п.
Көремісің: туфлидің ерек іші,
әйелдердің белбеуін көремісің?!
Қоқытпа ана шашыңды, ара-тұра
саусағыңмен болса да тара, шырақ,
дүниеқоңыз екен деп сөкпе мені,
есті кісі көп естіп, көп көреді,
ғұмыры бір шыға алмай жөргегінен
сендейлердің талайы көрге кірген,
Есейеді адамзат пұлын біліп,
оқығаны емес тек, көргенімен.

ҰҚЫПТЫ ДҮНИЕ

Таң қаламын:
неткен қатал заңдылық бұл біркелкі,
қыс пенен жаз,
күз бен көктем,
күн мен түн –
бәрі кезек, бәрі заңды баяғы.
Ағаш тамырын жер астына жаяды,
ал, тау шыңы – биікте, ең үстінде,
барлық таудың шыңы солай болады,
адамдардың миы – баста болады,
бар адамның миы солай болады.
Бес саусақтың орны бөлек,
бас-бармақ…
сұқ қол,
ортан қолдар содан басталмақ,
Шынашақтың орны бөлек,
шынашақ
шықса бір күн аспандап,
болса бір күн бас-бармақ.
Болмайды оған,
Қой, оның не болмайды,
(болмайтынға қолың созсаң – сол қайғы)
немесе анау алма ағашы
бұтағымен жерге еніп,
өсіп тұрса тербеліп?
Шулар еді бар ағаш:
«Сәлемат па, аман ба?
Кімсің? Несің?
Ағаш бұлай өсе ме екен?
Ки-ки-ки, бұл заманда?»
Осылайша шулар еді бар ағаш.
Ауа ың-жың болар еді:
«Алма ағаштың төбесінде, Тәңірім,
жапырағы емес, тамыры!»
Немесе тау шыңдарымен жерге еніп,
аспаннан кеп аяғы,
жатса бір күн әсем екен дер ме едік?!
Сақта, Құдай!
Жер астында болсын тамыр, өліктер,
тірілерге жердің үстін бөліп бер!
Тәртіп жақсы, не дегенмен, досым-ай,
қалсын бәрі дәл осылай...
Осылай!

ЖАХИД КӨЛЕБИ

БОСТАНДЫҚ

Құдірет-күшім жетсе менің, шіркін-ай,
ағытар ем кемелердің барлығын,
арқан,
жіптің бәрін қиып тастар ем,
Желкен біткен желбірер еді жел іздеп,
кеме біткен шығар еді теңізге,
соңдарынан қарап сонда қасқа мен
күлер ем-ау қарқылдап,
айқайлар ем қарлығып:
еркіндеңдер, еркіндеңдер кемелер!

Құдірет-күшім жетсе менің, шіркін-ай,
Жинар едім әлемнің бар сәбиін,
қанат жасап қарақаттың гүлінен,
сәбилердің иығына тағар ем.
Күнге қарай ұшырар ем барлығын,
соңдарынан рахаттана қарар ем,
күлер едім қарқылдап,
айқайлар ем қарлығып:
еркіндеңдер, еркіндеңдер сәбилер!

Содан кейін көкірегіме бір ұрып,
Өзімді-өзім ұғынып,
Жаса!– дер ем өзіме-өзім,
содан соң
шырт түкіріп кетер едім бұрылып.













САБАХАТДИН ҚҰДРЕТ АҚСАЛ

* * *

Көшеге шық ертемен, қолың жатсын қалтаңда,
ағашы көп жерлерді іздеп жүріп ал таңдап.
Арқалығында орындықтың қалсын бешпет
ілулі,
досың сенің кафеде күте тұрсын,
бүгінгі
жұмысыңды қоя-ақ қой – бір күн қалсаң
қайтеді,
көңілге өмір қанағат іздеу болса әйтеуір,
қанағатты қайдан тап – бәрібір ғой әйтеуір,
Көңіл-дағы сенің бір қарының ғой әйтеуір.
Міне, солай, солай бас,
анау талға сәлем бер,
құмарт мынау аспанға,
сын арт мынау әлемге.
Ағайынның халін біл,
терезесін бақыла...
Асықтың ба жұмысқа?

ТЕҢІЗ ЖАҒАСЫНДА

Жігіт отыр қармақ сап жағасында теңіздің,
Теңізден жұлдыз аулайды.
Аулайды ол бір-бірлеп,
тісіне салып қарайды,
Жүзі жарқын жігіттің,
жаны бірақ қараңғы.
Артындағы жолменен
бір қыз өтіп барады,
сылаң қағып қарады,
бұраң қағып қарады.
Дүниені өзінше
қайран ғылып барады,
әтір исі басыңды,
айналдырып барады,

Ал, жігіт ше?
Отыр ол жағасында теңіздің,
қызға назар салмайды,
теңізден көз алмайды.
Ыңылдай ма,
сөйлей ме,
өзімен-өзі міңгірлеп.
Жұлдыздарды аулайды
тұнық теңізден бір-бірлеп.

ТЕРЕЗЕ

Терезеден өңге ешкім,
көрсете алған емес маған мұнша анық,–
тіршіліктің сонша сұлу екенін.
Терезеден түнгі аспанды құшамын,
жұлдыздарды кезіп бір сәт кетемін.
Бір кетсем мен
енді қайтып келмеспін.

АДАМ ҮНІ

Жаз кезінде таң атады-ау сарғайып,
терезеңді ашасың ғой,
сонда бір,
жұпар ауа толтырады-ау бөлмеңді?
Сол бір жұпар, сол құпия, сол ғайып
бықсып тұрған бөлмеңе
Адам үні толғаны.

ӨТЕР КҮНГЕ БІР ӨЛЕҢ

Сәлем саған, жаңа күн!
Жұмбақ сәуле аспанда,
Жұмбақ түс бар теңізде.
Сәлем саған, жаңа арман,
құштарлығым өмірге.
Ал, атқаршы ісіңді:
пароходты бірінші,
самолетті бірінші,
жолаушыны бірінші
қарсылауға жүгірші!
Сәлем саған, жаңа күн!
Бірақ, достым, біліп қой,
Мұның бәрі саған деген үміт қой.

НЕДЖЕТИ ЖҰМАЛЫ

ҚАРДАҒЫ ІЗ

Қардағы жатыр іздері,
Құлап түскен жерге шейін оққа ұшып.
Жатыр сұлап, кім таниды өлікті,
Жоқ танысы, жоқ күші?
Олар үшін бітті бәрі, сағаттар
тоқтап қалған,
алары жоқ