өмір, махаббат
қызығын көрмегендіктен болар, бұ тұста Қарашаш, адам танымастай боп өзгеріп
алды. Ол ер көңіл, қайырымды анадан гөрі, қарау, қызғаншақ, кәдімгі қатын
күндеске көбірек ұсады. Бақытты адам шолжаң келеді ғой, қызының еркелігі, сөзі,
күлкісі ерсі, артық көрінді – бәр-бәрі соның өз есебінен, өз қалтасынан
шығатындай, қараптан қарап қытымырланып, тарынып бітті. Ана үшеуінің көргені
үшін бұл сарғая берді, аналар биіктеген сайын бұл опырыла, шөге түсті. Оларға –
күлкі, бұған – ыза, оларға – қуаныш, бұған – қасірет, оларға – махаббат, бұған –
жалғыздық әкелген бір күндер өтті.
Алғашқы әзірде Талжібек шешесінің қабақ құрысын өзінше жазуға тырысқан.
Перзент, сәби пәктігін құрал, қару ғып жұмсады. Мойнына асылып, «апа, апа-лап»
еркелесе ана пейіл балаша жадырап, жазылатын-ды. Кейін келе, неге екені белгісіз,
сол қылық, сол мінез өзге түгіл, қыздың өзіне де өтірік, жасанды сезілді. Ерсі
қылық ессіз ғашық болмаса, өзге кімді жерітпейді, Талжібек те солай, өз мінезінен
өзі жеріп шыға келді. Содан, еркелеуді мүлде қойды. Өмірәлі болса Қарашаштың
мінез-құлқындағы бұ сынды қауырт құбылысты өзінше, өте батыл ұғынды, өте
батыл қортынды жасады: бірде тіпті күйген болу керек:
– Туған қызының бақытын күндейтін ана болады екен, Құдай!– деп қойып
қалды. Қарашаштың талағы тарс айрылар деген, олай болмады. Қайта, әдеттегіден
бөлек шыдамдылық істеді. Бұрқырап сөйлеп отырған әйел жым басыла ғап,
ұлының бетіне таң-тамаша боп бір қарады. Осы секундта әлгі сөздің мағынасын өзі
де таңдана мойындаған сияқтанды. Сонсоң назарын төмен салып:
– Сен бала, көп көкімей отыр, тап анаңды, хақымақ!– деп күбірледі.
Осы күндерден кейін-ақ Қабен сөз айта бастаған. Қыз әуелі түк түсінбеді, сосын
түсінбеген болды, сосын сылтау, себеп атты кірпіштен, түртіп қалса құлап кететін
қамалдар соғып, қарсыласып бақты. Ең ақырғы қарсылығы:
– Апамды тастап ешқайда бармаймын!– болды.
– Онда мен қолыңа кірем, бірге тұрамыз!
Қай күні Қарашаш қызын баяғы сәби күндеріндегіше, тізесіне жатқызып ап
еркелетті. Өзі әншейіндегіден көңілді, жібу көрінді. Талжібек соны сезіп, кенет
шешесінің бетіне тілене, мөлдірей үңілді:
– Апа деймін!
– Не, айналып кетейін?
– Бірдеңе айтайын ба?
– Айта ғой, күнім.
– Сен... саған Қабен ұнай ма?– Қарашаш қызының басын тізесінен итере тастап,
ұша түрегелді, бір зат жұтып қалғандай, жұлқып тұрып етегін қақты. Ақшыл көк
шашын шалқасынан сілкіп тастады да:
– Ұнатсаң, қайт дейсің?! Ти, тиіп ал! Тез! – деді. Мұны Талжібек ертеңіне
Қабенге былай жеткізген:
– Апама айттым, келісті!– Қабеннің қуанышы қойнына сыймады. Бұрын
Қарашашпен екі күнде бір сәлем десетін, енді күніне екі мәрте ырсалаңдайтын
кәдімгі күшік-пейіл тапты. Бұл екі ортада күйеу жігіттің шешесі мен ағасы құда
түсіп те үлгірді.
Соның ертеңіне Қабен қысыла, қинала сөз бастаған:
– Апа! Сізге оңай емес. Әрі кешегі күнде жұбаныш, серік болған жанды кісіге
қию. Тіпті осында-ақ тұра берейік. Мен де өз балаңызбын.– Жігітке бүкіл мәселенің
басы ашық, енді қайын ененің көңілін жұбанту, дәтке қуат айту ғана қалған тәрізді
көрінген. Қарашаш мұны басқаша ұғынып, қатты кетті:
– Ой, а-ана-аңды ғана, күшік күйеу! Шық үйден! Намыссыз неме!– Қабен
жөнелгесін Талжібекке қарата,– мынау саған бай болып ештеңе бітірмес, қатын
етпесең! О несі, әй! Осында тұра берген нес! «Мен де өз балаңыз!» М-һі-м-һі!– деп
күйді.
Жақсы кітап пен бақытты ғұмыр ұзақ болған ба, Талжібектің аяулы күндері
өстіп, күтпеген жерден, тез бітті.
* * *
Сол сөздерге өкпелеп Қабен жоғалды. Аузына апара берген асын өзінің
менмендігі қағып төкті. Басына қонған бағын өзі үркітіп ұшырды. Ауыл адамдары
өстіп өрепкіді. Асылы, қулық-сұмдығы мол, тіс қаққан жігітте әу бастан шын
сүйіспеншілік болмаған тәрізді. Болса есеп қана, әйтпесе, ғұмыры кешірілмес
ұятсыздық, осалдық жасады. Бұ да естіген елдің алып-қашпасы еді. Ал, шындығы
ше?
Әйтеуір Талжібек басқа біреуге ұзатылды. Күйеу бала ауданда істейді. Жез
түймелі қара көк бешпеті, сол түстес шинелі, енесі жалап тастаған бұзаудың
сауырындай жылтыр қоңыр шашы, ылғи да өз-өзінен шошынып, үркіп тұратын,
шай ішетін кеседей ала-тарғыл, алашұбар екі көзі, басқа байлығын көрген кісі жоқ,
қызды алмастан он бес күн бұрын ғана сөз салды. Жанбота. Бұл есімді Талжібек
анау аттанып кеткесін барып естіген. Келген шаруасын Қарашаш баяндады.
– Маған бәрі бір!– Қыздың жауабы осылай, келте қайырылды. Неге бәрі бір?
Неге? Бос сұрақпен бас қатырып керегі қанша!
Ол қырдың қыздарынша дауыс етіп сыңсымай, жыламай аттанды: Қонақасыға
бес-алты адам қатысса да, бұ хабар сол күні бүкіл Қошалаққа жайылды:
– Қарашаштың қызы көрейін де өлейін деп жүр екен.
– Көлікке ұмтылып мініпті.
– Өмірәлі бауырына басып, өкіріп тұрып жылағанда...
– Сонда жібімеп пе, ей?!
– Жібу деген не болғай! Қайта, ағасын арқасынан қағып, өзі жұбатыпты.
– Әй, шығар-ау, ендігі жастан шығар.
– Қабен бейбақ сол қыздың ұзатылғанын естігенде өз маңдайын өзі жұдырықтап,
үш күн боздапты,– екі ұрты ішіне кіріп кеткен көсеу қара