әйім таза, аппақ болатынын, ақырында жынды боп шоқал
санатып жатқанын қайта-қайта айтты. Сол үшін тістері сойдаңдасып біраз таласты.
Ішінде Тәмірәлінің жақтайтындары аз боп шықты. Жақтағандары, көріне, өтірік
жақтайды: қарсы жақтың сөзіне жауап таба алмаған болып өтірік дағдарады, өтірік
жеңіледі. Екі ортада Темірәлі жаман кісі деген пікір туады. Көбіне керегі де сол
секілді. Бәрі бітіп, соның жаман кісі болуы ғана қалған сынды. Мінін айтқандар мәз
боп, қуанып айтады. Не деген ұсақ қуаныш десеңші!..– деп ойлады. Қарттың көз
алдында олардың жымыраңдап ет жегендері тұр. Иә, шамалы жұртсың-ау, ағайын!..
Сонсоң бәрі далаға шықты. Ауыздарында баяғы шоқал. Әбден шыдамы біткен бұл:
«Кез келген тышқан ін қазып, жылан жұмыртқалап атқан даланың шоқалын
басқармадан қызғанасыңдар ма, өлшей берсін, тастаңдар оны!»– деп қайырды. Жұрт
алғашқысын әзіл екен деп, тұс-тұстан ауыздарын ыржитып күлуге дайындалып
қалған, соңғысын естіп, және қарттың кейісті жүзін көріп жым болды... Қуантай
марқұмның қырқын беруге жиналған ауыл ақсақалдары, сөйтіп, әзер тараған-ды...
– Сейсіметтен хат келді!– Алдынан жүгіріп шыққан шөтке шаш қара баланың екі
танауы делдиіп кетіпті. Кішкене, ағы аз қара көздері күлім-күлім кетеді. Әлдеқашан
келген Қорашыл бітеу қораның үстіндегі шөбі оязданып қалған жерден қарғып түсіп,
иесіне құйрығын бір-екі рет бұлғап жағынды да, қара баланың қолын жалап-жалап
алып, қайтадан орнына жатты. Әжекең түйесін шөгеріп байлады; үстіндегі киіз,
көрпесін құшақтап үйге беттеді.
– Сейсіметтен хат келді!
Отқа нан көміп отырған кемпірінің алғаш айтқан сөзі осы. Баяғыда «ақ патша»
тақтан түсіпті дегенді де осы кемпірінің аузынан естіген. Бұл үй үшін Сейсіметтің хаты
одан кем жаңалық болмаған тәрізді. Қарт сыртқы киімдерін шешіп, жастық-ағашына
қисайды. Бала жүгіріп барып терезенің алдынан үш бұрыштар бүктелген хатты әкеліп
көрсетті.
– Еділханды шақыршы!– Ана жақтан кемпір келіп шалының төменгі жағына тізе
бүкті:
– Бағана ақсақ пошта беріп еді. Сейсіметтің хаты дейді. Оқышы, қарағым, не деді
екен. Бәлкім, Садықжанды көрген болар!– деп ентеледі. Еділхан хатты ашып қарады.
Әріптер бірінен-бірі үркіп, сөздің басын әрең біріктіріпті. Бір әрпі үлкен, бір әрпі кіші,
үтір, нүкте дегендерді Сейсақаң артық байлық санаса керек, еш жерге қоймапты. Өзін
сиямен жазыпты. Әр жерге құстырып, шашыратып былағайлап-ақ баққан. Кейбір
әріптері – әріптен гөрі жыңғылдың бұтағына көбірек ұқсайды. Дәлірек айтқанда, өзі
оқымысты, өзі шектен тыс қайырымды бір қарға екі аяғын сияға кезек-кезек малып
алып, ақ қағаздың үстімен талтаңдап, әрлі-берлі жүрген сықылды. Хат екеу еді. Бірі
Әжімгерейге, бірі Мәруаға арналыпты. Еділхан дауыстап оқығанда мүдірмеу үшін,
әуелі ішінен оқыды. Мұның мүдіргенін манадан бері тынып күтіп қалған кемпір
басқаға жорыды:
– Қарағым-ау, неғып отырсың... жаманат бар ма?– деп үрейленді.
– Жо-жоқ, шеше, жазуы түсініксіз екен!
Дүниеде Еділхан түсінбейтін жазу бар деп ойламайтын кемпір, бәрібір сенген жоқ.
Бірақ, амалсыз шыдауға кіріптар болды. Еділхан, кемпір-шал ынтыққан сайын, кідіре
түседі.
Хатты олай-бұлай аударып, кей тұстарында жымың-жымың күледі. Аяқ астынан
аңқау тауып, жоқ жерден жұмбақ жасап алғанына рақаттанып отыр. Бір мезгілде
барып қопаңдай қозғалып, тамағын кенеді. Ана екеуі тынысы бітіп қалғандай,
қимылсыз. Кемпір-шалға кезек-кезек қарап ап, Еділхан хатты оқи жөнелді:
«Алтыннан айдақты, қойғасыннан салмақты, алыстағы Ашақ шошағының құбыла
бауйында тейектей болып отиған біздің құйметті нағашымыз, аман-сау жүйсіз бе?
Қоя-қопсыңыз аман ба? Біз де аманбыз. Құдайдың шашқан изығын тейіп жеп жүйміз.
Мұнда менің аптайтетім жоғайы. Каманди, ойыс демесеңіз, тәуи адам. Би күні окоп
қазып жати едім, жаныма келіп: «Қайоши қазақ, капайт умейш»,– деп айқамнан
қақты. Көңілім көтейіліп қалды. Жиен айғиға мініп, Ашақтың басына шыққандай
болдым»...
– Алда, қарағым-ай, қайтсін енді,– деп күрсінді кемпір. «Алыс жейдің дәмі тайтып
келгесін, жейде абиойлы болған айтық қой, нағашеке-ау, жаман жиеніңіздің
абиойы айтып тұй. Жақында сап-сайы алтын ойденмен нагиятталдым. Елге тиі
байсам ойынға тұйып, шешем екеуіңізді оң қанатыма алаймын деп отимын». Қарт
күліп жіберді. Аяп күлді.
– Несіне күлесің? Ниеті адал, бізге деген,– деді кемпір. «...Команди жақында біз
жеңеміз дейді. Кешікпей Бейлинге баятын көйінеміз. Бейлин пашестейдің Мәскбасы
екен»... Аяғына: алыстағы айыстай азаматыңыз Айыстанов Сейсімет» деп қол
қойыпты. Әжекең ойланып отырып-отырып, Еділханға қарап:
– Сен хатты дұрыс оқыдың ба? – деп сұрады.
– Дұрыс оқыдым, ата, қайтеді?
– Әншейін. Сен хатын әдейі Сейсімет болып сақауланып оқыды-ау деп едім.
– Жоқ Жазылғаны солай. Қайта мен тыныс белгісін...
– «Р» таңбасын қағазға да сала алмағаны ма? Тілі ғана емес, басы, қолы да сақау
болды ғой?
– Қайдап білейін, солай шығар,– деді Еділхан. Өз ұлынан бір хабар бола ма деп
дәмеленген кемпір ортайып, жүдеп қалды. Қартына:
– Жұрттың сақаулығында нең бар? Сақалыңмен ұялмайсың!