аурумын дейді.
– Неғылған ауру? Жерік шығар ол атаңа нәлет?
– ?
– Бізді жұрт дастарқанға ақ бауырсақ шашады,– деп аңыз етеді.
– Елдің көбі сұлының нанына қарады. Сен болсаң ақ бауырсақты табақтап...
Басқарманың ақ сазан қатыны... Таңертең апарып қой бағуға салам, үйтетін болса...
Мына айтып отырғаны Темірәлінің өз сөзі емес-тін. Мана қыс түскелі бара алмаған
ауылдарын аралаған. Сонда Қарашашқа да соқты, Күзде берген екі жүз елу бастан
жүз алпысы қалған. Көтерем қойлардың өлімтігін текшелеп үйіп қойыпты. Қораның
биіктігімен бірдей. Әлі қанша биіктерін кім біледі?! Күн жылып, қар ерігеннен бері
шығын көбеймесе азаймаған. Сұлыбас пішен таусылуға таяпты. Қораның іші су, қи-
соқта. Сары жамбас болып, түгіне су өткен, қыстың аязынан әрең шыққан арық
қойлар құйрықтары бүрісіп, қиқым сиқымды теріп жеген болады.
– Қораны неге тазартпайсыңдар?
– Тазартамыз, үлгіре алмаймыз.
– Мына бір уыс жадау қой осынша көп сие ме?
– Көбі қардың суы ғой.
– Ол қарды ерімей тұрғанда неге күреп атпадыңдар?
– Күреп атқанбыз. Еріген соң қайта келді.
– Қайта келдісі қалай?
– Бұл шеген қора. Тұрған жері ойпаң. Сыртта еріген қар әрі қарай ағып кететін
жері болмаса, қайта келмегенде қайтеді?
– Мынаны да сабан дейсіңдер ме? – Темірәлі үйіндіден бір уыс сұлыбасты суырып
алады.
– Жоқ, пішен дейміз.
– Неге ысырап қыласыңдар? Сиыр фермасы осының бір талына зар.
– Зар болса, қияқ пішенді сиыр мен жылқыға беру керек.
– Қойға не береміз?
– Қойға жусан аралас бала бүргем, май-қаңбақ, шағырдың бүрін бер.– Темірәлі
Қарашаштың бетіне қадалып қарады. Сенбей тұр. Осыны қара күзде, кім еді, басқа
біреу де айтқан. Бұл өзі бала жасынан балық аулаған-ды. Одан шығып осы колхозға
келіп жылқы бақты. Жылқышы Темірәлінің көзімен қарағанда, сұлыбастан артық
қырда пішен болмайды. Көктемдегі балауса қияқты қой-ешкінің быртылдатып үзіп,
жайылып жүргенін талай көрді. Сол қияқтан шабылған пішен емес пе бұл? Әй, осы
қатын деген жұрттың әдеті-ай. Әулиесімей жүрмейді-ау! Мына қатынның сөзін
қарашы! Кәдімгідей шаруа үйретеді. Мұны шаруа білмейді деп тұр ғой? Темірәлінің
басқармалық намысы келіп кетті.
– Қойдың не жейтінін білем мен. Сен осынша қойды неге өлтірдің, соған жауап
берші, қані?
– Мен өлтіргенім жоқ, өзі өлді қойдың.
– Жоқ, неге өледі деймін мен саған? – деп даусын бір саты көтерді.
– Аннан-мыннан теріп алған арық қой. Қыс анадай болды, пішен мынау, өлмегенде
қайтеді? – деп қатайды анау да.
– Ауыздарыңмен бір сөз болып ақыл таластырғаннан басқа түк бітірмейсіңдер,
қатындар!– Басқарма бұрқ етті.
– Қайт дейсің бізге енді? Барымызды салып-ақ бақтық. Болмайды!– деді Қарашаш
кінәлі пішінмен.
– Халқың қатын болғасын, батырлықтан не пайда деген осы!– Темірәлі теріс
айналды.
– Сен үйтіп қатын-қатын деп күйдірме кісіні. Қатын болуды Құдайдан сұрап
алғаным жоқ мен. Маған сенбесең ана өз қатыныңды әкеп сал. Кешке дейін мына
қораны екеуміз тазалайық. Қалай болады екен қой баққан, көрсін! Сазандай етіп ақ
бауырсақпен бағып, асып жейсің бе оны?
– Тфу!
Темірәлі асыға басып қораның сыртына қалдырған атына қарай жүрді. Соңғы сөзді
кейіп тұрып артық айтып қойдым-ау деп ойлады Қарашаш. Жаман-жақсы болсын ел
басқарып отырған адам. Қанша еркек болайын десең де ашуланған кезде әйел боп
шыға келесің. Қап! Темірәлінің артынан ерді. Тем-ақаң атының бауырына кеткен
ерін түзеп салып жатыр.
– Темірәлі, ренжіме. Жаның күйсе сен де қатынның сөзін айтасың. Шай ішпейсің бе
біздің үйден?
Анау үндемеді. Шылбырын шешіп, ерінің қасына ілді. Қарашаш қолтығынан
демейін дегенше, атына мініп алды. Үлкен, тостақ көздерімен шатынай бір қарады да,
бауырға тартып қап шоқыта жөнелді.
– Мәруәнің наны таусылды. Ұн бергіз. Маған керегі жоқ,– деп дауыстады
Қарашаш артынан. Темірәлі оны естіген-естімегені белгісіз, алаңқайланып қалған
жердің қары мен балшығын араластыра шашып, шауып бара жатты...
– Мұздай ғой мынауың!
Шайдың суығанына құюшы емес, ішуші кінәлі екенін есіне алған жоқ. Әйелі
табадағы шоқта қайнап тұрған құманның қақпағын сәл ашып қойды. Онысы: «қайнап
жатыр ғой, көрмейсің бе?» дегені-тін. Әттең, күйеуі оған көз қырын да салмады...
Сол шабыстан шауып отырып бер жағындағы сиыр фермасына соқты. Сиыршы
әйелдің қорасы дөңдеу жерде екен, ұмтылып қарап еді, іші құрғақ, тап-тұйнақтай таза.
Сиырлар қорадан айнала шуақтайды. Өзі ауланың күн жағында күбір жайып отыр.
Жалаңаш қолдары сары ала, сатал-сатал. Арт жағына түсіп, атын байлады, жөтелді.
Қарамайды. Қамшысын сүйретіп қасына келді, онда да елең еткен жоқ. Иығынан
түртіп қалды. Әйел атып тұрып, үрейлі көзбен мұның бетіне қарады.
– Амансыздар ма? Малдарың қалай?
– Күбір жайып отыр едім,– деп ыңғайсызданды әйел.
– Өлім-жітім жоқ па?
– Қыстаудың төбесінен тамшы ағады.
– Әй, өзің неткен жансың, есің дұрыс па?
– Кептіріп салмаса бел ағашты майыстырып жібереді.
– Үйге кіріңіз,– деді әйел.
– Саған сеніп мал тапсырып жүрген Сағынайда да (сиы