ы, екі құлағын жақтауға алма-кезек тақап, тың
тыңдады. Сонсоң аяғын еппен, ұшынан басып, өз жайына кетті.

5
Садықжанов «Қылмыс пен жазаны» тұңғыш оқығанда Раскольниковті мықтап
жек көрді. Әрі қорықты, әрі жиіркенді. Романнан алған әсері, жалпы, ауыр болды.
Соңғы бетін жапқан күні таңға көз ілмей шықты. Басына қорғасын құйып алғандай
мең-зең, төбесі ашып бітті. Подъездегі, үйдің ішіндегі аяқ дыбысының бәрі
Раскольниковті еске салды. Қазір балтасын оңтайлап, кіріп келетін сықылданды да
тұрды. Әсіресе, жүрегінің дүрсілі. Кісінің зәре-құтын алатын бөтен жүрек! Сонсоң
өткір жүздің кірш етіп, жұмсақ етке енгеніне шейін үн боп құлағына шалынған.
Ғұмыры мұрынның қанағанынан бөтен қызарған көруден аман-ды. Осы кітаптан
соң елестетіп қана қойған жоқ, исін сезді. Күре тамырдан күреңіте шүмектеп аққан
қанның даусын денесі түршіге естіді. Өстіп, Раскольникті айыптады. Неткен жауыз,
неткен қанқұйлы! Ал, оның жасаған қылмысынан тартқан жазасының он есе ауыр
екенін ұғынғанда, тіпті күйзелді. Бірақ ол кейінірек болатын. Раскольниковтың шын
қасіретін де кейін ашты. Қайдағы бір сорлы, бейшара адамдарға деген сол жігіттің
махаббатын көре алған кезден бастап көкірегіне аяушылық ұялады, иә, со
жауызды, Раскольниковты аяды. Соняны не үшін сүйгенін ойлағанда жаны
ышқынды. Сөйте-сөйте мойындай, түсіне келе жақсы көріп кетті. Әдебиетте айтыла
беретін көпке үлгі, қалың қауым өнеге тұтар кейіпкер осы сияқтанды. Несі үлгі, несі
өнеге? Кісі өлтіргені ме? Басқа, бүтіндей басқа. Сонымен, бұл да әлдекімге
жақсылық жасауды армандады. Жақсылық болғанда өз басын құрбандық етуге
мүмкіндік беретін жақсылық. Мұның тапқаны да Соня еді, осы ғасырдың Сонясы.
Соня көпшілік көзінде бақытты да, бейшара да саналмайтын. Оның тәрбиелі,
ауқатты семьяда өскенін құрбылары да күндемеді. Ол тек ауызға серілігі, сауық
құмарлығы жағынан ерек, жиі ілінді. Мұның көңілінде аяныш сезімін оятқан сол,
сері деген сөздің аржағында жатқан ащы мағна еді. Енді пайымдаса, осының бәрі
баяғы ауылдың аңқаулығы боп шықты. Ақыры, бейшара Соня емес, өзі тәрізді
көрінді. Со күні-ақ өзінің аянышты халін ашық шаққан адамның шын мәніндегі
бақытсыздығынан менмендігі басым болатынын аңғарды. Бұл ойының әділдігіне
Соня үйіне налып қайтқан күннің ертесіне көз жеткізді: қыздың түрінен өшпес
қасірет іздеген, таппады. «Саған күйсе, маған пісті, түкірдім бәріне» деп ойлады.
Бірақ, түкірдім дегенінің өзі осалдықтың, жанына батқандықтың белгісі-тін.
Идаят өсектен қатты қорқатын. Ол сөз баққан ауылда өсті. Сөздің, өсек-аяңның
сонша қаулауын газет, журнал, радио, кино, тағы басқа рух қажеттерінің жоқтығы,
әрі әйел жұртының көптігінен көрген. Бақса, мұнда, қалада да өсек айтылады екен.
Айырмасы, ауылдағыдай бетіңе, не құлағыңа емес, желкеңе, бітеу жара ғылатындай
ғып соғады.
Бұл консерватория үйінің үш қабатының да коридорымен жүріп өтті: ешкім
ештеңе деген жоқ. Сөйтіп, жұрттың алдынан бір-бір өтіп өзінше арылған соң,
төменгі қабатқа қайтып түскен, алдынан Кемел ұшырасты. Үш қабатты түгел
шарлағанда Кемелді сылтау етіп, көрінгеннен сұрап кезген, енді бетпе-бет келгенде
қысылып қалды. Мұның сезімі дереу досына көшті ме, Кемел де абдыраған,
сасқалақтаған тәрізденді. Содан, қапелімде екеуінің аузына да сөз түспеді.
Кемел тағы да бұрын табылды:
– Идаят, сен кешір,– деп, мұны қолынан ұстап деканатқа қарай жетектеді,–
жүр, шаруа бітірейік, соңынан сөйлесерміз. – Осы екі ортада, қасында біреу бар,
Қайырболат, анадайдан бас изеп өтті.
– Әне,– деді жанындағыға мына екеуін иегімен нұсқап,– әне, отқа жанбайды,
суға батпайды. Бесеу ме, одан да көп пе, қаптаған қарыз, сонда да ертең диплом
алып шығады. Менікі өткен семестр ғана. Өзің білесің, әкем ауырып соған кеттім
ғой. Көрдің бе, барлық програм бойынша деп шіренуін? Бұған бәрі қойып береді.
Қара да тұр, аузын ашпаса да тапсырады. Қайтесің енді, композитор. Қайта,
композитордан көбірек талап етпей ме?
Бұл есікті аша берген, Кемел жеңінен тартты.
– Қайрекең бүлдіріп шықты, тоқтай тұр. – Екеуі фольклор кабинетіне кірген.
Толық ақ сұр келіншек қатырмалы қалың кітапшаны әкеліп, Кемелдің тұмсығы
астына жайып көрсетті: «Сіз сықылды композитор,– деді ол, беттің бір тұсын
түртіп көрсетіп,– жөндеп, жүйелеп жіберсе жанып кететін әндер бар. Тыңдағыңыз
келсе, қазір-ақ қойып берейік». – Кемел келіншекке иіліп рақметін айтады. Тағы
бірде арнайы, асықпай келетін боп уәде етеді. Анау естімей ме, түсінбей ме –
жіберер емес. – Сіздің әндеріңізді,– дейді келіншек, өзі құралыптас тағы бір әйелге
бөксе болуға жарайтын омырауын Кемелдің өңменіне тақай,– сіздің әндеріңізді
халқымыз сүйеді. Менің он бір жасар сіңлім әлгі, әне бір... жасыл жаз жайнаған деп
басталатын әніңізді сахнада айтады. Сіңлім, өзіңіз білесіз, мектепте оқиды. Ән
сабағынан беретін мұғалімдері надан, сауатсыз біреу көрінеді. Музыкадан
мұрнына иіс бармайтын жарықтық білем, шамасы. Сіңлімнің даусы жақсы, әрі
репертуарын өзім дайындап берем. Сіздің әндеріңізді нақышына келтіріп
орындайды... – Кеме