қирағаттап барып әрең тоқтады. Қуантай қартқа құшақ-құшақ иман тілеп, беттерін
сипасты. Қазира кемпір рұқсат айтып, дәм ауыз тиді де, шығып кетті. Ет жеу науқаны
«бісмілда, тие берсінмен» басталды. Түрлі түсті, жуанды-жіңішкелі қолдар табақ пен
ауыздың арасына дамылсыз қатынайды. Әп-сәтте ту-талапайдан босаған қос табақ
қайқаң-қайқаң етіп шыға-шыға келісті. Шұбар аяқтармен шұбырып кірген сорпа да
сорапталып бітіп жатты. Жұрт әбден бүйірлеп, шегініп-шегініп отырысты. Босағадағы
қазықтан жүген, айыл, қамшы сықылды қайыстан жасалған мүліктер таратылып, қол
сүртуге берілді. Отырғандар қолын, аузын, тіпті, мұртына шейін жүгенге сүртті.
Қанша жүген, қанша айылды былғаса да қолының майы таусылмаған молда іргеге
қарай аяғын созып жіберіп, мәсісін майлады. Біреу: «Молдеке, төсекті бүлдіресіз
ғой»,– деп еді, анау: «Күпір болмаң!» – деп күңк етті. Тағы да құран оқылып барып ас
қайырылды. Қол жуылды. «Ойдағы шаруа еді, бұ да бітті» дегендей, жұрт
томпиысып-томпиысып отыр. Әлдекім сөз бастады:
– Қыр елі тоқ қой. Тоқпыз ғой. Аралдағылар атшоңқай жеп атқан көрінеді.
– Алла-ай, сақтай гөр!
– Темірәлі басқарма Қошалақтың бүкіл шоқалын өлшетіп, хаттатып жатыр дейді.–
Манағы жаңқадай қарт тық-тық күлді. Тоқ жұрт тосын әңгімеге елең ете қалды:
– Оны қайтеді?
– А, Құдай, алсаң жөніңе ал!
– Шоқалда не ақысы бар?
– Пішеншілердің өтірігін шығарам депті.
– Сонда шоқал өлшете ме?
– Астапыралла, Құдайдан безген ғой ол!
– Сейсенбай, сен мұны қайдан естідің, шын ба өзі?
– Білләһи, әжеке. Кеше Сағынай айтты.
– Сағынай айтса шын болды. Бірге жүрген адам ғой,– деді біреу. Мына хабарға
жұрт таңырқай қарасты. Қошалақтың қай шоқалын өлшеп тауысады? Пішеншілердің
өтірігі не өтірік? Оның шоқалға қандай қатысы бар? Осы сықылды таң қалған
сұрақтар тұс-тұстан естіліп жатты. «Шоқал өлшейді» дейді?
– Әй, Алла сақтасын!– деп күлді біреу.
Темірәлінің мінез-құлқына бұрын да түсініп жарымайтын жұрт мынасына тіпті
қайран. Оның оғаш, содыр қимылы көпке аян-ды. Ылғи баттитып, бетке басып жүреді.
Кісінің көңіліне қарау, алдап-сулау жоқ. Кім туралы не ойласа соны айтады. Көзін
бақырайтып қойып: «Сен жалқаусың», «сен өтірікшісің», «сен арамсың» дегенде беті
бүлк етпейді. Екі жыл бұрын, алғаш басқарма болған кезінде талай адамды түңілтіп
алды «Пәленшеке», «түгеншеке» сықылды көпшікке дағдыланған көп құйрық
жалаңаш тақтайға отырғандай болды.
«Қара пері» атандырған да сондай қылықтары-тын. Осында отырған қарттардың
да біразы өкпелі. Көңіл түкпірінде бұғып жатқан сол кішкене оттарға мына хабар май
құйып жіберді. Бір-екеуі көріне көзге басқарманы ақтағансыды. Бір-екеуі шынын
айтты. Үйдің іші екі ұдай болып кәдімгідей кіржіңдесіп, қырқылдасып алды да, сол
қызумен далаға шықты. Күн еңкейін барады. Ауа манағыдай емес, салқын, сыз
тартыпты. Көлеңкеде қалған қар сұрқай, ызғарлы.
Мәруә бір шылапшын сүйекті анадай жерге апарып төге салды. Ақ тікен шоқалды,
ет-шоланды айнала тіміскіп жүрген бір топ ит тұра ұмтылды.
Қонақтар тарай бастады. Ылғи көліктілер бастары қайқайып-қайқайып жан-жаққа
кетіп барады. Жұрттың соңын ала шыққан Әжімгерей қара інгеннің борбайын орай
бір тартып, бүлкілдей жөнелді. Түйе желгенде денелі қарттың екі шынтағы өкпесін
соғады. Ұзаңқырап барып артына қайрылды: «Қорашыл, кә!» Манағы төрт көз қара
төбеттен аулағырақта бір жіліктің басын қайзап жатқан қызыл ит тұра шапты.
Арсалаң-арсалаң етіп, түйелі кісіні қуып жеткеніне сонша мәз. Түйенің о жағына бір,
бұ жағына бір шығып, осы мен бірдеңені бүлдіріп қойған жоқпын ба дегендей, иесінің
бетіне жалтақ-жалтақ қарайды. Қалмағанын, келгенін білдіру үшін қыңсылап дыбыс
берді. Иесі жекіріп тастады:
– Кет, жоғал!–Қорашыл түйенің алдындағы жолға түсіп, шауып ала жоғалды.
Әжімгерей: «Осы жұрт не боп кеткен өзі?! Әңгіме ететіндері біреудің ішкен асы, киген
киімі,– деп ойлады түйесін қамшылай түсіп,– бір жерде сөз бола қалса, ішінде «ақ
бауырсақ» жүреді. Темірәлінің аты аталса, «ақ бауырсақ» та аталады. Сонда, бір елді
басқарып отырған адам бауырсақ та жемесін бе? Баяғыда болыстар елден жылқыны
үйірлеп, қойды қоралап алатын, бүгінгінің әкімі бір түрлі, қызық. Кейде өз малыңды
өзіңе сойғызбайды. Кеше сол басқарма үйге келді. «Көрісе келдім» дейді. Жартылай
аш елден не жарып жүр дейсің! Мал сойып қонақ етпек болды. Қызыл ісекті соймақ-
ты. Жібін, пышағын алып далаға шыққан, басқарма ере шықты. «Олай болса мен
кетем!». Бар айтқан сөзі. Шынымен кететінін сезгесін, амал жоқ, құр шаймен
аттандырды. Сонша қарапайым жан. Құмаршықтың нанын өлгенше жеді. Өзі бұл
көрген әкімдердің біріне ұқсамайды. Айтпақшы пері деп неге атайды? Пері сондай
бола ма! Сап-салмақты ақыл-есі бүтін сияқты. Пері кісіге ел басқартып ауданды пері
қағып па?!.. Тіпті, Темірәлінің қоралап жесе де – өз малы емес пе? Әй, осы жұрт-ай!»
Басқарып отырған адамның не істесе-еркі түсінетін Әжімгерей, елдің сөзін шектен тыс
құйтылық, ұсақтық санайды. «Ал, шоқал өлшеткенінде не бар? Пішеншілердің шө