ған жоқ. Аузы шаш татып кетті.
Мұның бәрін ой елегінен тағы да қайта өткізіп, қайыра тексеріп отыр. Көп
жайды жіберіп ап, артынан ойлау да әдетіне айналған. Бөлмесіне жаңа кірген. Әр
бұрыш, әр заттан әйел қолының ізі көрінеді. Терезе алды, күйсандық маңы, стол,
кереует, орындық, еден – әр қайсы өз орнында, жинаулы, сүртулі. Нота қағаздары
текше-текше. Жазылған, басталған парақтарды жасырыпты. Ұштары сынып, не
мұқалып қалған әншейіндегі қара қарындаштар ұштаулы, жүз елу грамдық қырлы
стаканда, ұзынды-қысқалы боп, біздиіп-біздиіп тұр. Қарсы қабырғаға газет қағып,
Идаяттың көйлек, костюм, плащ секілді киімдерін іліп, иықтығын газ орамалмен
қымтап жауып қойған.
Содан... кешкі сағат онда қызды үйіне шығарып салды. Ертесіне тағы келді.
Сол күннен осында. Қонаға ғана кетеді. Үйлену жайлы келесі күні келісілген-ді.
Қалжың ғой, қалжыңның салмағын қайыспай-ақ көтерермін деген. Қалжың болса –
сәтсіз шықпаған, өйткені, жұртты түгел иландырды, артынша бұның өзі сеніп
қалды. Соня бірер сағатқа ғана кетеді, былайғы уақытта аттап баспайды, екеуі
бірге. Шындап ойланып отырғаны да осы. Сонымен дүние не боп барады өзі?
Жағдайы кісі қызығатындай емес екенін де енді сезді.
Кемелдің манағы сөздері көңілінде бөлек күптілік, дүдәмал туғызды. Неге олай
қабылдады? Жаһанда дос, жолдас деген болса, ол – Кемел. Көп дос-жаран бұндай
халдегі адамдарға жанашырлық ете бермейді. Кемелдің шынымен жаны күйеді,
барымен аяйды. Ендеше, ол ағайын-тумадан да жақын. «Жаназа» деді-ау.
Кешпейтін, көндікпейтін жанның сөзі!
Әңгімені Соня екі рюмкеден кейін бастаған-ды. Алдымен мұңын шақты. Сол екі
ортада үш мәрте жылап алды, үш рет айнаға қарады. Сонсоң, қыз, әйел ғып
жаратқан тағдырына өкпеледі.
– Әйелден бақытсыз халық жоқ,– деп бір тастады.
– Неге? Өмір өмір болғалы еркек атаулы әйелді бақытты ету жолында
қырылмап па еді? – Соня әрі қарай тыңдағысы келмеді, бөліп жіберді, қолын бір-ақ
сілкіп, сигаретін тұтатқан:
– Этого я не видела. Мен көргем жоқ ондайды. Мен қайдан білем? А, может,
жер үстіндегі ең бақытты әйел была моя пра-пра-пра-пра бабушка?
– Мынауың кішкене келіңкіремейді. Сенің әжеңнің келіншек кезі – теңсіздік
дәуір. О заманда қыздар қалың малға сатылған. Сатылу жүрген жерде махаббат,
бақыт қайдан болады? Онда қыз таңдағанына, сүйгеніне қосыла алмады. Есесіне,
кез келген бай, сақалының ағына қарамай мал айдап беріп, нақ сен секілді жас, әп-
әсем қыздарды тоқалдыққа алған...
– Ал, маған, мен үшін қазір ешкім мысық та төлемейді.
– Төлеп қажеті не? Сен өз қалауыңша біреуге тиесің.
– Мен қалауымша тием, а? Ты шутишь наверно?
– Оның күлкісі жоқ, сендер қазір жігіт...
– Жігіт, жігіт. Әй, қойшы оны! Бүгін менімен, ертең мынаумен, бүрсүгіні
анаумен, пардон, балақтары сыпсиып кетіп отырады.
– Значит, бәрі өздеріңнен, бастарыңды арзандатып біткенсіңдер.
– Ой-ой-ой, сразу видно, что ты еркек.
– Өте күрделі мәселе,– деген бұл – мен жігіттерді ақтамайым, олардан да бар,
дегенмен, сендер әйелсіңдер, сондықтан өзгені де, өздеріңді де бақытты ету –
міндеттерің. Бүгін бір жігітпен, ертең екіншісімен қаңғыру – өз бастарыңның да
салты.
– Кешегі жігітіміз тастап кетсе, қайтеміз, фю, сен...
– Жақсы қызды ешкім тастамайды.
– Бәрібір алдайды, бүгін болмаса, бүрсүгіні тастайды.
– Сол тастағанша күте тұру керек.
– Фю!
– Сендер де сүйтесіңдер ғой?
– Біз немене, кембіз бе?!
– Міне, мәселе!
– Енді нағыл дейсің?
– Сендер неге осынша...
– Біз – өмір сүргіміз келеді, түсінесің бе, өмір...
Ақыры бұл:
– Мен саған үйленсем, тиесің бе?– деп салған.
Әйелге өтірікті кім айтпайды. Айттың, алдадың,– айни сал. Сенің нең кетті?
Еркек емеспісің? Олар бәрі-бір шын сөйлемейтініңді біледі. Күні бұрын кешіріп
қойған. Өйткені, сенен ешқашан өтіріктен өңге ештеңе күтіп көрген жоқ. Сырын,
шынын ақтарған жігітті ақымақ санайды. Сондықтан әйел нағыз суайттарды сүйеді.
Әйелдерге басқаша қара, басқаша; Мәселен, Кемелге бір мәрте жалған сөйле –
ғұмыры сенбей өтеді. Ал, әйелге бірдеңені дәлелдейім, көзін жеткізем деме! Өтірік
күрсін, өтірік қызған, өтірік күл, өтірік қасар. Шын түкпір құпияң, түпкі
мақсатыңды бәрібір таниды. Олар алданғандарына, рас, опық жейді. Бірақ өздері
тіленіп, іздеп жүріп алданудан жалықпайды. Қысқасы, керегі сол – алдану дерсің!
Әйел де түрлі дейсіз бе? Рас. Тек, бұ қасиет көбіне ортақ. Сондықтан әйел де,
әйелдер де – айырма шамалы. Байқайсың ба, бір кезде көңілі болған, алдай алмаған
жігіттің атын қыздың кез-келгені айтады, қалғандарын – бәрі жасырады. Идаят
осылай да ойлай алатын-ды. Бір басына, өз пікірінше, суайттығы да жетеді. Мына
жолы тек өзін алдаған сияқтанды. Неменеге боршықты? Өтіріктің, ойынның
керексіз-ақ жері еді. Ашық тұрған есікті осынша қатты қаққаны несі? Бұл, расында,
көпті көрмесе де көңілі көптен қалған бұзық пиғылды жігіт боп бара жатқан-ды.
Қазір де бөлмеден әлдене іздейді. Столдағы қағаз, қарындаш, ілгіштегі киім,
едендегі бәтіңке – әр қайсын бір-бірден, екі-екіден ұстап