«Алысқа қара, бол ғашық
Өзіңе емес, өзгеге».
Алысты көру көрегендік емес пе екен? Қарай білу де қасиет шығар? Өзгеге ғашық болу өзіңді ұмыту ғой? Өзіңді де, өзгені де ұмыту өнерге ұмтылу.
Зерттеу тәртібі, тәлімі, тәсілі - өзіңді, өзгені, өмірді ұмытып, қолынан жақсы іс келгенді іздеу. «Ұнатқан сайын өзіңді өзгеге суыйсың». Өзіңді де, өзгені де ұмытып өлеңге өту. Бәрінен бас тарту. Нар тәуекел. Ұлтта ұмытылған ұлы ақындар қалмасын. «Халық қаласа хан түйесін сояды». Ақын халыққа жақын, халық ақынға жақын. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық. Пенделерге өмірдің, өнердің бұлжымас осы заңдылығы маза бермейді. Ұлт басшысы мен ұлт ақынының жанында ұлттық әкім, ұлттық меценат, ұлттық оқырман табылуы тиіс. Қосындылардың орнын ауыстыруға болмайды. Ұлттық мемлекеттің тірегі ұлттық тіл. Ұлттық тіл жоқ жұртта ұрт пен бұт қалып, басынан бұлт пен қайғы тарқамас. Көкжиекті тазартар тек бірлік, ұлт болып ұлттық тілде ұйысу. «Өнерді ұлттан, ұлтты өнерден айырғанда... екеуі де құрымай ма?» деген Жұмекен - Идаят сауал-тұжырымы негізді, заңды. Өмір- өнер. Өлең- өмір.
Біздің ниет, шын пейіл: өлең - өнердің бал дәмін тату. Толқып тұрып толғау. Тәтті әрі терең ойға бару. Жалын-жасын Жұмекен жырынан тұтану. Өнерін, өмірін үлгі, өнеге тұту. Толықтануға тырысу. Тілеуіңді тек тәңірден тілеу. Талант пен тұлғаны тұтынушылық тұрғысынан тану теріс екенін түсіну. Тексіздік пен түңілу, тарығуды тастау. Тек қана, таза тану, түсіну, түйсіну, талдау, таныстыру, тарату. Таңдана талантына таңқалу. Тағлымдану, таразыға тартып толғану талпынысы. Тізілген түзу тіркестерге тебірену, тербелу. Түгел түсінуге тер төгу. Тың тақырыпты, тынысты, тыныштықты, тазалықты тауып тыншу. Туған жерге, табалдырыққа табыну, танысу, табысу, тағаттану, тәрбиелену. Туған топырақты жастанып жатуды бақыт деп тану. Тұлғаны тудыратын тіл, талант, талап, табандылық, төзім. Төбе би биігінен, білімді, білікті биліктен, төр мен төреден тәуелсіз төрелік төгілсін. Жырласақ Жұмекендей жырлайық. Егілсек Жұмекен гүлдей егілейік. Тұнып тұрған түрлі түс пен түр, бояуына қанығу. Таңдаудан таймау. Тар жол таяғақ кешуден тайынбау. Тектілікпен тік тұру. Теңмен тең түсу, тепкіге төзбеу. Табиғаттың төл туындысы таспа, тәлкек талқыға тартпа тарлан талантты. Алтын күн аспанда түркіге тән тағдыр пен тарих тағлымын таңдау. Төңкеріс пен теңсіздік, төбелес, теке-тірестен бас тарту. «Бейбітшілік керек бізге мәңгілік». Тіршілікте тартыс пен тартылысты тең танымай, тіл табыс, тарылма. Тақ пен баққа тура тарт. «Жақтырмаған жанарлардан жасыма». Туыңды Таңбалы тастан тартылған темірдей тәртіп, тәлім-тәрбиемен тәуелсіздік тұғырына тік. Біздің таңдау - тура жол. Жұмекентануда тікелей тарих пен тағдырдың тарам-тарамды, тарау-тараулы, түрлі-түсті тұстары тұнып тұрған, тапсырыссыз, тапсырмасыз, тәуелсіз, бейтарап талдауды таңдадық. Жүрек кірін, мінез мінін тазартуды, тазаруды ойға алдық. Сіз де, біз де оқырманбыз. Қандай да бір мәселе жөнінде пікір білдірсек біз кітаптардан оқып, көңілге тоқыған ойшылдар ойларына сүйеніп, негізге аламыз. Жазу барысында әр елдің, әр кездің, әртүрлі ойшыл, ақындары, ғалымдардың ойларын тақырыпқа сай қолданып, пайдаланып, қорытып керегімізге жараттық. Барлығын тізбелеп, сілтеме жасау мүмкін де емес, бәрібір ол ойлар, сезімдер, ұғымдар өзіміз арқылы өзіндік ойлау жүйесі елегінен өткізілген соң өзгеріске де түсті. Ақын, жазушылар, ғалымдар - барлығы да бірінші кезекте оқушылар. Көктен түскен төрт кітаптан артылған ештеңе жоқ.Жаңалықтың бәрі табиғи заңдылықтан шыққан дүниелер. Абай артық ғылым кітапта деп соны меңзеп кеткен. Негізінде ой мен мәдениет бір адамға, жеке ұлтқа ғана тиесілі емес. Ол адамзат аталатын адамдар ұрпағының өмірлік тәжірибесі, білімі - бәрімізге бірдей тиесілі ортақ қазына. Кең толғау мен үлкен ойда Абайға жүгіндік. Әр сәт сайын Абай осы тұста не айтты екен, не к