лақсыз шашкелер тағы бір айналған соң Саттарға домбыра ұсынылған. Дулап
отырған жұрт артынша ұмыт етті. Саттар өнерін ұстай, қадірлей білетін тұйық
жігіт-ті. Соңғы кездері ішіп алса ақтарылып, ағытылып кететін сырқау тапқан.
Қырына алған кісісіне соқтықпай тынбайды, және бір түрлі қызық қып, тосын
тиіседі. Жұрттың ән, күй тыңдайтын құлқы жоқ екенін аңғарған бойда домбыраны
ірге жағына сүйей сап, «Әбекеңнің рұқсатымен» тыныш отырған финанс
бастығының бетіне шұқшиды. Сонсоң даусын екінші сатыға көтерді:
– Отағасы, ересек адамсыз ғой, рас па?
Анау бұ сықылды орынсыз сүраққа не жауап қайырарын білмей сасқанынан,
шынын айтты:
– Иә, әрине. Жасым қырық...– Саттар сөзді аяқтатпады.
– Шыныңызды айтыңызшы. Осы Сіз ептеп оттамайсыз ба?
– Это нахальство!– деді біреу.
– Нет, издевательство!
Етті Сымтеміров пен әйелдер ғана жеді. Сафиолла желді күнгі қияқтың
қауылдырығындай ызылдап, ән сала бастады:
– Х-қалқым сүйген Сапура.
– Советіме, әй, депутат.
– Әй, қойшы!
– Жігіттер алыңдар!
Табаққа ешқайсысы қол салмайды. Спирттен кейін біреу сорпа, біреу су
алдырып ішеді, ал, енді біреу жай, жеңін ғана иіскейді. Арақ ішкенді ешкім
айыптамайды, қайта қызық көреді, кешіреді. Мас адамды «ақ көңіл», «аржайы» деп
мақтайды. Ауыл адамдары о кезді кейін «арақтың қадірі түспеген жыл» деп әзілдеп
жүрді. Өйткені, ішкіш, маскүнем сықылды сөздер тұрмысқа енбеген-ді.
– М-мен тост көтерем! Тішш!– Саттар малдасын құрған күйі итініңкіреп алды,–
тост көтерсем былай: Талжібек, қарындас, айналайын, бүгін Махамбет таптың...
қуанып, қарық боп отырмыз. Енді Абай тап. Сосын Пушкин тап! Тілегім сол!
Өнерің үстесін!
– Мынау ит не сандалып кетті?– Сәлмен күдірейе түрегелген, біреу тізесінен
басып, отырғызып тастады. Сәлден соң Сымтеміров рахмет айтып, үйіне қайтты.
Дастарқан үстіне қарай-қарай, амалсыз тағы бір-екеуі қозғалды. Қалғандары ыдыс
түбін әбден құрғатып тарады. Жалпы, Қанішкен халқы қалдырып ішуді ол жылы
да кейін де білмей өтті. Ең сүйікті мәтелдері: «Нар жолында жүк қалмас!» Ха-ха-ха-
ха.
...Түн жарымында Самаркін көпірінің үстімен уһілеп-аһылап, бір топ әйел кетіп
бара жатты. Күйеулері... арқаларында.
* * *
Марттың соңғы аптасында жер еріп бітті. Ирекөткел, Көкқұтан аузындағы
қамысты, қопалы тұстар болмаса, қалған, ашық калтарыссыз маң – қара.
Сәскелікте, Атырау жақта шоғыр-шоғыр түтін көрінеді. Өрт, қамыс өртейді. Село
маңында өртке қамыстан гөрі де лайық, адамға қажетсіз, тіпті, залалды нәрселер
жетерлік. Әйткенмен... Самаркіннен май зауытына шейін батпақ, беті шұрқ-тесік.
Аулақтан қарағанға, мал ізіне, сиыр шұбырындысына ұқсайды. Қанішкен –
Қанішкен болғалы маңдайына біткен барлық сиырды иірсе – мұндай шиыр түспес:
бәрі адамның, кәдімгі өзіңіздің ізіңіз! Нанбасаңыз, базардан Самаркін көпіріне тура
тартыңыз да, алдыңыздағы қызғылт жалға шығып, қайырылып, қарай қойыңыз:
май-батпаққа малтып, тырбыңдап түскен өзіңізді көргенде, осынша болымсыз,
күйкі тірлігіңізге бір ауық жаныңыз ашиды. Бірақ одан жүріс, күйбің тоқталмайды,
анда-санда философтың көзімен артыңызға бір қарап қоясыз да, таңертеңгі ізіңіздің
қатарына кешкі ізіңізді қосып, әлгі шиырды молайта бересіз, молайта бересіз.
Сонымен... сонымен бұ жерде күн жылына қалай аттасаң да батпақ: қар болса –
қар, болмаса – топырақтың өзі ериді. Қанішкен ғұмыры мұқтажсыз болған емес.
Әр маусымның мұқтажы – өзіне басқа. Қазіргі март айының мұқтажы – калош,
рәзен калош. Ал, рәзен етік табылса, ой, ол бақыт қой, сондықтан табылмайды.
Базар мен раймагтың арасындағы батпақта екі келіншек кездесе салды. Бірінің
қолтығында бөлке нан, бірінде – кір сабын. Екеуінің де иінінде мақталы, сырмақ
күрте. Біреуінің көзі екіншісінің аяғына түскен, со бойда күрсініп жіберді.
– Қайдан таптың?
– Таптықтағы.
– Мен таба алмай жүрмін. Уһ! Үйде сабыны құрғыр таусылып қалған соң
шығып едім. Тапқан жеріңді ғой сен,– сабын қолтықтаған келіншек мұңды,
бақытсыз кісінің кейпінде, жүзіне әжім қыртыстары шыға келді,– сен айтпайсың!
Білем оны!– деп, қолын түңіле сіліккен, қолтығындағы сабын анадай жерге ұшып
кетті.
– Әдірә қалғыр!– деп еңкейе берді, сабын сыртына оралған тілдей қағазды жел
ұшырып әкетті,– өстіп күніміз өтетін болды-ау.– Осы сөздермен нали, нан
қолтықтағанның көзіне төнді:
– Үйбә-ай, бетіңді ұндап, ерніңді қызартып, өзің тіпті, мұқым, мызылып...–
келіншек күлген болды. – Аяғыңда резен етігі бардың жетіскені сонша, бетіне
пудра, ерніне қызыл қарындаш (помада емес) жағып алған-ды. Күйеуінің
ұстарасын өзінің де ұстай алатынын көрсетіп, қиылдыра қырған қасын қиғаштай
бір күліп, кетуге ыңғайланды.
– Айтсайшы енді! Қайдан таптың?
– Таптық-тағы!– Нан қолтықтаған қылмың қағады. Өзінің анадан
артықшылығын бұлдай, сонымен көзге ұра түспек. Мынаның ішін өртей кеткісі
кеп,– күйеуің тауып бермей ме?– деп құбылды.
Сабын қолтықтаған күйіп-пісті:
– Өй, өзімен құрысын ол! Күйеу ме менікі, күйелі көсеу! Бас пайдасын білмейді.
Бір шірік жүрген. Таңға жақын аузы арақ сасып, көрпеңе кіріп келе жататынын
қайтерсің т