ылғи алып, ештеңе бермейтін,
шаруашылықтың қысыр бір саласы сықылды көрінетін. Дүйім халық соның қажетін
өтеуге жұмылды. Енді ештеңе алмайды. Бірақ сол төрт жыл бойы алғанының орны
жаңа байқалды. Ойсыратып кетіпті. Бұл жағдайды, әсіресе, колхоз басшылары
анық таныды. Пішен шабу, құдық қазу, қауға тарту сынды ауыр жұмыстарда
еңсеріп кетер еркек ілуде біреу-ақ. Құрық, бұғалық ұстар қуатты қолдың
тапшылығынан жылқының көбі шу-асау. Он екі, он жастағы балалар тайды әрең
үйретеді. Ал, ересек жылқының – құнаны дөнен, дөнені бесті боп, сол жүген құрық
тимеген күйі, кетіп барады. Сонымен Қошалақ соғыстың әбден жұтатып салғанын
бір-ақ білді. Байқап қараса, азамат атаулыда, оңғаны шамалы. Біреу – ақсақ, біреу
– шолақ, біреу – соқыр, біреу – сақау, біреу – есер. Қайсы бірі әрі ақсақ, әрі шолақ,
әрі соқыр, әрі сақау, әрі есер. Қалғаны шетінен атқа мінер, әкім. Есесіне әйелдердің
күш-қайраты көзге айқын түсті. Сөйтіп төрт жыл бойы мұнша ауыртпалықты
арқалап шыққан сол әйелдердің иығы екеніне де осы, 1946 жылдың көктемі көз
жеткізді. Әйткенмен жазда, пішенге адам іріктегенде «Жаңа өмір» бес-алты әйелге
бір «бөрік кигеннен» қосып бөлді.
– Тек, азаматқа тіл тигізбе!–Мұны айтқан әйел содан он бес жыл өткенде қалада
оқып, тұрмысқа шыққан қызының күйеу жігітті сонша қорлап сөйлегенін естігенде
айызы қана күрсінді.
6
Қара баланы биыл да Сақал-Сатым қалап әкеткен. Май тойына бір жұма
қалғанда ат бегі мен «бәйге-бала» Самаркінге құлады. Жирен айғырдың қалған
бабын со жерде жетілдірді.
Әжекең киіз үйге жылдағыдан кеш шыққан. Алашаның астында қалған көк шөп
жапырылып үлгірмеген-ді. Кемпір кешкі малын сауып кеп, қара күбінің түбіне тізе
бүккені сол-ды, есік алды абыр-сабыр бола қалды. Қозы, лақпен ойнап жүрген
балалар айқайлап, шулап қоя берді. Іле-шала Идаят пен Сатымды қаумалай
жамырасып, опыр-топыр табалдырықтан аттады. Осы алас-қапасты пайдаланды
білем, ілуде бір болмаса есіктен қарамайтын сыпайы, сирек қонақ қызыл ит –
Қорашыл да кіріп келді. Қақа төрге жантайып алған ақ сақалдың орнынан дәме етті
ме, әлде тәрбиесі, ғұрпы солай ма, әуелі аузын ашып есінеп, сонсоң ырылдай
қыңсылады.
– Көке, мен тағы оздым. Жирен айғырдан озатын жүйрік қайда-а-а!
– Тек, қарағым, асылық сөйлеме,– баланың желкесінен сүймекті, анау
қытықсынып, мойнын ішіне ала қойды,– талау келгірдің айғыры жығып кетті ме
деп едім. Құдай-ай, жалғыздан қалған жалғыз! Түнде түсімде бір түрлі...– Кемпір
сөзінің соңын жұтып салды. Ақсаңдай басып, самаурынды көтере, тысқа беттеді.
Ба-лалар қара ала қоржынның аузын ағытып жіберіп, түбінен бір-ақ көтерді.
– Әбден ашықтық,– деді Сатым, үлдірікке қарап,– тек жолымызды Құдай оңдап,
аман келдік, олжалы қайттық!
– А-а-а-ал,–деді Әжімгерей, қонақтан қайтқан шешесінен сарқыт күткен бала
құсап, Сатымның әр қимылын баға, үмітті көзбен,– а-ал, құлағым сенде!
– Сатым-ау, әлгі Қажы ақамнан тумай кеткір Сағит деген ит келіп, Садықжанды
көрдім деп, естідің бе, алдап, бес күн жатты. Қарайған ненің (еттің шығар) бәрін
жеп, шу қара құйрық, тайып кетті. Шолан қаңырап тұр. Жалғызым қуанып
келгенде,– кемпір үлдіріктегі сүт, айран, қаймақ сықылды тағамдардың біріне бірін
құйып, сапырылыстыра жөнелді,– аман келгенде асып беретін. Мына қарт, ағаң,
айтпап па едім ауысты деп?
Тәм-ә-әм, Сағит кеткесін барып: – е, мен оның өтірік айтқанын келген күні-ақ
білгенмін дейді. Жының келеді, бар ғой, қарағым Сейсімет-ау, Ғұмар-ау, Қарашаш-
ау, қыз-ау. Туһ, қара қасқа, Сатым-ау, шырағым. Қартайғанда қайдағы қалаңғыр-
қасыңғырға алданып. Жем болып отырмыз. Көрсетті-ау Құдай көресіні! Жалғыз
бала қайдан аман келсін! Әй, әк былай, әлекпе келгірр!
Әжекең кемпірі жаққа қолын бір сілтеді:
– Ал, айта бер. Жоғарғы жақ тыныштық па екен? – Кемпір самаурынға мүйізін
қасымақ боп, сүйкене келген қызыл қашарды қуып тастап қайта кірген:
– Әлекпе ғана келгір осы иттен-ақ өлдім.
– Азамат қатынның қызына,– деді Сақал Сатым.
– Тіміскімей жүрмейді,– деді кемпір.
– Ауылдың дәмін – азығымызды ұстаттық– деді Сақал-Сатым.
– Жеткізбей кеткенін қарашы иттің,– деді кемпір.
– Қайыстай қатқан енесі,– деді Сақал Сатым.
– Өй, ет болғыр, қарасан,– деді кемпір.
Талжібектің түскен үйі Самаркіннің арқа жақ шетінде еді. Қырдан, Қошалақтан
келгенде ең бірінші үй, оң қолда. Екі бөлмелі, алдында сенегі бар, жұпыны, шағын
тас қыстау. Есігі Қанішкенге, құбылаға қараған. Есіктің қақ көзінде, ылғи да
қамысы, сабаны шашылып, қобырап жататын шеген қора. Қорада қашан көрсең
азан қағып, мөңіреп тұратын бұзаулы сиыр. Қашан көрсең қора мен үйдің
арасында бала жыландай ысқыра сумаңдап ұп-ұзын, ысқаяқ қара кемпір жүреді.
Бейберекет қағылған төрт-бес, сол кемпірдің тісіндей сойдақ соқа-қазықта, қашан
көрсең айқыш-ұйқыш жіп керулі тұратын.
Сатым мен Идаят келген күні ол жіпке ескі көйлектің бірер жеңі, тас-аяқ сүрткіш
шығар, әр жеріне шама жұққан бір қауым шүберек, тағы біраз мүліктер ілінген-ді...
Бұлар кеп аттарынан түсті. Бір жағын жерге көміп, бір жағын бос тастаған екі
қарыстай темір шынжырға