ананың, кемпірдің, шешемнің денсаулығы үшін тамшысын тастамай ішіп қоям» деп
қодиланды. Жігіт айтқанын қалтықсыз орындады. Жанындағы сары әйел:
«Шешеңнің саулығынсыз да ішерсің сен» деп күбірледі. Сымтеміров тағы
қомданды, отырғандарды жағалай бір шолып өткен көпшілік бір-бірлеп басыла
берді. Быртиған екі қолы біріне-бірі әзер жетті, ортада қарын жатқан-ды, қолдарын
тарақтай әкеп сол қарынның төсі жағындағы кертешке қойды. Сонсоң сәл көтеріле
беріп, сөз бастады. Үні кеңірдегінде тұрып қалған әлдене бөгеттерге сүрініп,
шұбарып шықты.
– Жігіттер! Бүгін мына жас семьяның қуанышына жиналып қалған екенбіз.
Қайткенмен осы ауданның бас көтерер жұртымыз ғой. Кемпес рұқсат етсе, осы
нәрестеге ат қояйық.
– Өй, бәрекелде! Өй, жасаңыз!
Біреудің сөзіне жолдан қосылып, қашан да жалғау, толықтыру арқылы аброй
табатын кісілер болады ғой, соның бірі осы топта да отырған Әбекеңнің ұсынысын
әрі қарай сол өрбітті.
– Бәлки, үлкен кісінің өзі лайықтаған аты болар? Олай болса, сонысын айтсын.
Біз бекітуге әзірміз. Қалай қарайсыздар, азаматтар. Солай емес пе?!
– Әбекең ай, қайран! Бәріміздің ойымыз осы еді. Айта алмай… Әбекең
отырғасын мына Сәкең бар… бізге не жоқ дегендей әдеп сақтап дегендей…
Бұ сөздерді айтқан аудандық финанс бөлімінің бастығы өзінен бір саты жоғары
әкімнің алдында тілі, дыбысы жоқ, шұлғитын басы, қалтырайтын тізесі ғана бар
біреу еді. Ішімдік батылдандырып жіберді. Лауазымына лайық кішкене қарынының
үстіне есеп шотқа сай саусақтарын айқастыра салды да:
– Біз бүгін, е-ее, мен бүгін шексіз бақыттымын. Әбекеңмен дастарқандас болып,
иә, Сәкеңмен, қарауымда істейтін мына жаман иттің арқасында, айналайын, ренжіп
қалма, қе-қе, менің өзі тілім сондай. Біздің Әбекеңнің арқасында, со кісінің
басшылығымен кішкентай сәби бала дүниеге келіп... атшотын дұрыс тапсырмаған
бұқалтыр, тойст, құлағыңды ұрайын... әлгі нәрестенің атын қояйық деп... Әбекең
рұқсат етсе, мен де мына жаманның,– жұрттың өзін тыңдап отырғанын көргенде
тіпті есіріп кетті,– тойст, Жанботаның ағасы болғандықтан, балансысын
шығарғанда, дей тұрғанмен қарауымдағы әйел, Жанботаның әйелі, Әбекеңнің
басшылығымен... иә, ұл тауып... соның нәтижесінде бүгін осында жиналған
себепті...– Сымтеміров жүзіне, тұлғасына жараспайтын жіп-жиі, әдемі ақ тістерін
тізіп, күліп жіберді. Финанс бастығы қойыртпақтап ұрып отыр.– ...Әбекеңмен
дастарқандас болғанымды пайдаланып, соның арқасында пайдаланып, баланың
атын мен қойсам ба деп ойланып... Әбекең рұқсат етсе көнешні...– Шешен осы
арада сөзін кілт үзіп, айнала жалтақ-жалтақ етті. Біреу тәйт десе – зыта жөнелетін
секілді. Үйдегілер жапырыла Сымтеміровке қарады. Сымтеміров кемпірге, сосын
Жанботаға көз салды да, бір жымиып алып:
– Қойсаң қой, қойсын! Үлкен кісі ренжімесе,– деді.
– Біздің перуәй округте, ескіше атын айтам-ау, Құрманғазы, Махамбет, Дина.
Бұлардан асқан қазақ жоқ деп, мынау да сондай өнерпаз семья болған себепті,
әрине, солай ойлап... Жаңағы аталғандар яки Құрманғазы, Дина, Махамбет
халқымыздың мақтанышы ..– әрі спиртке, әрі сөзіне мастанған шешеннің бір қолы
аузына апара берген кесені екінші қолы қағып төкті. Оны ешкім елеген жоқ. Анау
сөзінің түйініне жақындаған сайын сасқалақтай кеп, бір мезгілде – тойст,– деді,–
тойст нәрестенің аты. Дина болсын, Дина!– деп тоқтаған.
– Шырағым-ау, үлкен кісінің баласы – ер бала ғой, Динаң дұрыс, бірақ, келесі
балаларына болмаса, бұл жолы реті келмес,– деп салды Сымтеміров.
Жанбота көңіліне алып қалды: біреу келіншегім ұл тапты деп той жасап отырса,
мынау қай сандырағы? Ішкен кісі кіді келеді, әйкенмен шыдады, үндемеді. Жұрттың
қарқылы мен қағытпасы басылған соң, финанс бастығы әрбір ұялған кісінің
көкбеттігіне бағып:
– Жолдастар, күлмеңіздер. Аузыма Құдай, яки табиғат салып отырған шығар.
Бұ баланың аты, былайша айтқанда, Әбекеңнің рұқсатымен қойғанда, иә,
халқымыздың қалаулы ұлы, жаңа айттым ғой, Махамбет! Махамбет босын!– деді.
Отырғандар қол шапалақтады.
– Дұрыс! Маладес, тапты!
– Ал, Махамбеттің денсаулығы үшін!
– Әбеке келісесіз бе? Маладес! Айнал-айын! –
Қара кемпір Талжібек келін боп түскелі Құрманғазыны жаратпай қалған: бәрін
бүлдірген сол! Одан бұрын қай қатын домбыра ұстапты? Динаға домбыра үйреткен
өзі. Бар кесепат сонымен тынса жөн ғой. Енді мынау... Махамбет есімін естігенде
жеңілдей, жүрегі орныға бір күрсінді. Тіпті, жадырап кетті. Жадырағаны сондай,
финанс бастығына тас-табақтағы шайды нұсқап:
– Кім-ау, шайыңды ішсейші?– деп қойды. Манағы қырық аяқ жүзіп шыққан шай
даң-дұңмен ұмытылып, төгілмей, Сәлменнің алдында тұрған. Финанс бастығы
жаңағы сөзді кемпірдің өзіне жасаған ерек ықыласы ғып қабылдап, соған мәз
болды, ыдыстағы суық шайды аузына шайқалақтата әкеп, бір-ақ жұтты. Ернін
жалап-жалап ап, әңгімеге қайтадан кірісе берген, Сымтеміров қабағын шытынды.
Анау орнынан елпең етіп бір көтерілді де, басыла қалды. Содан кейін сөзге
араласпады, нүктеден суырылған радио-репродуктор құсап тым-тырыс, сұлық
қалды.
Құ