а әрине тынығуға біршама уақыт берілгені сөз жоқ және ол күн жексенбі, демалыс күні. Келгендердің әрқайсысына мамандығына, жасына, денсаулығына сай жұмыс орнын анықтауда уақыт талап ететіні белгілі. Әртүрлі құжаттарды толтыру, тиісті дәрігерлік байқаудан өту, кеншінің жұмысымен таныстыру, өндірістік техникалық қауіпсіздік ережелерін арнайы оқыту, кәсіподақ ұйымына алу, учаскілерге бөлу, бекіту, нақты жұмыс орнымен таныстыру, шахтерлерге берілетін өзін өзі құтқару құралын қолдануды үйрету, бұның барлығы да уақыт талап ететін шаруа. Нақты жұмыс орны анықталып, табельдік номері берілгеннен кейін ғана бұйрық 28 қыркүйек күні шығарылған. Себебі, еңбек ақы тек қана жұмысқа тікелей кіріскен күнен бастап есептеледі. Шахтерлердің еңбек ақысы қазылған көмірдің көлеміне тікелей байланысты. Денсаулығы келмесе немесе атқарылатын жұмыс бойынша қойылатын талаптарды орындай алмайтын болса жұмысқа қабылдап алып, қайтадан шығарып жатпайды ғой. Жұмекеннің комсомолдік жолдамамен келгендерге арналған нөмір 3 интернатқа орналасуы да осыны бекітеді. Сонымен қатар Жұмекеннің кеншілердің ән-би ансамбліне тіркелердің алдында өз қолымен толтырған анкетасы бойынша ол шахтаның клубы жанындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне 1955 жылдың 1 қазанынан бастап қатысқанын жазған. Осындай мән-жағдайлардың негізінде Жұмекеннің Қарағандыға алғашқы келген күні 1955 жылдың 18 қыркүйегі, жұмысқа шығу күні 28 қыркүйек - сәрсенбінің сәтті күні болғанын анықтадық. Тура 50 жылдан кейін Нәсіп апай Қарағандыға 20 сәуір 2005 жылы келіп, Жұмекеннің әдеби-музыкалық кеші сәрсенбінің сәтті күнінде өтті. Кездейсоқ сәттілік. Жұмекен көмір қазатын комбайнердің көмекшісі болып ресми түрде қабылданып, табельдік нөмірі- 390 болып тіркеліп, комсомольдік жолдамамен келген жастардың жатаханасы - нөмір 3-і интернатқа орналасып іске кірісті. Шахтаның 300 орынды клубы, 5100 кітап қоры бар кітапханасы, 4 интернаты болған. Жұмекен тұрған нөмір 3 интернаттың жағдайы біршама дұрыс, қалғандарының жағдайы аса мәз болмаған. Интернаттағы буфеттерде шахтерлерді ақшадан, тамақтан алдаған. Кейбіреуінде шахтаға қатысы жоқ адамдар тұрғандықтан, ұрыс-керіс, төбелес, жанжалдар, ұрлық көбейген. Тәртіп жөнінде 1955-1956 жылдары 15 лекция оқылған, оның ішінде 3 мәрте шешен тілінде. «Крокодил» атты қабырға газеті құрамында 17 адам редколлегия шығарып тұрған. Клубтың жанында 52 адам қатысатын көркемөнерпаздары үйірмесі құрылған, олар кейде тегін, кейде ақылы концерттер берген. 1955 жылдың 17 желтоқсанында өткен Қарағанды қаласының көмір өнеркәсібі еңбекшілерінің Сталин аудандық кәсіподағының 4 аудандық конференциясының хаттамасын (Ф-513, т.1, іс-30) оқысаңыз сол жылғы шахтерлер өмірінің оңай болмағанын көресіз. 335 делегаттан конференцияға 296 адам қатысқан, 25-і белгілі себептермен қатыспаса, 14 делегаттың келмеуі белгісіз. Конференцияның төралқасына қалалық партия комитетінің хатшысы Аубакиров, облыстық көмір өнеркәсібі кеншілерінің кәсіподағының төрағасы Кенжин А., Сталин аудандық партия комитетінің хатшысы Шорманбаев, нөмір 33/34 шахтаның кеншілер бригадирі, Социалистік Еңбек Ері Акулов сайланған. Баяндамада Сталинуголь трестінің басшысы Обуховтың көмір өндіруді жоспарлы, жүйелі түрде ұйымдастыра алмай, көмірді шабуылға шығып, қамал алғандай, елдің бәрін қаптатып, аласапыранға салыну арқылы қаздыратынын атап, бұндай күндерді шахтерлер ауыз әдебиеті «Сабантой» деп атап кеткенін келтірген. Нөмір 33/34 шахтаның проходчигі Шлегель өз сөзінде жұмысшылар мен қызметкерлерге шахтада жалақы өте нашар және уақытында берілмегенін айтса, Ускова шахта әкімшілігіне тек қана көмір қазу керегін атаған. Акулов, шахтаның интернаттарында жастармен ешқандайда тәрбие жұмысы жүргізілмейтінін тіліне тиек еткен.Шахтадағы монша әлі күнге дейін бітпеген, сменадан шыққан шахтерлерді жуынуға көрші 35, 61 шахталарға апарған. Келесі жылы 19.07.1956 жылғы конференцияда нөмір 33/34 шахтаның кәсіподақ ұйымының төрағасы Стариков шахтадағы үлкен өрттен келе алмай, шахтадағы партиялық ұйымдастырушы Толмачев қатысқан. Бұл конференцияда шахтаның бұрынғы бастығы Фролов пен қазіргі бастығы Волковтардың өндірістік жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан өздері барлық былыққа кінәлі екені. Көмір қазатын жерлерде жұмыс орындары алдын ала дайындалмайды, көмір қазатын сменаның шахтерлері дайындаушы сменалардың жұмысын атқарады, уақытында бос вагондар мен тіреу ағаштар жеткізілмейтіндігі сөз болған. Бастықтардың бар ойлайтындары тек қана көмір қазу, шахтерлердің өміріне көңіл бөлмейді. Шахтаның қуаты 78 пайызға ғана игерілген. Пархоменко заводының маңайында арақ сататын 20 дүкен орналасқан. Костенко паркінде таза су ішетін бірде бір киоск жоқ. Мерзімінде орындалмаған жоспарды еңсеру үшін елдің есін шығарып, екі аяқты бір етікке тығып, бәрін көмір қазуға айдаған. Шахта поселкісінің айналасы адам көргісіз, лас, неше түрлі өндірістік қоқыс, қалдықтар, барлық көшелер шұңқырлар мен жыраларға толы. Шахтерлер үйін жөндеу жұмыстары жөн-жобасыз жүргізіледі. Шахтада өртке қарсы пайдаланылатын екі камера керекті саймандармен жасақталмай, жара