ақ едік, соны көтере алмады, бұзып барады дегенді айтады.
– Онысы кім болды екен?
– Сен өзің,– деп түйілді Кемел,– бүгінгі бір күніңді түгелімен артистікке
арнағансың ба, өп-өтірік аңқауси бересің!
– Өмірімізді арнағалы жүрген жоқпыз ба?
– Жарар, жарар. Сонымен ағаң атыңды айтпай біраз шықпыртыпты.
Күн түске тармасқан кез еді. Көшеде халық көбейе бастады. Топ-топ. Ерсілі-
қарсылы сапырылыс. Почта жақтан шыққан жас қыздар алған хаттарын жол-
жөнекей оқиды. Қағаздың әлдебір тұсын түртіп, жанындағыға көрсетеді. Сыңқ-сыңқ
күліседі. Алдарынан үш-төрт бозбала қарсы кеп, иықтарымен қағып-қағып өткен.
Қыздардың бірінің қолтығынан қоңыр сафиянмен қапталған қалың дәптер жалп
етіп, асфальтқа түсті. Дәптер иесі әлдене деп, аналардың соңынан қараған, жігіттер
қайырылмады. Ленин ескерткішінің түбінен қолында фотоаппараты бар, ақсақ шал
түрегелді. Өңіріндегі екі медалі аунап кетіп, күн көзіне шағылды. Алдындағы
қопсытып-қопсытып тастаған қара топырақтың шетінде мосы секілді үш аяқты,
қара жамылған бір нәрсе тұр. Ақсақ жаңағы қыздарға мосыны нұсқап, бірдеме
айтып жатты. Қыздар бастарын шайқасып, күліп, жөндеріне кетті.
– Мыналар екінші курстың қыздары екен,– деді Идаят.
– Оны қайдан білдің?
– Суретке түспеді.
– Сүйтіп, келістік де.
– Сен түсінші енді,– деді Садықжанов, даусы жалынышты шықты.
– Байланбай-ақ қоймадың ба? Көше кең ғой.
– ?
– Ауызың күйген жоқ па еді?
– Үріп ішкенім осы.
– Қашан?
– Үш күннен кейін.
– Мені күтпе, келмейім. – Кемел тыржың етіп теріс айналды. – Сен мені жиі-жиі
таңдандыратын болып жүрсің. Тап осыны күтпеп едім. Ойыңа не келсе – соны
істеуге жаралған адамсың. Ал, оған ақыл айлаң да, білім парасатың да жетпейді.
Жалпы, сақ бол. Құрып қаласың. «Неге келмейсің?» «Сенің орныңда ешбір ақымақ
мұндай сауалды бермес еді. Сен бар ғой, сен,.. Ертегідегі алты т... есексің! Соның
өзісің. «Неге келмейсің». Айтайын ба, неге келмейтінімді? Біріншіден, сенікі той
емес, жаназа. Жо-оо, қорықпа, өлмейсің, әндеріңнің, ана өлеңдеріңнің жаназасы.
Менің қатысып, қатыспағанымда не тұр. Идаят досынан ылғи да қаймығып,
қыпыңдап жүретін. Бірақ, ұялып көрмеген-ді, мана кезікпес бұрын беті қызарған,
сол түйсігі расқа айналды. Жанына таяған жақын кісісі болса да, алдында осынша
жығылып қалуды намыс санап:
– Немене, әлі келмеске кеткен ештеңе жоқ, түзетейік,– деп, көкбеттенді.
Кемел тандана тағы бір қарады да, кілт бұрылып жүре берді. Идаят дәл осы
сәтте мынау ағыл-тегіл үлкен қалада бірде-бір дос-жарансыз, жападан-жалғыз
қалғанын сезінді. Ендігі сенері бір-ақ жан иесі, ол да өз ойынша, бүтін емес – жарты
дос, жарты ақылшы, жарты қамқор – өнер еді.
4
Өткен жолы тұрмыс құра алмағанын Зібайраның музыкалық топастығынан
көрген. Ер қадыры – өнері. Өнеріңді бұлдамайтын жан сені ұғынбайды. Етікшінің
әйелі екен, тарамыс есе білсін! Сонда ғана ол күйеуінің маңдай терін көре алады,
былғарының иісі басына тимейтін болады, шеге жасайтын қайыңды отқа жағуға
обалсынатыны сонда ғана. Әйтпегенде қандай жар, қандай қосақ! Ерлі-зайыптың
бірі оңбаған жерде екеуі де көктемейді. Әсіресе, әйел. Бәрі әйелден. Семья бақыты
деген ұстауға келетін зат болса, тұтқасы – әйел. Тым көне, өлі қағида дейсіз бе?
Мүмкін. Садықжанов кәрісі көп ескі ауылдан шыққан жігіт, онысы үшін ешкімнен
кешірім өтінбейді. Ол Зібайраны апарып салған күні-ақ, осыған, енді үйленсе
музыканы сүйетін біреуді алуға бекінген. Ал, осы пікірді бөгде кісі айтып, бұған
сондай қызды іздеуге кеңес етсе – өзі үш күн күлген болар еді...
Бәрі осыдан екі-ақ күн бұрын шешілді. Соня мұның жаңа шығармасын ойнады,
алып кеп мақтады. Қыз сөйлеген жарты сағат ішінде бұл «жеңіл музыканың
королі» болып бір-ақ шықты. Қазақстанның ба? Жо-оқ, нағыз таланттар бүкіл
әлеммен, ғасырмен өлшенеді ғой. Идаят жиырмасыншы ғасырдың... кімі десе болар
екен, Огинский, Штраус? Бірі келмейді. Ешқайсысында қалқан қарадағыдай қасиет,
уақыт тынысы дәл мұның әндеріндегідей анық сезілген емес. Композитор, әрине,
бұл сын-ды үлкен теңеу сөздердің ақиқаттығына сенбейді. Әйткенмен, айтушының
талантына, эрудициясына қанағат еткен жөн. «Оның енді артықтау» деп қызарақтай
отырып, өзіңнің кішкентай еңбегіңді қалтқысыз қабылдап, жанашырлықпен
иемденгені үшін алғыс айтуға тиіссің. Этика солай. Идаят өңгеге болмағанмен
рақмет жаудыру мәдениетіне үйреніп қалған жігіт-ті, барын аямады.
– Можно, я вас поцелую?– қыз осылай деп, бассалды, оң жақ бетінің ұшын
шымылдатып жіберді. Сонсоң, басын екі самайлығынан қымти, шашынан бүре
ұстап, мойнын олай бір, бұлай бір бұрды: екі бетінен алма-кезек сүйді. Сонсоң
сезгені табиғи, косметика атаулыдан аулақ бір иіс. Әншейінде бұ қыздың қара
тырнағының ұшына дейін бояу, тартқаны шылым еді. Бұл ой ми клеткаларының
әлде бір иірінде жылт етті де, келесі секундта өшіп үлгірді. Көз алдына бұршақтай
қызыл тасы бар, сарғыш сырға келді. Сол сырғаның төменгі тұсы ерініне жақындап
келе жатты. Сон-соң ештеңе көре ал