– Әйел ғой, тұрақсыздау.
Әйелі кіргенде әнші Софи Лоренді Өмірзақовтың оң қол жағына орналастырып
жатқан. Артына назар аудармады. «Қара қаншық» әнін баяулата, тісінің арасынан
ысқыра салып, әр сурет, әр кітапты бір ұстап тұра берді. Аманжоловтың үшінші
томын суырып, ашып кеп қалған, арасынан бірер фото мен екі жиырма бестік ақша
сусып жерге түсті. Әнші жұбайына дәл осы сәтте ғана көз тастады. «Қара
қаншықты» әрі қарай, қайта жалғады. Ақсұлу мұның бәрін көріп, бағып отыра үн
қатқан жоқ, аңдамаған болды. Ол жаңа есіктен аттай бере ерінің төсегіне қараған.
Жаюлы ақ жапқышты қайырып тастап, ағаш тақтаның бір шетіне жайғаса қалған-
ды. Күйеуін желкесінен бақылады. Әншінің қоңыр көйлегінің жағасына,
жауырынына жабысқан ақ шаштарды түрегеп, алып тастағысы кеп бір оқталды да,
тұрған жоқ, орнында, бірер қозғалақтады да қойды. Анау қайқы, өткір иегінің
ұшын иығы үстінен көрсете бұрылып:
– Келді ме?– деп сұрады.
– Келді.
– Немене, бет-аузың көгеріп кеткен бе? – Бұ жолы жұбайының бетіне тіктеп,
сынай шаншылды,– өңің көк сұр ғой?
– Қызылшырайлыларға үйренген кісіге солай.
– Жарар, жарар, фальшті құрту керек.
– Ночнигіңе қызыл лампочка орнат.
– Мақұл, ертең. – Осыны айта ол қарсыдағы отырғышқа кеп жайғасты, Ақсұлу
еденге қарады, сосын сол, басын төмен тұқыртқан күйі:
– Маскүнем, әбден тозған адам көрінеді ғой,– Ері тіл қатпады, түрегеп екі
қолын қалтасына сұқты да жайымен ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Бір кезде кілт
тоқтай ғап:
– Нағыл дейсің, ғұмыр бойы баққан жалғызым, күйігін де өзің тарт,– деді.
Келіншек бетін басып жылап жіберді:
– Әне, баяғы мен кінәлі, сен не көрсеттің әке боп?
Тәрбиең киіндіріп, ішіндіргенің бе? Соны бұлдамасаң, неңді бұлдайсың.
– Сен шешесісің, жалғыз қызыңды бақпай не бітірдің?– деп қатайды анау,–
менің қолым тиді ме? Қызды шеше баулымай ма?
– Қолыңды тидіру керек еді.
– Сонда не тындырар ем мен?
– Мен не тындырам?
– Сөйлеп жыламашы осы!
Ерлі-зайыпты екеу осылай, ірей-тірей. Мода таңдап киіндірген шеше, соған
жететін мол ақша тапқан әке. Қайсысының айыбы ауыр? Ешқайсысының бетіне
баттитып басар ештеңе жоқ. Перзентін кім мәпелемейді? Бұлар да көптің бірі –
бақты, қақты. Кітапхана, кино, театр, ресторан, кафе – бәрінен де тиған емес. Үйге
ұстайтын баяғы заман ба, қаланың қай қызы қамауда отыр. Бәрі де осындай. Соня
сықылды, бір-бір үйдің еркесі. Оқу, тәрбие көпке ортақ. Шетінен көлеңдеп-ақ жүр.
Уақыты солай. Біз көргенді көрмесін, еркін өссінші! Жағдай бар, қолдан келіп
тұрғанда несін аяймыз! Мә, ақша, өткенде Рая сыйлады деп пе едің? Мына жолы
сен сыйла. Жолдастарыңа тарылма, шашып ұста, жетеді. Тек, байқа, бидің өзін
ақылмен биле!.. Қой, қызымыз есті, тәртіпті, өлер жерін біледі. Құр қытымырлана
бермейікші. Нұрланмен дружить етіп жүрген көрінеді – мейлі, сыпайы, жақсы бала
дейді. Анада әлгі туған күніне шақырып, барып ек қой, есіңде ме? Сол... әлгі
Нұрлан оңбаған боп шығыпты. Көрсе қызар екен, күшік, сатып кетіпті. Семьясы
нашар ғой, семьясы. Әкесі ішіп кеткен дей ме, немене. Өзін қызметтен де
төмендеткен құсайды. Араларында ма? Не болсын тәйірі. Көк мұрындар емес пе?
Ке-ке-ке, сен-ақ күдікшілсің әйтеуір. Өзің жуысқанды қағатын болғасын жұрттың
бәрін солай ойлайсың. Жә-жә, жаман адамдарды да танып өссін, зияны болмас...
Петров деген профессорды білесің де? Физик? Соның Боря, Борисі Соняға бір мас
приставаит еткен екен, тұмсықтан бір періп, шалқасынан түсіріпті. Керегі сол, несі
бар жап-жас балада! Тиыш, жайына жүрсін! Сол Боря... өткен вечерде Соня екеуі
билепті. Жұрттың бәрі екеуінен көз ала алмай қараған секілді... Боря бишараны
әскерге әкетіпті. Иә, университеттен. Әкесі профессор басымен ешқайда бармапты.
Кішкене қиындық көріп қайтсын депті. Сөз болғаныңа! Менің көргенімді ұлым
көрсін деген баяғы ескіліктің барып тұрған Құдай атқан түсінігі... Зооветтің бір
баласы бокстан қаланың чемпионы бопты. Кәдімгі қазақтың тәмпіш мұрын қара
баласы. Молодец. Сол Соняны шығарып сапты. Өзі сенің орындаған әндеріңді
сүйеді екен, шамасы вкусі бар жігіт болды. Түнде ме? Қайда қонсын, Раяның
қасына жатып шығыпты. Қойшы әрі, сенің ойыңа оралатыны сол-ау тек? Көңіліңе
қара шабады да отырады... Айтып ем ғой анада, әлгі зооветтің чемпионын
Аманжол деген бала ұрып жығыпты. Өзі сері, бір жайсаң жігіт екен, әрі
домбырашы, сол Соняға сөз салыпты. Бұл мақұл деген сияқты. Жақсылардың саны
көбейіп барады? О не сөзің? Таныс жолдастары емес пе? Дружить етсе қайтеді?
Етсін. Бірде бір жолдасың, досың жоқ, ылғи қатын-күндестің арасындағы соқа бас
өзіңдей көресің бе? Достың көбі жақсы емес пе? Қыз? Қыз болса ше? Мынау
ауладағы жиырмасыншы ғасыр, соны ұмытпағайсың!
Заманға, ортаға сай, көңілі ақ, қызына жақ ананың әңгімесі, өстіп кете береді.
Садықжанов ертеңгі күнді қоспағанда, тез мақталып, тез жамандалған
жақсылардың соңы еді. Бәріне осы бөлме – әншінің кабинеті куә.
Ақсұлу түн жарымында ерінен жылап шыққан. Жалма-жан көзін сүртіп,
Соняның есігі алдына тоқтад