өздері сай қонақтар қазық басына дүбірлей тоқтады. Семіз, шетінен көбең. Қыз
алғалы келген кісілерден гөрі барымта шапқалы аттанған соқпа, өкірек жігіттерге
көбірек ұқсайды. Мәруәнің қасына еріп баруға ылайықталған әйелдердің бірі
ашық, сөзшеңдеу болатын, қақа төрге шартия қалған бурыл бас кеспелтек қараға
қарап:
– Құда, екпініңіз тым қатты екен, атыңыздың омырауымен үйімізді жығып кете
жаздадыңыз-ау, құр қайтпасаңыз жарар еді,– деп сыңқылдаған, отырғандар бір-
біріне жалтақтасып, әбігерленіп қалды. Жаңағы әйелдің артында тұрған біреу
ананы үзе шымшып, сыбыр етті. Әйел:
– О, Құдай тілегіңді кессін сен шалдың,– дей беріп, аузын баса, сыртқа ұмтылды.
Айтарын айтқызып алып басқан ауыздан не пайда, Серікбайды бұрын көрмеген
кісінің құда деп сөйлегені: әрі ферма меңгерушісі, әрі кіші басқарма, әрі осы
ауылдың болашақ күйеу баласы-тын. Ол мына сөзді естігенде әуелі қызарып, сосын
көгіс тартты. Сосын өзінен әлдеқайда жас құда, қосшыларға бір-бір қарап өтіп,
кәдімгідей жасып, сынып кетті. Күйеу баладан кіші болып шыққандарына аналар
қысылды. Сөйтіп, дабырайтып, дабырласып өткізгелі отырған тойдың алғашқы
минуттар бет қызартып, самай терлете, ал, кейбіреулерге жер шұқыта басталған.
Іштерінде Мәруә бар, үш-төрт ақ жаулықты күн батыс жақтағы қияқ үрпекті
асып, артындағы сайға түсіп бара жатты. Сары қарын тартқан біреу жанындағыны
түртіп қап:
– Ойбай-ай, көмдің-ау, келін, көмдің! Күйеуді құда деп тантығаның қай
шатасқаның?– деп бетін тырнады.
– Құдай тілегі кесілгір, жеңеше-ау, қайдан білейін. Өзі шал, өзі қақа төрде. Күйеу
деген төмен отырмаушы ма еді? Мен емес, ол шатысқан!
– Басқарма боп жаман үйренген күйеу ғой.
– Төсті қайсымызға қыдыртар екен?
Шұбалаң етектерін шөп бұталарына іле-іле тастап, әйелдер отыра-отыра
кетіскен. Қарсы алдарындағы қоңыр қабақтың басына қора шетіндегі қарақшыдай
ербиіп біреу шықты. Бұларға тура, маңдайы аумай жүріп келеді. Күн артында
болғанға ма, картосының күн-қағарын желкесіне қарата киіпті. Екі тізесі аттың екі
құлағын кағады. Үсті алу-салу, додадан шыққансын-ды. Мыналар бір-бір мәрте:
«ой-бай-ай», «ойбай-ай» десіп, беттерін шымшып, етектерін жиып үлгіргенше –
келіп жетті. Сейсімет.
13
Сейсімет Мыңтөбе асқанда, Сандыбай Қошалаққа тартқан. Содан қазір жүдеп
келеді. Жүдегені сонша, бүгін тұңғыш рет өз мұрынын көрді. Маңдай мен ауыздың
ортасында не бар екенін іші сезетін де, соған риза боп жүре беретін. Айнадан
болмаса, бұрын көрмеген заты еді Елу жылдан аса уақыт бірге жасасқан мұрнына
жаңа алғаш рет көзі түскенде шошымағанмен, бір түрлі, тіксініп қалды. Арықтаған
адам жайлы біреулер: «пәленше қатты жүдепті, қоңқиған мұрны ғана бар» деп
жатады. Ол – қоққиған мұрын ғой, қоңқимағанының көзге түсуі... Сәкең мықтап
қынжылды. Соншалықты болымсыз дүниенің өзі көзіне ап-анық көрінуіне
қарағанда – бетінде ет қалмаған болды. Мұрынын көрмегені сияқты, ғұмыры
аштықты да көрмеген-ді. Топырақ тыныш, тамақ тоқ. Бұ не сонша?! Мұның бәрін
ол Қошалаққа кеп дәрі сасып жатып алған шомниға, соған қатынайтын самолетке
жабады. Самолет расында оңбайтын көлік. Екі қанатының арасы айқұш-ұйқыш боп
арқырап ұшып береді. Тіпті, кейде күніне екі реттен қонады. Көбіне Оразғалидың
шаруасын атқарады. Бума-бума газет, хат әкеледі. Онысы да кешірімді, жаңалық
атаулыны қағаз ғып тасығаны аздай, ауызша айтып кететінін қайтерсің! Сандыбай
атын ерттеп мінгенше ауданның бар хабарын бүкіл ел естіп қояды. Бұл әдетінше
сиыр сәскеде бір үйге жайғасып ап, тамағын қырнайды. Сосын ыңыранып,
әңгімесін:– Кеше ауданда – деп бастай беруі-ақ мұң, үй иесі:– жә, оны естідік,
білеміз,– өстіп, теріс қарайды. Аузын аңқайтып тұрып тыңдататын қай-иран
дәурен-ай! Келмеске кеткенің бе, шынымен?! Қайта бір келер ме еді! Бәлкім,
бірдемесін ұмытқан шығар?! Қамшысын қалдырған жолшыдай қайыра соқса...
Сәкең қалмайтын, ере кететін сияқты. Айтқанын ауыз ашып тыңдайтын аңқау елі
жоқ өсекшінің өмірі не?! «Заманның бұзылғаны» осы да. Сисенбай да тауып
сөйлегесін, басқаға не жорық. Ал, заман ба, адам ба – әйтеуір, бірінің бұзылғаны
хақ: бәрі күдікшіл, бәрі сақ, бәрі ақылдан дәмелі. Мұндай да уақыт болады екен,
Құдай! Мана, сарала таңнан Қошалаққа шапқан. «Жаңа өмірдің» кеңсесіне кеп,
атынан түсіп жатып, күнбатыс жағындағы тақыр сорда қонып тұрған самолетті
көргенде жүрегі сазып кетті: демек, жаңалық жетіп қойған ғой? Сонда да үміт үзгісі,
беріскісі келмей, ләпкеге беттеді. Құм халқы кәзит оқуға салақ болғанмен, хабар
тыңдауға ыждағатты, ыстықта құлақшынын бастырып байлаған анау әлгі ұшқыш
деген сайтан бірдеңе деп оттап салмаса неғылсын! Емпелеңдей басып дүкен алдына
жете берген, іштен Қызбала шығып, есігін жапты да, бұрылып, үйіне қарай
аяңдады, бұл қапелімде аман-сау да алыса алмады, артынан байқады: келіншек
орамалының ұшымен жүзін басып барады.
Соңғы кезде (самолет келгелі) Сәкең күрт кеткен. Молдалық бағы да тез орнап,
тез ұшты. Бұрын тебесінде тұратын бөркі қазір милықтап, құлағын жапырады.
Әңгімені де е