қарайды. Анау әңгімесін қуып жүріп айтады. – Қолыңыз шаң болып қалды ма,– деп
үбектей-ді,– мынаған сүрте салыңыз, кеше ғана өзім жинаған касеттерім еді, осы
кабинетке-ақ шаң үйір, әйтеуір. Тыңдасаңыз магнитофонды қыстыра салам,
әнеугүні Гурьев жақтан күйлер әкелдік, уақытыңыз жоқ па? Шетінен тамаша күй?
Сіздің әндеріңіз, әрине тамашарақ.
– Сен тыңда,– деді тағы да Кемел кабинеттен шыға,– өткендегі менің сөзім әсер
етті ме, әлде басқа себебі болды ма – білмеймін. Саған да, оған да қастандығым
емес. Екеуің біріңді бірің жеп бітіретін едіңдер, дұрыс бопты. Анда кірейік, ендігі
Қайырболатты ұмытқан шығар. Айтпақшы, жаңағы келіншектің «жасыл жаз
жайнағаны» несі? Ол сенің қай әнің?
– Ондай ән жазбаған сықылдымын.
– Мында кіріп көрейік. Мен екі мұғаліммен келісіп ем.
Жұрт жөнді ән естісе – бұған жабады. Әнеугүні біреудің үйлену тойына
қатысқан. Сонда егде еркек сіздің «Қазақ вальсіңіз» үшін деп тост көтерді.
Қайсыбірде Біржанның, Мұхиттың, Ақанның ел ішіне аз тараған әндерін сіздікі деп
мұның мойнына басып салады. Бұрын бұл пәлен, түген композитордың шығармасы
деп, қызарақтай отырып түсіндіретін. Онысына әдетте, көпшілік сенбейді. Әркім
өзін ән, күй жөнінен білгіш санайды. Белгілі халық композиторы Мұхиттың
жаңадан табылған әні. Мұхиттың әні жаңадан табылушы ма еді! Өстіп дау соғады.
Жалпы, жаңадан табылды деген не сөз? Жаңадан жазылады, жаңадан туады.
Көріне шейін ақтарып, сүйек-сүйегін саудырата санап, тізімге алып жатқан заманда
жаңадан табылған ән, жаңадан табылған күй деп сандалайды түге. Өздері ғой ел
аузында сақталған деп ербиіседі. Табылу үшін әуелі жоғалу керек қой? Осылай
өзеурегенде жеңістік бермейді. «Радио өстіп айтқан». Нағыз қысылғанда Идаяттың
жүгінетін дәлелі. Аналар мұны естігенде, тіпті, ширығысады. Радионың сөзін
синоптиктердің ауа райы жәйлі мәліметі ғып түсінеді. Содан құлаққа жағымды ән
атаулыны жиып-теріп, Садықжановқа телиді. Келе-келе біреудің шығармасына
автор болуға бұ да амалсыз көндігіп алған. Жаңағы келіншек сондай
жанкүйерлердің бірі еді.
...Екі пәннен емтихан тапсырды. Тапал, көзі дөп-дөңгелек, толық доцент қалам
ұшын қағазға төндіре беріп:
– Неше қояйын?– деп сұрады.
– Екіден басқасын қондыра беріңіз! – Шыққасын қарады: хор. Екіншісі
көзілдірікті, студенттер Добролюбов атап кеткен арық жігіт-ті. Ұзын шашын
қос алақанымен желкесіне қарай бір сыпырып, мұның бетіне қарады:
– Қане, композитор жолдас, не білесің? – Кемел іліп әкетті:
– О, бұл көп біледі, тек айтпайды.
– Иосиф Гайдн қанша симфония жазған?
– Санын айтайын ба?
– Талдауыңа да болады.
– Жүз үш симфония шығарған. Вена қаласының...
– Географияны қоя тұр. Вердидің басты шығармаларын аташы?
– Джузеппе Верди негізінен опералар жазған. Оның ішінде «Аида»...
– Ішін өзіңе қалдыр. – Осы кезде сейфтің үстінде тұрған репродуктор сарнап
қоя берді.
– Мынау қандай музыка? Авторы кім?
– Аспапты музыка...
– Әрине, ән емес.
– Скрипка мен оркестрге арналған концерт. Моцарт.
– Дұрыс. Кейін жазған ғой, тірі кезінде мұндайға қолы тимеген-ді. Шыныңды
айтшы, дайындалдың ба? Оқыдым? Қандай оқулықтарды қарадың? Авторы есіңде
жоқ па? Мұндай сұрақтарды төртінші кластың баласына да қоймайды.
– Бұ да сол төртіншіден бері ештеңе оқымаған жігіт.
– Шындығы бар әзіл. Ал, өзіңе жүгінейік, не істейміз енді? Әндерің жақсы.
Оған қоса бірдеңе білсең нең кетеді? Тым құрыса, мынаны айтшы, осы биыл қай
курста оқисың? Жақсы, жақсы ренжіме. Атақты кісілермен реті келгенде, өстіп
қалжыңдап отырғанды ұнатам. Әйтпесе, ағаш мұғалім деп тағы сынайсыңдар ғой.
Кейін мемуар жазсаң жамандап пәле қыларсың, мә, бағаңды бердім. Қолың қалт
еткенде кейбір кітаптарды қарап шығарсың. Тізімін берейін бе? Әне жатыр, ала сал.
Зачеткаңды ұмытпа, мұғалім есікке шейін ұзатты. Идаят лекцияға тым сирек
қатысқан-ды. Содан оқытушылардың аты-жөндерін, түрлерін болмаса, мінез-
құлықтарын танымайтын. Мына жігіттің тілі қотыр, студенттер алдында
сонысымен бедел жиған, аңқаулар үшін ғана мықты ұстаздардың бірі деп түйді.
Әйткенмен дәл осыған іші қатты жылыды. Жанға жайлы ештеңе естіген жоқ. Қайта,
қағып-іліп, кекеп бітті. Зачеткада қондырылған баға, шиыра тастаған қолына шейін
мұны қорлап, әлденендей бір артықшылық етіп тұрғандай көрінді. Ондай кісілерге
жұрт көбіне өшігіп, қас сағынып кетеді. Бұл өз көкірегінен, қанша тінтісе де, өкпе-
ренішке ұқсар дәнеңе таппады. Есесіне, ғұмырында тұңғыш рет, талантты жанға да
«бірдеңе білу керек екенін» құлай мойындап, осы жаңа сонша бейшара болғанын
жиіркене ойлады, мықтап ұялды. Бір сәт өзін талант, талант деп қолпаштаған көп
шуылдақ ауызға жыны ұстады.
– Жә, жә,– деді Кемел мұның қолтығынан ала,– несін ойлайсың, осынша
жалаңаш көңілмен қалай өмір сүресің? Тілі улының жүрегі, жаны бал, керісінше
жаралса қайтер ең!
Екеуі үлкен көшені кесіп өтіп, ұзын скверге түсті. Екі жаққа да ағаштардың
түбін ала қаз-қатар ұзын тақтай орындықтар қойылған. Ә