ақ та түп-
көзі сорпаланып, Сейсіметтің алдынан таусылып құтылды. Астан кейін тілі қайта
шықты: көр-жерді көсеп сөйлеп біраз отырды. Көйлегінің омырау түймесінен ұстап,
өзін-өзі желпіп терін басты. Келген соң кетудің де керек екені есіне түсіп, бір кезде
орнынан көтерілді.
– Нағашы, мен жүйем! – Үй иесі үндемеді. Үндегенде не айтады? Аз отырдың ғой
деген сыпайы өкпені бұ қонақ ғұмырында естімеген кісі. Тамақты аз жедің деп
«Құдайға күнәлі» болар жайы тағы жоқ.
– Жүрсең, жолың болсын, жиен, аман барып, сау қайт!
Үйдің іші бір сәтке үнсіз қалды. Жүргенде, бұл ертең ертемен майданға аттанады.
Одан аман оралар-оралмасын кім білсін?!
– Бала-шағаңның нәсібіне аман барып, сау қайт, қарағым,– деді кемпір. – Біздің
Садықжан не күйде екен?! – Кемпір көзінің жасын жаулығының ұшымен сүртіп,
мұрнын тартып-тартып жіберді. Шал үнсіз төмен қарап, нақ бір жаңа көріп
отырғандай ақ түр салынған қалың қара текеметтің ешкі қылынан есіп, ызып салған
жиегін сұқ саусағымен шұқылап қалды. Сейсіметтер тұра-тұра сырт киімдеріне
жармасты. Қол орамал, қамшы, белбеу сықылды, қазекеңнің кез-келген үйге жайып
тастайтын ол-пұлын келіншегі тауып берді.
Жиен қоштасарда тағы бұзылды. Аузы төрт бұрыштана ғап, «бісмілдә» деп келіп,
шал мен кемпірдің қолын қысты. Кемсеңдеп тұрып бала-шағасына бас-көз болуды
өтінді. Үй иелері көздеріне жас алды. Сейсімет одан сайын болжырап кетті. Тәмәм
есіктен шығарда артына қайырылды:
– Нағашы, біздің Мәйуә қайасыз қалып бая жати, Мәйуәга би қайа, би қайа!
Жігіт далиған денесін дарбазаша бұрып шыға жөнелді. Үй иесі күліп жіберді:
– Мал десе қайтеді екен?! Қарада несі бар қасқа баланың! Кемпір:
– А-аа? – деді.
Осыдан төрт күн өткен соң Сейсіметтің ер-тұрманын жылқышы Мәсәлім әкеп үйіне
табыстады.
2

Бұл жылдың қысы борандата, бықпырт, бұрқырай кірген. Жел арқадан аумай
соққанына бүгін үшінші күн. Қар бір жауады, бір ашылады: жауса да, жаумаса да –
бәрібір, боран. Ысылдап, үшкірлене жүйткіген жорға борасын жолдағының бәрін
жалап-жұқтап әлдеқайда әкетіп жатыр. Қыр қайда, ой қайда – айырып болмайды.
Жып-жылмағай, ақ-аяң. Осы екі үйдің ошағынан от сөнбегелі де үшінші күнге
айқасты. Ұлпасын мал жеп, сидалап тастаған қияқтың сары сабаны мен боз
жыңғылдың отындық қауқары да шамалы: қазандыққа салған бойда дүр ете түседі.
Мұржаның жел жағын жауып қойғанның өзінде, өңменіңді суыратын өлермен жел
түгел жандырып үлгіртпей, түтінмен бірге суырып, сүйреп тауысады. Ішіне ыстық
түтін айналып жарымаған балшық пеш қан-жылым болады да тұрады. Пеш түбінде
бүрісіп екі бала отыр. Біреуінің үстінде, ішіне түйе жүнін салып, қолдан қабыған
сырмақ күрте, екіншісі көнетоз көк сәтен көрпеге оранған. Екеуінің қолында да бір-бір
сындырық сұлы наны. Алдарына, үстеріне нанның қиқымы шашылып қалыпты. Төрде
қара қалайымен қаптаған үлкен ағаш сандықтың үстіндегі жүк – алабажақ. Түрлі
түсті матамен жамалған бір-екі қызыл сәтен көрпе, үш-төрт төсек, екі-үш құс жастық.
Қатарында, қабырғаға қағылған ағаш қазықта, алты өрме қамшы мен таралғысынан
суырылған екі темір үзеңгі. Желқомын алып тастаған, қасы жарық қайың ер, іргеде,
қыл терлікпен жабулы. Бояуы оңыңқырап кеткен терме алаша, әр жері іріп,
шабырлана бастаған түрсіз қара киіз төсеулі жатыр. Бөлменің қақ ортасынан,
майысқан бел-ағашқа, қарағай тіреу қойыпты. Сол тіреудегі қисық темір шегеде күміс
айшықты қара бұлғары жүген.
Қанша ұқыпты ұстағанмен үй ішінің жұпынылығын жасыра алмай әуреге түскен
бір қол бар. Желкелеп жиған жетімсіз дүние, тарамыс, тырысқақ қолдың уысынан
шықса-ақ болды, жамауларын жалпылдатып жан-жаққа безіп жоғалатын сияқты.
Зорлап біріктірген құранды мүліктің өзі де осынау суық, кіріптар бөлмені мекенсініп,
менсініп жарытпайтын тәрізді.
– Ищай! – деді кішісі.
– Ищай!! – деді үлкені. Үйдің іші сұрланып барады. Қар екені, қырау екені
белгісіз, төрт көз терезе – сабалақ-сабалақ. Қиық-шиқ етіп қақалып ашылған есіктен
әуелі бір құшақ ақ-сұр бу, артынан Мәруә кірді. Кіреберіске аяғының қарын тебініп
қақты да, қазандыққа қарай қорбаңдады. Шекпен қолғаптан боп-боз саусақтарын
жалма-жан шығарып ап, отқа қақтады. Онсыз да әлсіз отын суырыла жанып сөнуге
айналған. Мардымсыз шоқтың бетін үлп-үлп еткен ақ күл басыпты. Қызу, қызыл шоқ
тілеген көңіл, қоламтаны көргенде бір түрлі жүдеп, құлазып қалды. Артындағы бұтап,
текшелеп қойған жыңғыл шырпыларын бүктеп отқа салмақ болады, қолының қуаты
жетпейді: саусақтарының жаны кетіп қалыпты. Екі қолын аузына апарып, әр-бері
үрлеп көрді, демінде жылу жоқ сықылды. Тұсаумен буған белін де шеше алмады.
Етегі делдиген кішкене ақ тонның түймелері ағыттырмай қойды. «Құдай-ай!..»
Отынның үстіне ебедейсіз отыра кетті. Тон киген бөгде біреу мұның қимыл-
қозғалысын мазақтағандай ыс-ыс, қаудыр-қаудыр етеді. Екі ұлы күрте, көрпелерін
сүйрете-мүйрете келіп шешесінің мойнына асылады. Мәруә сәбилердің беттеріне
қарамауға тырысты. Екеуін құшақтап қысып-қысып қойды. Сонсоң түрегеп теріс
айналды.