң, енд