асап жатыр,
бұл болса қайдағы бір пішеннің ақпарын әкеп бас қатырады. Әрі аяп, әрі мына
сықылды алапат жұмысқа өзі де көмек еткісі кеп, ирек-ирек көп сымның біреуін
жасқана ұстай беріп еді, иесі ақырып жіберді:
– Не трожь. Ала, ала, ала! Прием, прием.– Бұл жалма-жан қолын тартып алды.
Саусағының ұшына шөңге қадалғандай тызылдады: иіскеп көрді – иіс жоқ, көзіне
апарды – ештеңе көрінбейді, аузына салды – дәм жоқ.
– Қайным-ай, қайным?
– Ала, ала, ала!
– Мен асығыс едім.
– Ала, ала, ала, ала.
– Пішеннің ақпарын әкеліп едім,
– Прием, прием!
– Поштымен жіберсек пәлен күн жүреді.
– Ала, ала!–Жәшік ыз-пыз, гүр-сыр етеді. Дембіл-дембіл оқшау, алыс бір
дыбыстар береді, сыңси ма қайтеді?! Әр жерінен көк, қызыл, ақ шамдар жанады.
Шамының шам сияғы шамалы, титтей-титтей түймелер.
– Қайным-ай, қайным?– Қайнысы қойып жіберетін кісіше айқайлайды:
– Но, што тебе, падажди ради бога, ала, ала, ала...
– Уһ! Наканес-то. Крутни еще и еще! Патерпи, дарагой, патерпи. Шаршадым.
Устал знашит, ха-ха-ха, патерпи!– Жігіт екі темір тұтқаны баж-баж еткізіп бұрай
жөнелді.
– Ала, ала, ала, што у тебя, дабай сюда!– Дәмелі оның сөзіне түсінбегенмен
ымына бағынды, ұсынған қолға қағазын тез қыстырып үлгірді де есікке ұмтылды.
Біреу артынан:
– Ай, падажди, абажди,– деп тоқтатып алды, што у тебя тұт, тридсать пять што
ли?– сұқ қолын 22,6-ны сызып, үстіне жазылған 35-ке қадады, ала, ала, ала.
– Да, да, иә, иә,–деді келіншек, жөнеле беріп,
– Ала, ала, ала, вы меня слышите? Прием, прием!
* * *
Осы күні зауал ауа Сейсімет келді. Бес күн бұрын Қанішкен кеткен, содан
оралғаны. Жүзіне қонған шыбын жүзіп кетердей, шұбырған тер. Есіктен
алабұртып, елеурей кірді. Жан-жағына алаң-ғұлаң, ештеңеге көзі түспейді.
Әжімгерей шуда жібін түйіп отырған, жиеннің сәлемін алуға ыңғайланып,
қолындағысын төсек астына қыстыра салды. Анау етігін шешпестен тапыраңдай
келіп, қарттың оң тізесін баса кұлады. Әскерден оралғандағы желігі біраз
басылған-ды, бүгін сонысын қайта тапқан тәрізденді. Күпсігенде құлағы ештеңе
естімейді, өйткені, шексіз бақытты, бақытты адам өңгені тыңдай ма.
– Нағашы,– деді, құдды бірге жатып шыққандай аман жоқ, сау жоқ. Содан әрі
байырғы мылжыңына басты. Сөйтсе Сейсімет Қанішкеннен самолетпен кепті.
Атының қайда қалғанын Әжекең он шақты рет сұрап, жауап ала алмады. Бар
ұққаны: ұшқыш қазақша біледі екен. Өзі жас, сонысынан қалжыңбас болса керек,
Сейсімет мінгіз десе, салып ап тарта беріпті. Қошалаққа бір сағат жиырма минутте
жеткен көрінеді. Жиенінің бар мақтанышы осы. Ішіне «р»-ды қоспай, сол күйінде
жазса, шамамен, былай оқылады:
– Иә, Қанішкенде не хабар бар? Тыныштық па?
– Әй, биат, мені мінгізе кет деп едім. «Қойықпайсың ба?» деді. «Пашестен де
қойықпағамын» дедім. Қайқылдап күлді. Ойыстың күлгені қандай жақсы! Міндім де
алдым айопланына. Төмен қайама дейді. Төмен қайай ма Айыстанов.
– Ойбай, сорлы балай-ай, елге тағы біраз күлкі боласың ғой, шамасы. Жарайды
енді, атың қайда қалды?
– Көзімді тайс жұмып алдым да отыйдым. Гүйілдеп келеді, гүйілдеп келеді.
Айыстанов қаннен-қапейсіз отый үстінде. Мәйуә көймеді-ау сонда.
– Шомныйдың айрпланы ма?
– Ішінде бійдемелей сыйт-сыйт қозғалып...
– Мейлі, атың жоғалмаса болар. Аралдың маса-сонасы көп дейді, шыбындап
жүріп шығынып кетпесе игі.
– ...Сонан бій кезде отыйған жейім дүйілдеп қоя бейді. Не болай – болай деп
көзімді...
– Кемпір-ай, Сейсімет шөлдеп келген білем, ақ берші.– Қарт осы сөздерді айтты
да жастық ағашына сүйене қалды.
– Не болай – болай деп көзімді ашып кеп жібейсем жейде, кәдімгі Қошалақта,
Қуан сойының шетінде отый екенбіз. Қуанып кеттім. Спасиво, биат деп летшікті бас
сап құшақтай алдым. Қайқ-қайқ күледі. Ойында дим жоқ. Іштене болмағандай
қолымды қысып, айқамнан қақты. Төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұйды. А-а-а-а?
Мәйуәжан? Құдыққа жылқы келді ме? Дүкәмәтім! Айыстанов!– Бұ кезде Сейсіметтің
желкесі жастыққа тие берген, заматында қор ете түсті. Әжімгерей басын таңдана
көтерді:
– Мына қанжауғыр мас екен ғой! Кемпір:
– Алла қарағым-ай, әбден сілесін қатырған-ау жолы құрғыр,– деп елжірей
күбірледі. Сонсоң үстіне қалың көрпелердің бірін жауып, ірге жағын қымтап
тастады.
* * *
«Ақжонас жақта тышқаннан ауру шығыпты!» Мұндай хабардың тарағанына
жылдан асты. Дәрі сасыған қара комбинезондылардың қаптағанына он ай. Тіліне
нан қыстырылған бір-бір тізбек ағаш қақпандарды иықтарынан асыра тастап,
шоқал кезеді, кез келген іннің аузын аңдиды. Халық оларды «шомни», «шумни»,
кейде әзілдеп «су ми» атайды. Ал, қайсыбіреулер «әлгі тышқаншылар» деп
тыжырынады. Сол «тышқаншылар» келгелі Совет кеңсесі мен «Жаңаөмірдің»
ортасындағы кішкене қызылтақтың батыс бауыры ың-жың. Тоқымдай ғана
жусанды сайға, біріне-бірін мінгестіре, үш-төрт кенеп шатыр тіккен. Алғашында ақ-
сұр, кейін, құм қонып құба сарыға айналған бұл мекен-жайлардың маңы ылғи қой
жамыратып жатқандай. Әйелдері ұрысқақ, балалары жылауық. Оның үстіне бес-
алты бақырауық түйе бар. Ауданнан күнара, кейде күн сайын самол