бір ұрттайды да, су ұсынған қолдың иесіне, уақыты болса, рақмет айтады, әйтпесе
иіліп ишара жасайды. Міне, нағыз басшы! Оның ойынша, адам басшы боп туады.
Ал, Темірәлі құсағандар байқамай, кездейсоқ қойылғандар. Жаңа, Ақпан қарт
шығысымен суырмасынан белін кірестеп байлаған (папқа жоқ-ты), бір бума
қағазды алып, столына қойды. Байлауын шешті. Өзінің өткен жазда
колхозшылардың жалпы жиналысында жасаған баяндамасы. Бірінші бетке көз
жүгіртіп өтті, сосын газетке үңілді. Білімқұмарлығы қысып бара жаткан жоқ, газет
қарағанда сол баяғы баяндамаға бола қарайды. Түсініксіз сөз, термин іздейді.
Тапқанын бір жапырақ қағазға жазады да, жаңағы бумаға қосады. Қашан да болса,
әйтеуір, бір жиналыс, демек, бір баяндама болары хақ. Соған дайындық. Бұл
баяндамасын жасаған кезде өзіне-өзі сонша разы болған. Жұрттың бәрі алақан
соқты, батыл етіп қол бере алатындары қолын қысып құттықтады. Содан бері тоғыз
айдай мезгіл өтті, бірақ қызуы, жүрек лоблуы басылмайды, қайта өсе, үстей береді.
Бір кезде қағазына қарап: «қымбатты колхозшы жолдастар... мме-ее» деп күбірледі.
Кенет газеттің бір жерін майлы бармағымен баса тұрып, әлдене сөздерді жазып-
жазып алды да, бумасын қайыра жинастыра бастады. Құдды, түйеге тең салып
жатқан кісідей ырсыл қағады. Бел-арқан тартқандай, ұтылып тартып, табандатып
тұрып байлады. Сыртын сипап, салмақтап көрді. Орнына қайта сүңгітті. Жар
сағатына тағы бір көз тастап, сырт киімін киді. Есікке барып, артына бұрылды,
сонсоң, «әйтеуір, атшот ойдағыдай берілді,– деп ойлады шыға беріп,– аудан ендігі
танысқан болар!» Торсалаңдай басып, батысқа, үйіне қарай аяңдады, өзінің
уақытқа, қоғамға керек, ірі қайраткер екенін сүйсіне мойындаған сайын жаңағы
ұсақ, күрек сұраушы қартты көз алдына тыжырына елестетті.
Осыдан он жыл өткенде сенген уақыты өзін де сол, ауылдың сәлем алғыш,
елпілдек шалдарының төменгі жағына отырғызарын о күні ойлаған жоқ-ты.
* * *
Колхоздың құрал-сайманының билігі Сағынайда-тын. Ақпан қарттың кеңседен
ренжіп қайтқанын со күні үйінде, іңір шайын ішіп отырып естіген. Ертеңіне
таңертең екі күректің басын байластырып, ерінің қасына ілді. Қой күтіріне әкеп
тапсырды. Қи оюшы үш шал қауқылдасып қалды:
– Қап, көп жасағыр-ай, ділгер боп отыр едік!– деп, бірі күрек тіссіз аузынан
тілін қылтитты. Екіншісі:
– Не дегенмен Сағынайжан кісі ғой,– деп, көмейін көрсете дыбыссыз күлді.
– Иә, бұл өзіміздің бала, шаруа біледі.– Мұны Сағынай аула сыртын айналып
кеткенде айтқан. Өзіне:
– Шырағым, кеше мен басқармаңа жолықтым,– деді Ақпан, қиды күректің өзі
оятындай желпілдеп,– жолықтым, отыр екен, отырды. Ит-рәсуәм шықты. Ат
баспайым деген жерін үш басады! Сол сөз рас-ау дейім, сірә. Былтыр енді қайтып
көрместей болып бір шығып едім. Құдай зауалыңды бергір, мына күрегі түскір
сынып қалғасын барсам, ыңылдай ма немене...– Серіктерінің бірі Ақпанның сөзін
бөліп жіберді.
– Қойыңыз, Ақа, күректен басқа шаруасы да жетерлік шығар, қайтесіз кінәләй
беріп?! Ел басқарып жүрген адам,– деп, Сағынайға жалтақтады,– ел басқарып
жүрген адам, жұмыс үстінде бірдеңеге ренжіп, көңілсіз отырды да, әйтпесе...
Оның әңгімесін үшінші қарт үзді:
– Ұсақ-түйекпен оған бармау керек еді.– Осыны айта, беліне байлаған қалың
киіз тоқымға қолын сүртіп тастап, темекі орады.– Ұяттау болды, барма десем
болмайсың.
– Неге бармайым! Өздері тез бітір дейді. Менің– бұл арада Ақпан әдепсіздеу
бір сөзді айтып салды,– менің... қи оймақ түгіл, қиқым сыпыруға жарамайды.
– Өй, сөзің бар болсын сенің!– Шал теріс айнала беріп, қос уысына сіріңкі
жақты, темекісін тұтатып, ышқына бірер сорған соң:
– Тфі, қырғыш қой бұлар. Маған бер, шыңдайын!– деп, күректерді алып,
қораның төріне қарай емпеңдеді.
– Шырақ, Сағынай, шай салдырайын, өзің білесің, біздің үй бұ жерде емес.
Мына шалдың кемпірін мақтап күн көріп жүрмін. Тезірек шыңда, әй!
– Жо-оқ, сау болыңыз, ақсақал, мұршам келмейді, өз фермаларымды аралап
барам. Күректері сыныпты дегенді естіп, соққаным еді.
– Алда разы болсын, көп жаса! Мұқтаж болып отыр ек, мұқым. Әлгі қойдың
сәмсүгірі көрінбейді де. Зауалыңды бергір!
– Сіз ренжіп кетіпті дегесін әдейі бұрылдым.– Сағынай атына беттеді. Бұл
уақытта күректер сапталып үлгерген. Біреуі балға-төске отырды. Үйткен сирақтай
күйік-қара шал шұнаң-шұнаң етеді. Сақалы шошаңдаған сайын беліне байлаған
тоқымы бірге жалбаңдайды.
– Темақаң марқұм, астағыпірАлла, Темақаң байғұс қызмет бабында кісі еді ғой,
қығық тфу, несін айтасың оның. Бекең біртүрлі,– шұқың етіп Сағынай жаққа бір
қарап ап, даусын бәсеңдете,– Бекең, ұзағынан босын-ау, бибақ, қыртиып отырып
алады. Не шаруаңды бітірмейді, не адам құсап сөйлеспейді. Талай басқарманы
көріп келеміз. Мынау біреуіне ұқсамайды.
– Жә, жә! Ана күйегіңді түзе!– Қи оюшылар беліне тоқым байлап алады. Қатты,
қалың қиға күректі қол күшімен ендіру қиын. Сапты кіндікке тірейді.– Сағынай
естісе айтып барып жүрер.
– Айтса айта берсін! Басқарманың сиырын сауып о