ра кемпірдің қабақ құрысын
айтар, жамандар деп күтіп еді. Анау олай етпеді, қайта құдағиды мақтап кетті.
Әркім өзінің кедейлігін енді-енді көре бастаған кез-тін. Осыдан екі жыл бұрын бір
аяқ тарыны көже ғып, дүйім ауылға бөліп ішкізген жұрт болатын. Мұның бәрін ат
бегі іштей шегіп, ұғып қойған сын-ды:
– Дегенмен жаман ел емес екен,– Сатым көп кешіріп үйренген көненің кейпінде
қалды; ел дегенді «адамдар», «кісілер»-дегі «р»-дан қашып айтқанын Әжімгерей
түсіне қойды.
– Айтпақшы, әлгі бандыдан не хабарың бар? Аудан біле ме екен?– деп сұрады
қарт, қыр елінің, аман-саудан кейінгі маңызды сұрағына ауысып, сонсоң жастық
ағашқа шынтағын арта,– жұрт дүңкілдеп әкетіп барады. Кеше Сейсімет біздің
кемпірдің зәресін алып кетті. Кемпір шалының сөзін шала ұғып, шап етті:
– Кеміріліп қал!
– Ауданнан Қали боп үш млеция шығатын құсайды. Ұстайды ғой. Қайда екен
өзі?–деп сұрады Сатым.
– ...Кемпір, кемпір! Қажағаны мен!
– Біреу Айданада, біреу Дыңғызылда дейді.
– ...Өзінің алжып отырғанымен қоймай,– деді кемпір.
– Ма-ма-ама айта-а-а-м!–Кемпір қолымен тізесін таяна кеп, ала шытты қобырата
апарып жүктің арасына тықты, қыздарына тістене ақырды:
– Ой, жойқаның құрғыр, түге, Садықжанның төсегінің тысы тозды, көйлек дей ме
не дейді?! Садықжанның төсегіне дау бар ма, сәбилер жым болды.
Табиғатынан мазасыз адам соңғы жылы күйгелек болып кеткен. Күйгені де бір
түрлі, қарап отырып дауыс етіп жылайды, одан көзінің жасын жаулығының
ұшымен сүрте салып, қартына тиіседі. Мұндай сәттері Әжекең қара інгенді жетектеп
құдыққа кетеді: құтылудың жолы. Сондай, өз сөзімен айтқанда, «жыны ұстаған»
кездерде жанында қарты болмаса – үш титтей қыздың соры. Қарғап-сілеп, қуалап
ұрып, тырым-тырақай қылады. Сонан соң «ойбай, ұршығы түскір-ай!» (кейде:
белім-ай, шонданайым-ай) деп зар қақсайды. Бұл «жынның» тұрайын дегені.
«Жыны» тарасымен шоланға қарай ақсаңдайды, не сандықты ақтарады. Сандықта
түйіншек-түйіншек шыт-шыпыр, шоланда ірімшік-май, ет болады. Бәрі Садықжан
үшін, бәрі соған сақталған. Күйі бар мал, түсі тәуір мата болса – кемпір қызғыштай
қориды: «Садықжанға тұрсын!» Өстіп жанталасады да жүреді: «Мына қырғын
келгірлер тіл алып, өрістегі қойды айдап келгенше отыра ма аштан-аш, пісіріп бере
қоям ғой», Садықжанның сыбағасы ерекше сақталады, ілінбейді, жайылмайды. Ет,
ет үшін ғана диірменге тартып, орта қап қып апарып қойған құмаршықтың ұнына
батырылады, сонда сүрленеді. Сарыала сұр көріністе тұрса... шалы құрғырдың
аузы қарап отырмайды: «кемпір, түгенше келді, Садықжанға деген бірдеңең бар ма
еді? Қайнатсайшы!» деп қойып, жантая кетеді және мұны оңаша айтпайды, кісінің
көзінше... әй, көмеді-ау, көмеді! Сөйткен ет-шоланды Сағит... қартының осы
сықылды басқа да талай қылықтары есіне түскенде кемпірдің жағы малжаңдап
кетеді. Тұра балаларға ақырады:
– Нағып отырсыңдар, әй жойқаның құрығыр түге, қой қайда? Біреу; «көп
қайғыра бермеңіз, тірі қалғандар әлі де келіп атқан көрінеді. Сіздің бала да бір
жерден шығар, келер» десе, кемпір зарлап қоя береді: «қой, Құдай, қайдан келсін,
жоқ қой бізге енді, жоқ!» Ал, істеп жүрген тірлігі анау: өз сөзіне өзі сенбейді. Күн
өткен сайын күдер үзеді, күдер үзген сайын үміт етеді. Түсініп көр!
* * *
Ондық шам мүлгіп, самарқау жанады. Шырқ айнала ұшқан ұсақ ақ көбелектер
мезгіл-мезгіл тұрбаға соғылып, сырт-сырт етеді. Бірінің басына бірінің аяғы кеп үш
қыз қырқай жатыр. Қара көлеңке үйде қаңғыр-күңгірді тыңдап Идаяттың көзі де
ілінді. Толған ай тас төбеге кеп шалқасынан түсіпті. Аспан мұзына тайып
жығылғандай. Айнала күлгін, жалпылдақтың күлін сеуіп тастағандай, үлпілдей
бозарады. Жел жоқ. Қазықтағы үш ат біріне-бірі иек сүйеп, қор-қор жусайды. Дала.
Көкжиектен бас алған «құс жолы» атты үлкен өзен жұлдыздарды әр жерден қылт-
жылт еткізіп, әкетіп барады, әкетіп барады...
* * *
Банды хабары күннен-күнге өрши, қорқыта берген. Өзі үргелек елді одан сайын
үркітіп, дүрліктіріп бітті. «Ауданнан бір топ млеция шығыпты» деген лақап қауіпті,
тіпті, күшейтіп жіберді. Жоғын іздеген малшыдан бастап, дәретке отырған әйелге
шейін жан-жағына елеңдеп, елегзумен болды. Қырдың көп жылауық баласының
бір-де-бірі даусын көтеріп жылауды қойды. Үлкендер өздері қорқып отырып,
балаларын тияды: «банды келіп қалады!» Бірақ сол бандыны әлі күнге өз көзімен
көрген кісі жоқ. Ал, ат жалын тартып мінген еркек кіндіктіден «ізін» кездестірмегені
кемде-кем. Сисенбай секілді ұшпа бөріктілер «мылтығының даусын» да естіген.
Өстіп, банды есімі шайтан, жын, әруақ іспетті, мекен-тұрағы, түр-сыпаты белгісіз,
жұмбақ қорқынышқа айналды: өйткені, көрдім дегенге ешкім сенбейді.
– Қанішкен млециясы ма? Суға соқ! Шылп!
– Оқыған ешқайсысы жоқ дейді. Жарты ақыл өңкей.
– Олар банды ұстап көктетпес.
– Өзге жұмыс қолдарынан келмегесін млеция қойған ғой.– Үріккен жұрт, естіп,
қуғыншыны – Қанішкен милициясын тілдей бастаған. Шынында олар арнаулы.
білім, тәрбиеден өтпеген, өзге іске қабілетсіз жандар-ды. Ішінара болмаса, көбі дүң,
өпірем, елге шықса қырып кете жаздайды Көпшілік сол