махаббатты қызғаныш атаған кісі – ақымақ. Махаббат дегеи доверие плюс свобода!
Зәрең ұшады.
– Қыз ғұмырында бір-ақ мәрте қателеседі, қалғаны өз қалауы,– деді Идаят.
Соня жаңа арақ ала келмегеніне дәл осы арада өкінді.
* * *
Екеуі бүгін де ерін тиістіріп қоштасты. Бірақ бұл түпкілікті, екі тағдырды
қосатын татулық белгісі емес-ті. Кемді-күнгі қызықтың да тұрлаусыздығын
білгізетін, шын мәніндегі айырылысу жоралғысы еді. Ең қиыны, мұны екеуі де
іштерінен мойындады. Сөйте тұрып, өтіп бара жатқан бал-дәуреннің дәмін бір
минутке болса да кешіктіріп, еріндерінде ұстап қалғылары келген.
Соня күйеуге шығатындығы жайлы үй-ішіне талай хабарлаған-ды. Тек бәрінде
де сырын шешесіне ғана ашатын еді. Осы жолы асығыстық қып, әкесіне айтып
салған, жанына батқаны сол. Әкесі жақсы әнші, өнерін сыйлап, театрды сүйетін.
Жыл шықса айлап концертте, гастрольде жүрді. Семья тұрмысын қаражатпен ғана
шешкен кісі-тін. Басқа жағын ойламады. Жалғыз қызын мұғалім жалдап тоғыз
жасынан үйде оқыттырды. Одан консерваторияның пианистер дайындайтын
факультетіне сүйреп түсірді. Қыз оқи алмады. Гармония, сольфеджио, полифония,
тарих, эстетика, музыка әдебиеті секілді, жалпыға бірдей пәндерге зауқы соқпады.
Оқу орны бір адамның тағдырына, көңіл-ыңғайына бола программаны қайдан
өзгертсін, екінші жылы-ақ айдап шықты. Содан Соня батыс елдері жасаған киноға
қатты ауаланды. Жалпы халықтың экранға өтпеген, мәдениет қызметкерлеріне ғана
көрсетуге лайық танылған фильмдерге әкесінің беделі арқасында қол жеткізді, қуып
жүріп көрді. Сонсоң шет жұрттың неше түрлі мода журналдары мен осы қаланың
би алаңдарына әуес болды. Ал, фортепианодан кез-келген концертке жарайтын
дайындығы бар-ды. Оны өзі де, өзге де кезінде танып, таппай қалды. Қазір Соня
талантты орындаушы десең – күлкі боласың.
Ақсұлу қызынан он жеті-ақ жас үлкен, сауықшыл, желікпелеу-ді. Бір кезде
Қарғалыдағы сауда техникумын бітірген. Соня тоғызға келгенше алтын, күміс
бұйымдарында сатушы боп істеді. Ерінің әнші аты шыққалы үйінде, қызметші
ұстайды. Содан, бет-жүзін косметиканың әр жылғы жаңалығы жеп тастаған, терісі
целлофон сын-ды жылтыр, әрі жұқа. Көзінің айналасынан күлгенде ғана пайда
болатын әжім күйіктің орны құсап, шыт-шыт тырысып көрінеді. Түрі кеше өткен
тойдың столында қалған гүл шоғындай ептеп сола бастаған. Көз жанары,
алысырақтан қарағандағы өңі әлі де көңіл тартқанмен, соңғы бірер жылда
омырауы аласарып, іші өсіп кеткен. Есесіне, аяқ-қолы сәби күйінде. Айнасыз
көретін мүшесі сол екеуі болғандықтан ба, жиі қарайды, өмірін сонымен – аяқ-қол
күйімен өлшейді – жас, жап-жас. Әсіресе аяқ, бірінің үстіне бірін шалыстыра тастап
жіберіп отыра-отыра қалыс-қанда, шешесі қайсы, қызы қайсы – беттеріне үңілмей
айыра алмайсың.
Өзінің жүзінен ажар тая бастағанға ма, Ақсұлу қызын тексергіш, тәртіптегіш
боп алған. Бұрын ондайы байқалмайтын. Соңғы жылда шығарды. Қызы ұрыс
естіген сайын бір жылайды. Сонсоң тағы да өзін төмен етек етіп жаратқан
табиғаттың әділетсіздігін шағады, тағы да ұмыта салады. Сөйтіп, тұрмыс-тіршілік,
күю, сүюден анау-мынау аудиторияға тартымды лекция оқуға білім-тәжірибесі
жететін Соня биыл жиырма-ақ жаста еді.
Ақсұлу қызының қабағын шам жағып көрді.
– Не болды, тағы да жыладың ба? – Қыз шешесінің көзінен тез өтіп, бөлмесіне
кірді де, шешініп, көрпе астына жасырынды. Анау қалмады, артынан келді.
– Не, тағы жылағансың ба?
– Жылағам жоқ, мама.
– Қызым, менен жасырма, бәрібір білем, айтасың әлі.
– Мама, шаршап келдім. Ештеңе де жоқ. Успокойся, пожалуйста!
– Өтірікті соқпа!
– Нам что-то не хватает, мама.
– Саған үйленуге тәуекел етпеді ғой?
– Оған шығуға мен де қорықтым. – Ақсұлу күрсініп салды, сосын жадырап қоя
берді. Қызы ашу, ренішке толы ащы сөздер күткен. Ондай ештеңе байқалмайды.
Қайта күліп, еркелете сөйледі. Шашынан сипап, мұрнын қысты. Кішкене күндегі
қылықтарын есіне алды. Сосын:
– Мен білем, түсінем,– деді.
– Ладно, мама.
Әнші кабинетінде жататын. Бас жағында түн шырағы жанып тұрады. Жазу
столында бір қолтық журнал-газет, әдейі істелген ұңғыға шаншылған үш қара
қалам. Бірде-бірі жазбайды, сиясы әлдеқашан кеуіп біткен. Қабырғада үлкен кітап
шкабы, бірақ ішінде кітаптан сурет көп: Карузо, Ланц, Шаляпин, Сумак, Архипова,
Козловский, Бейбутов, Байсейтова, өзі, Закиров. Актерлардан: Габен, Лорен,
Каратыгин, Қуанышбаев, Закариадзе, Жантурин, Тихонов тағы басқа, көбін екінің
бірі біле бермейтін есімдер. Әншілер қатары, қашан көрсең сол күйінде, қойылу
тәртібі де өзгермейді. Ал, актерлер тобына тыным жоқ, бірде жаңа, жас
фамилиялар пайда боп, үлкендерді иығымен ысыра орналасады, екінші көргенде –
ескілер ғана қалады. Ескілер демекші, олар да өз ара орын ауыстырып, итерісіп
жатады. Әсіресе, Софи Лорен. Кейде Габеннің алдына шығып кетеді, келесі
қарағанда Тихоновтың сол жақ иығында отырады. Республиканың өнер әлемі
әншінің осы әдетіне шейін жақсы біледі: қашанғысы сол, құйқылжытады да жүреді.
Неге өйтеді?