имын». Қарт
күліп жіберді. Аяп күлді.
– Несіне күлесің? Ниеті адал, бізге деген,– деді кемпір. «...Команди жақында біз
жеңеміз дейді. Кешікпей Бейлинге баятын көйінеміз. Бейлин пашестейдің Мәскбасы
екен»... Аяғына: алыстағы айыстай азаматыңыз Айыстанов Сейсімет» деп қол
қойыпты. Әжекең ойланып отырып-отырып, Еділханға қарап:
– Сен хатты дұрыс оқыдың ба? – деп сұрады.
– Дұрыс оқыдым, ата, қайтеді?
– Әншейін. Сен хатын әдейі Сейсімет болып сақауланып оқыды-ау деп едім.
– Жоқ Жазылғаны солай. Қайта мен тыныс белгісін...
– «Р» таңбасын қағазға да сала алмағаны ма? Тілі ғана емес, басы, қолы да сақау
болды ғой?
– Қайдап білейін, солай шығар,– деді Еділхан. Өз ұлынан бір хабар бола ма деп
дәмеленген кемпір ортайып, жүдеп қалды. Қартына:
– Жұрттың сақаулығында нең бар? Сақалыңмен ұялмайсың!– деп бір тиісті де,
ақсаңдай басып ана жаққа кетті.
– Мәруәға жазғанын оқиын ба, ата?
– Қой, оқыма. Ертең өзіне апарып оқып бер. Қуанып қалсын байғұс, күтіп жүр
ғой!–деді Әжімгерей, жастығына жантая беріп.

5
– Шүйінші, жеңеше!
Көтерем қойларды қораның күн жағына қалқитып-қалқитып шығарып, алдарына
даладан жұлып әкелген жусан, бұйырғын, сораңның ұлпасын мысқалдап салып
жүргені екі әйел жалт қарады. Екеуі де жұмыстарын тастай беріп, сауыр жүні
түйіртпек-түйіртпек, баспақ құсаған торы дөненнен түсіп жатқан Еділханға қарсы
жүрді. Мәруа Қарашаштан бұрын жетті.
– Шүйінші, жеңеше!
– Аман ба, қайным. Айтсайшы енді, сүйіншің болады ғой.
– Шүйіншіге не бересің?
– Не берейін, бір сомдық «сарқұлағым» бар, соны ал...
– Тағы не бересің?
Қапелімде аузына сөз түспей, әрі, басқа берер пұлы да жоқ екені есіне түсіп,
абдырап қалған келіншек:
– Шай қайнатып берем,– деді.
– Одан басқа? – деп қадалды анау. Жандарына келіп, екеуінің бетіне алма-кезек
қарап тұрған Қарашаш тап берді:
– Әй, бала, қысқарт қылжақты! Тап анаңды... Сүйтіп жіберсін демесең, айт
шыныңды, не хабар?
– Сейсімет ақамнан хат келді,– деді Еділхан жүзін төмен салып.
– Е, бірден сүйдемейсің бе?! «Тағы не бересің», «Одан басқа не бересің» деп
оттағанша! «Одан басқа» мынаны береді саған,– Қарашаш екі саусағының арасынан
бармағының басын көрсетті,– хатты оқы жаның барында, хақымақ!
– Еділхан қолын бүкіл тұла бойына біткен жалғыз қалтасына салып жіберіп, хатты
суырып алды. Сейсіметте жоқ тыныс белгілерді орын орнына қойып, асықпай оқып
берді. Мәруә күйеуінің сақаулығын елеген кісіге ренжіп жүретін. Соны ескеріп, «р»
әріпін де қосып оқыды. Келіншек мәз боп қуанып қалды. Үйге кіріп хатты кіші
ұлының қолына ұстатып жатып: «міне, әкеңнің жазған хаты, жыртпа»,– деп ескертті.
Әкеңнің жазған хаты дегенді – әкеңнің жазған кітабы деген сықылды етіп бір түрлі
мақтанышпен айтты.
Сол күні Мәруә, ғұмырында бірінші рет, өз күйеуі туралы көп ойлады. Арық
қойларға үйден шелектеп су тасып беріп жүріп те, от жағып отырып та, тіпті, кешкі
астың үстінде де ойлағаны күйеуі болды. Ойлаған сайын Сейсіметтің өңі жылып,
жақын тартады. Адамды күндік жерден ыза қылатын көп қылықтары, мін-мінездері
бірте-бірте еріп, жоғалып барады. Алпамсадай тұлғасына аңғал-саңғал омырауы,
арсы-гүрсі сөзі жарасатын сияқты. Бір нәрсені күні бұрын ойлап алу – онда
болмайды, ол, керісінше, істеп болып ойланады. Құдық қазу керек болса, қай жерден
қазу керек, су шыға ма, шықса ащы бола ма, тұщы бола ма – шаруасы жоқ, күректі
алады да кез-келген жерді бұрқыратып қаза бастайды. Ол тастаған топырақ
шашылып, бытырау дегенді білмейді, қанша алысқа лақтырса да, тобын жазбай
түседі. Бұл құмда Сейсіметтің бойынан терең құдық болған емес. Сондай құдықты шай
қайнағанша қазып келе береді. Бірақ, шай ішіп қайта барса, көбіне-көп, құдық құлап
жатады. Өйткені көздеуін білмейді. Мәруә оған құдық көздетпейтін. Көздеулікке
жеткенше қаздырады да, ар жағын өзі істейді. Сейсімет болса: «Ойыңқия, ойыңқия, су
өнбей қалады, маған бейші!» – деп жар басында дігір салады. Мұның пышырай
ұшқан топырағын көріп шыдамы таусылады. Бұл көздеген құдыққа, сөз жоқ, су аз
енеді. «Аз өнсе мейлі, құламайды ғой әйтеуір!» Мәруәнің ойы осы. Сейсімет өзінше
түйеді: «Аузын ұйып аудайып тастамағасын іс бола ма!» Күйеуінің осындай сөздері
есіне түскенде күліп жібереді. Айтпақшы, асау үйреткені қалай еді? Иә, иә-ә.
Темірәлінің жаңадан басқарма болған кезі. Күн тал түс, шыжып тұр. Темақаң екеуі бір
үйір жылқыны қораға әрең қамады. Ауланың аласалау жерлерінен жылқылар қарғып-
қарғып шығып маза бермеді. Мұны атынан түсіріп, қолына құрық берді, қораның
үстіне қойды. Ентелеп келе бергендерін жасқайды. Аула үлкен-ді. Үстінде әрлі-берлі
жүгіріп өкпесі өшті. Көздегендері жирен айғыр. Алдында Темірәлі: «Осыны үйрету
керек, қайратты жылқы, қысқы мініске жақсы»,– деп отырған. Жирен дөнен айғыр.
Асау бас жүген-құрық түгіл, құлын күнінде ноқта да көрмеген. Тем-ақаң
қанжығасынан суға салып, шығыршықтап ілген кендір арқанды шешіп алды. Өздері
аттың үстінде жылқымен араласып жүр. Ауызда үлкен ағаш қақ