летті бар беделін салып ауданның әскери комиссариатынан алған. Ресми орган солай шешсе оған Жұмекенді кінәлі қылуға болмас. Жалған құжат атам алып берді деп жар сала ма? Өз атасын өзі ұстап беру ғой. Құжат алып берген азаматтардың тағдыры тағы бар. Әскери дайындық курсынан өткен. Қару ұстауды, қолдануды үйренген. Керек кезінде сапқа тұруға қабілетті. Сонымен қатар, кезінде орыс патшасы қазақ әскер қатарына алынбасын деген жарлық шығарған. Бұл, бірінші құқықтық ақтау. Екіншіден, большевиктер орнатқан кеңес үкіметі патшаның отарлау саясатын сөзсіз жалғастырушы болғаны тарихи мойындалып отыр. Осы себептер негізінде құқық және тарих тұғырынан Жұмекенге қандай да бір кінә тағу негізсіз. Үшіншіден, Жұмекен әскери қызметтен қиындығы мен қатері асып түсетін шахтер еңбегін өткерді. Абыроймен атқара білді. Ата ерлігін ақтады. Әскерде солдат болмағаны, Жұмекеннің азаматтық биігін төмендете алмайды. Оған, қазақ поэзиясының генералы болу жазылған еді тарихи тағдырына. Осы арада Нәжімеден атаны ақтауға болады. Себебі, жалғыз ұлы Сабыреддин соғыстан оралмаған соң әскерге жалғыз ұлы- немересін қайтіп қиып жібермек. Өз қолымен өлімге аттандыру мен бара бар санаған. Кеңес әскерінде болған біздер не бітірдік. Әйтеуір,сан миллион саналған солдаттар қатарын толтырып сапта жүрдік. Атасы Нәжімеден айтса Жұмекен одан асып қайда барады? Алғашқы паспорты 1954 жылдың 20 шілдесінде берілген. Туған күні 1935 жылдың 23 маусымы деп көрсетілген. Туған күнін белгілеуді де Нәжімеден атасы шешкен. Неліктен Нәжімеден бабамыз осы күнді Жұмекенге туған күн деп таңдап алды екен? Әлде, қазақтың бас ақыны Абайдың қайтқан күні ескіше есеп бойынша 23.06.1904 жылы болған соң таңдап алды ма атасы? Немересінің табиғи, тума талантына тәнті болып Абайдай ақындық өнер тіледі ме? Анна Ахматованың туған күні де осы күнге түседі. Әлде, жәй сәйкестік пе? Жұмекен кейін өзінің туған анасы оның қысқы соғым союға екі күн қалғанда тудың деген уәжімен жаңа паспортына 28.11.1935 жылы деп жаздырған. Қайсысы дұрыс? Әлде, 1934 жылдың 28 қарашасында туып, келесі 1935 жылдың жазында ауыл кеңсесінде тууы туралы жазба енгізілді ме? Әбден мүмкін. Ашақ пен Қошалақ ауылдық кеңесінің ара қашықтығын есептесек, қазақтың үкіметке тіркелуге асыға қоймайтынын ескерсек, қыстақтан кеңсеге келу жаз келіп жер аяғы кеңіген кезде жүзеге асырылғанға ұқсайды. Алғашқы рет Жұмекеннің туу туралы жазбасын қалай айтып, айналдырсаңыз да 1935 жылдың маусымында жүзеге асқан. Бұдан Жұменнің 1935 жылдың қарашасына шейін дүниеге келгені нақтыланады. Тумаған балаға туған күн белгілемейді ғой. Паспорттың туу куәлігіне, не жазбасына сай толтырылып, соның негізінде берілетіндігін ескерсек Жұмекен 1934 жылдың 28 қарашысында туғандығы анықталады. Жұмекеннің жазылып жүрген атымен азан шақырып қойған аты бірдей ме? Ақынға атын қойдырған әрине атасы Нәжімеден. Ол кісінің сауатты екені белгілі. Жұмекен деп жазылуы Жұмакән дегеннен туды ма екен. Кән – арабша - кен, кеніш. Ауыспалы мағынада: мейірімділік бастауы, қайырымдылық, ізгілік; негізгі мағынасында Құдайдың эпитеті. Жұмекен деген есім де жарасып тұр. Жыр кені, кеніші. Сонымен, Жұмекен паспортына сәйкес ақынның туған күнін екі рет атап өтуге болады. Атасы Нәжімеден қайтыс болған 1955 жылдың 19 маусымы Жұмекеннің жаңадан туу күні болды. Оның алдында енді өзі ғана жүре алатын жолы жатты. Асыраушы, қорғаушы, қолдаушы адамынан айырылған күн оның тұлғалық жолға түсетін сәтінің басы еді. Содан ... «содан жетісі күні мәйіт салынды, қырық бірінші күні бұл елден кетті». Нәжімеден-Әжімгерей қайтыс болған күн 1955 жылдың 19 июні болса, Жұмекеннің Ашақ-Қошалақтан шыққан мерзімі бірінші тамыз күні. «Облыс орталығынан астанаға шейін поезд үш тәулік жүгіреді». Жұмекен - Идаяттың Алматыға келіп түскен күні 5 тамыз 1955 жыл. «Даңқ пен дақпырт» романын талдағанда нақты өмірбаяндық дерек табылады. Алда, Жұмекенді қазақтың ұлы әнін тудыратын ұлы ақынның туар күні - 1956 жылдың 25 қазаны күтіп тұрды.
Атасы Нәжімеден көтерген биіктен, төбеден Жұмекен түспеді, төмендемеді. Көкесінің оған аналарыңа қарайлама, олар ел ішінде, сен оқуға бар, адам бол деген соңғы аманатын естен шығармады. «Әжекеңнің қадір-қасиеті, барлық өлгендер секілді, қайтыс болғасын, әсіресе, айқын танылды. Мұны о баста ауылдан итеріп шығарған да сол қарттың аузынан шыққан сөздердің дуасытын:
- Әжімгерей бейбақ өлерінде жалғыз немересін шақырып алып...- Иә, кет, бұ жерде не бар саған? Оқу ізде, өнер тап, депті». Әуел басында Жұмекен ауылдан шыққысы келмеген сыңайлы. Оны оқуға, өнерге итеріп шығарған атасы болған. Ақиқаты осы. Өнерге, өмірге жолдама берген атасы Нәжімеден қайтыс болғанына да биыл 50 жыл.
Алматыдағы 1955 жыл 8 қыркүйекте болған жастар жиынына да қатысып отырғанда да атасының сөзін есінде ұстады. Қарағанды көмір өндірісінің бастығы Иноземцев, Қазақстаның Коммунистік партиясының хатшысы Брежнев Л.И. астана мінбесінен жастарды еңбек майданына шақырып жатты. Жұмекен осы екеуімен тақау арада тағы да кездесетінін білмеді, бұлардың көп сөздерінің шындықтан алшақ жатқанын өз көзіме