орындық ұсынған, қыз отырмады. Бөлме ішін тінткілеп, оны-мұныларды
жинастыра бастады. Әр жерде жатқан қағаз тектес мүліктің бәрін қосып,
пианиноның үстіне қойды. Кереует үстін шиыршықтай сыпырып, далаға апарып,
қағып қайтты. Сыпырғышқа су бүркіп, еденді сыпырды, жуды. Идаяттың ілулі
киімдерін төмен түсіріп, желкелік, түймелерін түгендеп шықты. Бұл төсегіне жантая
кеткен, со қалпында қыздың жұмыр, шымыр денесінің ширақ қимылын қызықтап,
бақылап жатыр. Бүкіл жүріс-тұрысында іш жылытар, жан сезімге соншалық жақын,
туыс бірдеңе бар. Манағы: «осы қыз жүрген жер ішіссіз болмайтын еді» деген өз
ойы жадына оралғанда ұяла күлімсіреді. Дәл осы арада неге екені белгісіз, Рая –
Ақбикештің «Жүрек біреу, біреу болмақ махаббат» деген сөзін қайыра есіне алып
еді. Бағана бұ жол әжептәуір әсерлі, әрі шындық құсаған. Енді тыңдап қараса
артық, әрине мұны автор жанынан қосқан емес, көпке ортақ, сондықтан пәнде
ойлап тапқан тағы бір өтірік тәрізденді. Өйткені Соня ілкіден-ақ пьесаны ұнатпады:
Ескі, абсурд. Өстіп сыбырлады да отырды. Бәлкім, оған да көне көрінген ішіндегі
осындай жолдар шығар? Несі бар, жүрек бір, махаббат шын дегенге бұ заманның
қызының өзі сенбесе бұған, жігітке не жорық!
Соня тінтіп жүріп бір қауым нота қағазын тауып алды. Соны ұстай, күй-
сандықтың қақпағын ашты. Композитор тани қойды, кеше жазған музыкасы. Бірақ
ол өз қолымен ұсынбаған нәрселеріне музыка деп қарамайтын. Сондықтан, ылғи
буынып, тығынып жүрді. Соңғы әзірде, жасыратын ешкім жоқ, салақсып кеткен.
Ұша түрегеп, нотаны ананың қолынан жұлып алмақ-ты, беймәлім бір күш ұстап
жібермеді. Әрі... кешеден бері қайталап ойнауға батылы жетпеген дүние ғой, мына
қыздың көргенін, тіпті, ойнағанын қалады: күйсе біреудің қолы күйсін! Соня әуелі
қағазды көзімен шолды. Сонсоң парақтарды реттеп, беттеді. Бұл қозғалуға
қорқатын сын-ды, қимылсыз. Кереуеті сықыр етсе әлдекім шыға кеп: Музыкаң
жаман екен – деп бір-ақ қайыратындай, демін ішінен алады. Анау тағы бір көз
жүгіртті. Сонсоң әуен жаймен тербетіле басталып жүре берді. Тымық күнгі теңіз
бетіндей ырғала толқиды. Төгілмейді, шашырамайды, Әр ырғақ, әр иінде төзім,
салмақ бар. Соня екінші бөлімдегі аллегроны нашар ойнады. Әйткенмен, амалдап,
үзбей ақырына жетті. «Соңы» деген жерге кідірместен, басынан қайта кірісті. Бұ
жолы аллегро жақсы шықты, есесіне анданте бүлінді. Авторды бұл бөгде адамның
шығармасындай немесе жылға-сайы, бұрылыс-қалтарысы көп, тұңғыш көрген жері
сын-ды қызықтырып, әрі таңдантып тастады. Күні кеше жазғанынан, ең азы, есінде
бірер такті қалмағаны ма?
– Значит, это какая-то вспышка?– деді Соня.
Содан бір жарым сағат өткенде Садықжанов жасөспірімдер театры қойғалы
жатқан пьесаға әлгі ойналған музыкасын лайықтап, ертең апарып тапсыруға келісті.
* * *
Төрт күннен соң «Аққу» кафесінде Кемелді кезіктірген-ді. Аман-саулары
жараспады. Досының қабағы пәс. Мұның бетіне сұрлана бір қарап, сауал тастады:
– Сендер, немене, келісіп қалғансыңдар ма? – Бұл жорта түсінбегенсиді. Анау
одан сайын қытымырлана түседі.
– Таста әрі, саған өтірік жараспайды! – Сөйдеп, желкесін берді.
– Жоқ, сен түсіндірсейші, не нәрсе?– деді бұл рольді ақырына шейін ойнағысы
кеп, әрі іштей қарсы шабуылға дайындалып,– сыныққа сылтау іздеп, әйтеуір
бұртаңдасатын бірдеңе қарастырып отырсаң – таптым дей бер. Адам баласымыз
ғой, құрығанда, өкпеңе татитын шығармыз.
– Қулық та жараспайды екен,– деді Кемел. Сон-соң екеуі қосыла күліп, көшеге
шыққан. Қапелімде ауыздарына сөз түспей, бірі-біріне үнсіз жалтақтаумен біраз
аяңдады. Бір кезде:
– Ағаштар жап-жасыл,– деді Идаят.
– Иә, бұ көктем де шықты,– деп қостады анау.
– Кеше консультацияда болдым,– деді Кемел,– жағдайымыз онша емес тәрізді,
әсіресе, сенің. Кіріп бір сөйлес-тағы.
– Әлгі ТЮЗ-ге музыка жазған сықылдандым. Білмейім, біреулер мақтайды.
Былай жаман емес тәрізді.
Оркестрде қалай шығатынын қайдам.
– Біреуің анау ғой?
– Сол. – Кемел қадала қарап қалды. Оның көзінің тура оң жақ құлақ шекесіне
тесіліп келе жатқанын бұл сезе қойды. Бірақ бұрылған жоқ. Елемеген, аңғармаған
сыңай танытты.
– Сен үйге, семьяға дағдыланған жансың, түсінем, сондықтан көп нәрсеңді
кешіріп те жүрміз.
– Дүниеде жалғыздықтан қиын не бар екен.
– Қатынсыздықтан де. Әр затты өз атымен атаған жөн.
– Сонымен не істейсің енді?
– Не істейін, емтиханға дайындалам. Бірер әнге заказ алып ем.
– Кешегі Жарқыновтың мақаласын оқыдың ба?
– Жоқ. Қай газетте? Біздің ауданға газет түспей ме, әлде оқығышпыз ба, әйтеуір
киоскілеріміз қашан көрсең кебеді де тұрады.
– Ешкімнің атын атамапты. Симфонистердің аз екенін, барларының өзі күй,
домбыра мүмкіндігінен әрі ұзай алмай жүргенін айтыпты. Традицияны ептеп сынап
кетіпті. Сосын ағаң жас күштерге тоқталған құсайды.
– Сөйтіп пе?– деді бұл елең ете қап,– үлкен мақала болды ғой?
– Екі-ақ подвал. Талантты деген жастардың екі-үш әннен кейін тойып шыға
келетінін сөз ғыпты. Бір жігітке мық