ып тұрды. Әйткенмен басын әкете алмады.
Темірдей қолдар құлақтан басып, тұмсығымен жер иіскетіп, тұқыртты да қойды.
Сейсімет атының үстіндегі ер-тұрманын ағытып алды. Сосын айғырдың аяғын
өреледі. Темірәлі (апырай, осы кісінің қайра-ты-ай!) әлі ұстап тұр. Айғырды екеулеп
ерттей бастады. Айғыр қалш-қалш етеді. Жабағының жалынан басқан қыл терлік,
жұқа киіз тоқым, сонсоң ер салды. Шап айылды тартып болып енді айнала бергенде,
жирен, шыңғырып жіберді. Айыл үзіліп кетіп, тоғасы бар ұшы Сейсіметтің иегіне тиді.
Алыстан тисе де иегі көкпеңбек болып ісіп шыға келді. Тәмірәлі: «Тісің аман болса
ештеңе етпес» дейді. Тем-ақаңның атынан алып тартқан айыл асауды имитіп, екі
бүктеп жіберді. Жиреннің шыңғыруы да жиілей берді... «Ол да бір дәурен екен-ау!»
деп күрсінеді Мәруә. Дауысы шығып кеткесін барып аузын басып, балаларына
қарайды. Екі бала тып-тыныш, тамақтарын ішіп отыр...
Содан, басына жүген кигізді. Бәрінен қиыны ауыздығын салу болды. Асау аузын
ашпай қасарып тұрып алды. Ақыры болмағасын, ұртынан қамшының сабын тығып,
әзер аштырды. Бәрі дайын: Енді міну ғана қалды. Темірәлі: «Шағылдың басына алып
шығып, біраз батпақтатып, шаршатып мін»,– дейді. Сейсімет сол арада, ауланың
ішінде-ақ мінгісі келеді. «Қойқатын несі бай, бұ да жылқы ғой». Тіпті болмағасын
басқарма «обалың өзіңе, ал, мін, бол тез!» – деп асықтырды. Сейсімет жиреннің
аяғындағы өре-жіпті шешіп алып бұған қарай лақтырып жіберді де, ерге қарғып
шықты. «Болдың ба?» – дейді Тем-ақаң, анау «болдым» дейді. Темірәлі айғырдың
құлағын қоя берді. Асау шыңғырып кеп қалды. Шелектей боп кеуіп кеткен танауының
іші қып-қызыл. Тағы шыңғырды. Бірақ орнынан қозғалмады. Сейсімет қамшымен
сауырдан тартып жіберіп, бір-екі рет тебініп көрді. Ат өз құйрығын өзі, қосаяқтап,
теуіп-теуіп тастап, түйе құсап лық шөкті де оң жақ бүйіріне аунай кетті. Сейсімет
аяғын суырып үлгірмегенде омырып тастайтын еді. «Аррам екен»,– деді Темірәлі.
Сейсімет «аййам екен»,– деді. Қамшылап тұрғызып, қайта мінді. Қораны жанай
тұрған жирен мойнын ішіне алып тосын мөңкіп қап еді, Сейсімет ауланың сыртына
жығылды. Мәруә қалай болғанын байқамай да қалды: тек қораның үстінен қылт етіп
әрі асып түскен етіктің табанын көзі шалып: «Ойбай!»,– деді. Темірәлі қарқ-қарқ
күледі. Жирен айғыр, әлгі албастыдан шынымен құтылдым ба дегендей аң-таң боп,
айнала қарап тұрып қапты. «Ой, Алла-ай десейші!» Темірәлі қанша күлсе, бұл сонша
ыза болды. Жығылса, адам құсап жығылмай ма?! Ауланың ішіндегі жер жетпегендей,
сыртына құлаған несі? Ертең онсыз да күн көрсетпейтін жұрт қайбір жетістіреді?
Жирен айғыр бір секірген екен, Сейсімет ауланың сыртына ұшып кетіпті. Шын
болғаны осы. Ал, қулар құбылтып әкеткенде... мұның аты бір елге мазақ болу деген
сөз ғой? Мәруәнің намысын келтірген сол-тын. Ауланың сыртынан алқам-салқам боп
Сейсімет көрінеді. Адамға еліктеп жасалған қарақшы құсап қолбырап, қораның үстіне
көтерілді. Одан ішке түсті. Оң жақ иығының ұшы, беті, шекесі топырақ-топырақ.
Қораның Сейсімет құлаған сыртқы тұсы ішінен аласа еді. Жел ұйтқып құмды үйіріп
әкеп, үйіп тастайтын. Бұл соған түсіпті. «Құлағаның құм болмай, жердің жарығы
болсын-дағы, бүйтіп өлтіргенше, біржола жоқ ететін» деп күйінді Мәруә. Темірәлі:
«Айттым ғой саған!»– деді. Мәруәға ол табалаған сияқты естілді. Жирен айғыр
Сейсіметтің де намысына тиген сықылды. «Қисық қой, менде би айылмайтын қисық
бай ғой!» дегенді әбден күйіп, қорланып айтты. Сілейіп тұрған асауды арқанынан
ұстап қақ маңдайдан дойырмен көміп-көміп алды. Тем-ақаң: «басына соқпа-дағы
жануардың»,– деп реніш білдірді, жаңағы үзік айылды жалғап тартып, ерге
отырды. Арқанның ұшын тақымынан өткізіп ұстады да, Сейсіметке: «Айда артынан!»
– деді. Сейсімет жаяу артынан айдап, анау сүйрелей жетектеп екеуі қақпадан шығып
кетті. «Әй, кісі ғой Тем-ақаң,– деп ойлады Мәруә,– жирен айғырмен болған сол
оқиғаны жан адамға тісінен шығармады. Қайта кейінірек, бір жерде карта ойнап
отырып Сейсіметтің өзі айтып қойыпты». Енді аңғарса, оның жығылмайды?! Асау
түгіл жуас аттан жығылып, тіпті, сынып мертігіп те жатады. Сейсіметтің Жирен айғыр
сын-ды жындыға тап-тақыр қораның ішінде тәуекел етіп мінуі, біле-білсе ерлік екен!
Бұл болса, жатып тұрып намыстанды, ыза болды. Есіл азаматтың ерлігіне сүйсінудің
орнына, ашу шақырды, қорланды. Әрине, ақылды адамдар ондайға, Темірәліге ұқсап
қарқылдап тұрып бір күледі де, артынан ұмыта салады. Өзі сықылды ақылсыздар оны
дардай уақиға көріп жүріпті. Мәруә өзін іштей кінәлай бастады. Еркектің құдықты қай
жерден қалай қазғанында, судың ащы-тұщысында, ақырында, оның ауланың қай
жағына құлағанында мұның шаруасы қанша болды?! Босқа топырақ қазса өзі
қазады, аттан құласа өзі құлайды, шаршайтын да соның өзі, әйелдің, Мәруәнің несі
кетті? Намыс ше? Намыс та соныкі. Рас, Сейсімет мал, дүние жиып көктеткен жоқ. Бұл
әйел болғалы біткені жалғыз лақты ешкі. Оны да әлдеқайдан қаңғып келген біреуге
картаға салып, ұтқызып жіберді. Соғыс басталған жылы еді ол. Сол үшін Сейсімет
қасқа қанша сөз естіді! Мұның айтпа