імен
тыңдап қалған, кенет, сыртқа, коридорға шығатын бақырауық есік ашылып, қоқып-
соқып Ақпан қарт кіріп келе жатты. Бекең дереу нығызданып, сыздай қойды.
Қарттың бірдеңе сұрай келуі кәдік қой! Қатайып, алдын ала дайындалып отырсаң –
алдырмайсың.
Ықыласов бала күнінде пысық бопты. Сол пысықтығының арқасында сабақты
нашар оқыды. Бар уақыты мұғалімдердің малын суарып, шөбін жинауға кетті. Бар
назары солардын қас-қабағын аңдуға жұмсалды. Бірінші кластың партасына он үш
жасында отырған, он сегізінде бесіншіні бітірді, қайтып мектеп көруден аман. Әуелі
пішеншілерге звено бастық, сосын бригадир... Өстіп, отыз жыл бойы үздіксіз
өсуінің нәтижесінде, екінші басқарма атанды. Қазір міне, басқарма, басқарма
болғанда нағыз өзі, екінші-мекінші емес. Ғұмыр бойы басшыларды бақты:
сөйлегені, күлгені, атқа, тіпті, түзге отырысына шейін үйренуге тырысты, үйренді
де. Бірақ ешқашан ешкімнің сөзіне, ісіне көңіл қоймаған. Сөзді шай, ас үстінің
ермегі санайды. Ал, істі, жұмысты бар ма? Оны басшылық қолынан келмеген
адамдар атқарады. Бекеңнің түпкі ойы осы. Қызмет пен мансапты бөліп қарайды.
Темақаңды бірден-ақ басқармалыққа жарамсыз санаған: «Мына жолдас басшы
болып тумаған кісі» деді. Түбі сонысы расқа шықты. Ала өкпе боп, әрі шауьш, бері
шауып, ақыры сотталып кетті: Енді Бекеңнің әулиеден айырмасы қайсы? Болса –
асасы мен сәлдесінің жоқтығы шығар?! Әйткенмен, Темірәліге қарсы бір ауыз сөз
айтып көрген жан емес-ті. Ерлігі – сырттан ғана. Алдында жорғалай жөнелетін.
Шыға бере: «мен қайтейін, көнбейді» деп маңырайды.
Өзі әрі басқарма, әрі мәдениетті. Әсіресе, қол бергені-ақ әдемі. Кісінің қолын
тоңқаңдап қысады. Бұл – иілгендегісі. Иілуге бел, омыртқа керек, о кісіде ондай
жоқ. Сәл еңкейсе болды – артының бәрі бөксе, құйрық боп көрінеді. Сондықтан,
еңкейгені – тоңқайғаны. Ал, атқа мінсе өте тынымсыз. Атына да, қасына ерген
серікке де маза бермейді. Жолға шыққанда қону, түстену секілді адам табиғатына
тән тынығу, тамақтануға тартатын мағынасы бар сөздерге жаны қас. Ондайды
аузына алған кісіні кешірмейді. Айтпай, білдірмей істе – еркің. Бекеңде құйрық пен
қарыннан басқа тағы бір асыл бар. Ол – ақыл. Кімнің алдында құйрықты, кімнің
алдында қарынды көрсету керек екенін білдіретін ақыл. Мәселен, ауданға келсе
Абай орта мектебінің шығыс қатарындағы шифрлы, үлкен үйдің итіне шейін
тоңқаңдап жүріп, қолы, болмаса, алдыңғы аяғының бірін қысады. Ауылда...
қайқайып тұрып, қарынымен амандасады: қарынының үстінен сәл асыра, екі
қолының қай ыңғайлы тұрғанын былқ еткізіп тастай салады. Емешең құрып бара
жатса, өзің ұмтылып ұста! Бір қасиеті жанында бағыныштылар барда ешкімге
тоңқаңдамайды, қайта салмақсып, күмпиіп көрінуге тырысады. Оңашада – өзі
біледі. Мұның бәрін басшы адамның білігі, тәжірибесі санайды. Соңғы кездері қол
беру, сәлемдесу төңірегіндегі өзі тәсілін мәдениет, этика қатарына да қосып жүр.
Темірәлі кеткесін, амал жоқ, орнын басты. Алғашқы кезде өңі ме, түсі ме – айыра
алмады. Темақаң ыдырынып кіріп келетін секілденді де тұрды. «Сені, шіркін, етке
берсе, құрығанда, он ісегіміз жанымызға қалар еді!» Біріншінің, әй, астам ғой,
астам, екінші жайлы пікірінің түрі!..
Кеше сағат алғалы, тіпті нық, тіпті сенімді. Әркім өзін-өзі орнында сезінгенге не
жетсін! Ортаңғы есік ашылып кетті. Дәмелі аузын алақанымен баса қойды: топса
әбден қажалған, барынша көне еді, қанша дыбыссыз ашам дегенмен болмады,
қақпақты қайырып жібергенде Ықыласов мойнына сай жылдамдықпен күжірейе,
доғал бұрылды: жалт қарағаны. Торсаңдап барып жауып келді. Сол сәтте сыңқ-
сыңқ күлген әйел даусы естілді...
Ақпан қарт келген шаруасын отыз бір минут (енді сағат бар, уақытты дәл
есептеуге болады) айтып, әрең жеткізді. Басқарма столына жабылған қызыл
матаның әр жерін керіп-созып, сипалаумен отыр. Бір қауым газеттің ішінен
«Социалистік жолды» (басқасын қарамайды) суырып ап, тура қарнынын үстіне
жапты. «Мал қыстан ойдағыдай шықты» деген мақаланың орта тұсына қадалды.
«Сондай-ақ малы ерен көп «Жаңаөмір» колхозының председателі Ықыласов
жолдас»,– дегенді оқыды. Әр жағын, партия ұйымының секретары деп,
секретардың аты-жөнін келтірген жерін қарауға ерінді. Басын, тағы да мойнына
лайық жылдамдықпен көтеріп ап, сағатқа көз салды: аман-сау, орнында, сырт-сырт,
сырт-сырт. Шаруасы түгел кісінің тоқмейілдігімен ұз-а-ақ бір есінегісі келген,
бұғағы төсіне тіреліп қап, аузын аштырмай қойды. Сосын Ақпанға бұрылды:
– Ме-е-ее, ақсақал жолдас, сонымен саған күрек керек, а-а? Дұрыс, жарайды,
жарайды,– деді.– Ұңғысынан сынады, а-а? Неге өйтеді ол? Күрек неге сынады?
Анау сасып қалды, қысылғаннан сасқан жоқ, дәл мынадай ноқай сұраққа не
айтарын білмей састы. Тіл ұшында тұрған удай бірер сөзді тамызып жібере жаздап,
ұстамдылық жасады. Ақыры:
– Апырым-ау, шырағым, о күрекке енді қастандық еткен ішкім...– деп күмілжіді.
Алдында біреу күмілжіп, бишара боп отырса Бекеңнің жаны кіретін, сонысына
бағып, бастырмалата түсті:
– Жоқ дейім-ау, қарт, күрек, колхоздың күрегі неге сынады? Кешегі қанды
майдан қарайған металымызды жұтып ке