қоя берді: «Бұзылған қатын!», «Жәләп!»,
«Жәләп!» Онда пәлендей ауырламап еді, қазір көкірегі қысылып, екі тізесі қалтырап
кетті. Өз үйінен өзі безген талай кездері болған, бүгін қорықты, шынымен қорықты.
Аттап, кіре бергенде еңгезердей бір тұлға, тұлға да емес, қап-қара бір көлеңке
ғайыптан шыға кеп, қылша-мойнын кесіп тастайтын секілденді. Қараңғы түн де
болса, беті ашық жерде – далада тұра тұрғысы келді. Біреу ұмтылып келе жатса –
көреді ғой! Апормит, апормит! Бірақ осы бір сөз аялдатпайды, дедектетіп жетелеп
барады. Неткен құдірет, неткен күш!
Өр суы толып тұрған-ды. Ауық-ауық бақа бақылдайды. Тұншыға құрылдайды.
Алыстан, әріден естіледі. Бұл Самарқан көпірінің жақтауына кеп шынтақ артқан.
Домбырасын жанына сүйеп жатып: «апам естісе ғой» деп, тағы да торыға күбірледі.
Бәрі тосын, күтпеген жағдайлар еді. Тағы бір ой кимелейді, ол бетпақ ой: «жә,
апаңның да жәйі белгілі». Несі белгілі? «Білеміз ғой». Несін білесің? «Қарғам, о да
етегіне намаз оқымаған, қайтесің жаныңды қинап. Қысқа дәуренді қызықты өткіз!»
Апормит! Аяғының асты жарқырап, жайнап жатыр. Жар жағалай қиқы-жиқы, ығы-
жығы ғып салған үйлер терезелеріндегі перде, шамымен суға құлағанда ертегідей
сиқырлы, әсем көрінеді екен. Момын толқындар әлденеге таңдай қағып, таңданып
тауыса алмай жатқандай, сылп-сылп тамсанады. Бетіндегі шамның, түнгі аспанның
бейнесі мезгіл-мезгіл болар-болмас ырғалып, ырғатылып қояды. Кәдімгі аспан.
Жұлдыздары қандай ірі. Бақалар азан-қазан. Бірін-бірі оятып ап, бәрі қосылып
әлдекімді арбай, қызықтыра шақыратын тәрізді: «бғға-ақ, құррғ-ғғақ, күғғ-ғак, бғғ-
ғақ, бақ». Олардың да тістері ақсаңдап, бұған ұнағысы, көзіне түскісі келетіндей
тамақтары бүлк-бүлк жұтынып, әлдене тілек, талап ететін сын-ды. Апормит! Кенет
маңдайын түрлі-түсті түйіртпек-түйіртпек бұлт орап алды: «құғғ-ғқ, құрр-ғғақ». Ар
жағында жұлдызды аспан мың құбылып, жымың қаға жайнайды. Денесіне оралған
қой жабағысындай қалың бұлтты екі қолын жанталаса сермеп, олай-бұлай ашып,
айырып жіберді де, осынау ұлы сиқыр аспанға, жұлдыздардың үлкен бір шоғырын
нысанаға ала, самғап, ұша жөнелді...
1973, 1975