лдады,– со бандыны әуелі тап та өзіме жіберші! Мен-ақ айқасайын!
– Оның,– деді анау Қалекеңе сынай қарап, әрі қыздырып басып,– қаруы бар, бір
атылғанда он екі атылады!
– Жә, жә, даурықпаңыз,– деді лейтенант нығыз.
– Сушай, сен. – Қали «ілтінәнт жолдасқа» төніп келе жатты да, өзінің соған
тікелей бағынышты екені есіне түсіп, жым болды,– сен... сендер түсінсеңдерші,
обшым. Мен о құлақты іздемей келем бе? Көрдіңдер ғой, жоқ, ал! Қамшымен
ұрып қарақұсын ояр едім жауыздың! Нағыл дейсіңдер маған,– деп еді, көзі
жыпылық-жыпылық етті.
Осылайша, үшеуі біраз дәудірлескеннен кейін ерге қонысқан, төрт елі жалпақ
былғары белбеу буынған ақ көйлектерінің етектері делдиіп, қырдың шоқал-шоқалы
арасындағы жолмен күннің батысына, қойлы ауылға қарай жорта жөнелді.
* * *
Шеткерірек тігілген қараша үйді қанша қорашсынғанмен, амал жоқ, аттарын
солай бұрды: киіз үй қайткенмен екі керегені қаусырып, итарқалай салған киіз-қос,
не алу-далу шөп көранадан тәуір ғой. Басына неше түрлі құс саңғып, ақала,
қаралалап тастаған тапал қайың қазыққа шылбырларын тұзақтап ап, іле-іле
салысты да, үйінің көлеңкесінде күркілдеп отырған көксау қарт – Жағыпарға үшеуі
жарыса сәлем берді. Қарт келгендермен тілге келмес бұрын бие сауым уақыт
жөтеліп алды. Жөтелген сайын арқасын таяған кішкене үйі, кереге-уықтары сықыр
қаға иесімен бірге селкіл-деп, бірге булығатын тәрізді. Бір мезгілде барып көксау
жөтелін тыйып, жасаураған, онсыз да қызғылт, кәрі көзін сүртті. Сонсоң
әрқайсысына жеке-жеке назар аударып өтіп, Қалиға тоқтады, түйіп жатқан
жүгенінің сағалдырығын тізесіне қойып, бармағымен баса тұрып:
– Уағалайкүмәссалам, үһ-үһ-үһі,– деді. Сонсоң жіп-жіңішке орақ пышағын
диірменнің сынығына қайрап-қайрап ап, қонақтарды есігіне бастады. Үйге кіріп
жайғасқан соң байырғы хикаясына басқан:
– Қай пайғамбарым ед, бір пайғамбарым пайғамбарлық құрарда, Алла тағалаға
былай деген екен.
– Әй, шал,– Қали жаңағы орақ пышақты желке шашына салып, жүзін байқап
отырған,– шал, әй, пайғамбарың мен Алла тағалаңды қайтесің, одан да қой сой,
мына жігіттер...– өстіп серіктеріне бұрылып еді, лейтенант қабағын қатулана
жиырып, басын шайқады. Анау сасып қап, сөзін:–мына жігіттер банды қуып
келеді,– деп бітірді.
Қыр елі аңқау, адал, сонысынан қонақ-жай ел еді. Ақиыңқырап сөйлеп, асап
жеуді біліп қалғандарды, тіпті, басындырып, жаман үйреткен. Қалекең сықылды
сырбілгі кісілер әңгімені: «Әй, шал», «әй, қатыннан» бастайды. Бел буып, бөрік
кигенінің бәрін соғыс қырқып, кеудіреп отырған жетім-жесір жұрт жалғыз ешкісінің
ұрғашы лағына шейін сойып, қонақ қылады. Осы жолы да Қанішкеннен шыға сол
ескі, талай сыннан өткен тәсілді қолдана бастаған. Алдыңғы күні Қалекең бір
қойшыдан, солай, ет жеп есіріп аттанған-ды. Былай шыға бере екі серігі қатты
шүйлікті. Әсіресе жас жігіт: «Мұныңды қоймасаң, үстіңнен рапорт жазып, өзіңді
ауданға қайқайтам» деп қорқытты. Екеуі екі жақтап есін алғасын Қалекең ақыры:
«обшым жарайды, енді үйтпейім, қойдым» деп, көніп құтылып еді. Бірақ: «е, ет
жаман болса неге жедіңдер? Ауыздарың айтқанмен, аржақтарың белгілі ғой өзіме»
дегенді ішіне жазған. Қазір лейтенанттың ымынан кейін ойға кетті: осы жұрт неге
әлдеқандай болады? Етті жегендері өз алдына, ауыздары сылпылдап, саусақтарын
жалайтындарын қайтерсің? Сөйтіп отырып сүттен ақ, судан таза көрінбекші.
Қауқарсыз халқын аяған сиықтары. Бұл үшеуі аяғанмен басқалар аяй ма, ауданнан
шыққан өкіл аяй ма, әлде қасқыр аяй ма? Ертең өзіңнен де ақымақ өзге біреу жеп
кететін лақтың несі аяныш, несі адал?» Қали осылай толғанды. Бір көзімен қараса,
әкіреңдеп отырып біреуге мал сойдыру, әрине, зорлық: кісі қай бір сойғысы кеп
сояды дейсіз, күні ертең ешкі болғалы тұрған ұрғашы лағын? Әйтседе бұлар –
жұмыс адамы, үлкен шаруа бітіріп жүрген жұрт. Ел – сыйлауға, қонақтатуға тиіс.
Әттең, мұны біліп, өз еріктерімен қазан көтеретін үй иелері кейінгі әзірде азайып
бара жатқан секілді. «Елге не болған өзі? Қазақ өзгерген бе, қалай?» Қалекеңе
бататыны осы. Мына көк мұрын жігіттер зорлық, ұят дегенді тауып алды.
Зорлықты кім жаратады?! Бұл да, Қали да, қас онымен. Ұятсыздықты да
ұнатпайды. Сол да сөз боп па? Соны да сөз айттым, ақиқат аштым деп кісімісіп,
шіренеді кеп түге! Қалекең бәрін түсінеді, бәрін біледі. Тек, неге екені белгісіз,
балағына сүрініп әрең жүрген кемпір-сампыр, Жағыпар секілді мүгедек шал-шапыр
көрсе – ақырғысы, қорқытқысы келеді де тұрады. Жасықты, жараны көрсе жанып
түсетін даланың далпылдақ, жаман қара құсы! Жесін бәрі! Ел байғұс бәріне де
жетеді, иә, обшым так. Екінші көзімен қараса.... Одан да нәтиже шықпас, себебі
Қалидің екі көзінің екеуі де қисық!
* * *
Жағыпар қонақтың жаңағы сөзіне шамданып қалған. Обалы өзіне, бір оқсатқалы
оқтала бергенде, тағы сол, баяғы безер-дос жөтел кеп киіп әкетті. Жөтелі
басылғанша ілкі оралған өткір сөздерінің өңі қашып, ескіріп үлгірді, әрі, өзі де
райынан қайтып, «қызыл жағаның» ожарлығын кешіре бастаған, дегенмен жөнін
айтса да бірдеңе айтуға бекінді. Мұндайда ашулансаң – ұттырасың, жеңіл сөз