көрді, керегі олар емес.
Тағы бірдеңе қарайды, тағы да бірнәрсеге алаң. Таныс түйсік, таныс күйбің.
Бейшара көңіл бір кезде бас еркімен жойған, жоғалтқан дүрбелеңін қайта
тапқандай. Анау күндері Зібайра сабақтан кешіккенде өстетін. Бұ да сөйте ме?
Сөйтіп күткізе ме? Ғұмыр бойы іздеумен, күтумен өткені ме? Жақтауға
жапсырылған бір жапырақ қағазға көзі сонда түсті. Жалғыз-ақ кнопкамен
бастырыпты. Ұша түрегеп, жұлып кеп алды: «Я пошла. Бір жарым сағатта оралам.
12–10». Тағы да «пошла, пошла». Пошла ты к черту!– деп күйді.
Артынша қайыра толғап, бірер сәт өз көкірегін өзі тексеріп кетті. Көңіл деген
шіркінге не болған өзі? Мына халіңді көріп отырып, қайтып аңқау боларсың! Рас
солай ма? Бұ жәй бұрын сезім, сезік күйінде буып қинайтын. Қазір үнге, сөзге
айналып, тіл ұшына келді. Азаматқа қатын күтуден өткен не қорлық бар дейсіз! Жо-
оқ! Соняның мына кетісі бұл үшін ерғашты болған жылқыға жүген
сылдырлатқандай әсер етті. Жаралы, запы жаны тітіркеніп қоя берген.
Содан Соня айтқан уақытынан сағат жарым кешігіп, табалдырықтан аттай
бергенде өзінің еркек кіндік екені есінен шығып кетті, бірден:
– Қайда жүрсің?– деп қарауытты. Қыз әрқайсы сіріңкенің жанып біткен
талындай ұзын, бояулы кірпіктерін жалп-жалп қағып, еңіреп жіберді. Көз жасы да
қара күйе боп, айғыздана, лас шұбырды. Жігіт ішінен дүниедегі ең таза нәрсе – көз
жастың өзіне қоспа араласқасын, оның өзі мөлдіремегесін не тірлік деп ойлады.
Түрін қарашы сайтанның? Ана жұдырықтай басты ашып көрер ме еді, ішінде не
бар екен? Бірақ өзіне:
– Неменеге жылайсың? Мен сені ренжітейін дегем жоқ, жәй сұрап
жатырмын. Өзің бір жарты сағатта келем депсің. Уақыт кесіп нең бар,– деді. Соня
кішкене сумкасын ашып, айна мен қол орамалын суыра, мұның қарсысындағы
орындыққа кеп отырды. Орамалдың бір ұшын тіліне сүйкеп ап, айнаға үңілді.
– Мен сабақ алып жүрмін. Сен ғой оны білмейсің,– деді. Сосын айнасын етегіне
үйкеп-үйкеп жіберіп, самайын, маңдайын, иегінің астын тексерді. Шашының
жатыңқы, жапырылыңқырап тұрған тұсын екі саусағының басымен шымқып,
қопсытып қойды. Сосын тағы да көз жасын араластыра:
– Бір-біріміз жайлы арам ой ойламайықшы, иә ма?– деді. Бұ сөздердің аузына
қалай түсіп кеткенін аңғармады. Жігіттің миында мынадай бір ой жылт етті: жақсы-
ау құрғырдың өзі... Үйде екеуінен бөтен ешкім болмайтын. Ана жақтан біреудің аяқ
дыбысы естілді. Жолдағыны қаға, салдырата, тым еркін басуына қарағанда үй
иелерінің бірі. Соня осы мезетте:
– Твоя ласка просто прелесть,– деп сыбырлады.

* * *
Бірақ ойындағы сөз бен тіліндегі сөз көбіне екі бөлек, қабысып жарымады. Ой
өз алдына, тіл өз алдына. Осыған енді өзін-өзі басқаратын үшінші бір сұрапыл –
қол қосылды. – Соня күй сандыққа отырып еді. Садықжановтың бір әнін ойнап
шығып, «слишком синтементальный» деп ойлады, тілі:
– Төгіліп тұрған лирика!– деді. Енді бір әнді екі қайталады. Екінші
қайталауында ыңылдап даусын қосты. Үні әп-әсем, бояу, тембр, сезім-шеберлік
жеткілікті-ақ секілденді, тек темекі тартатындығы білініп тұр. Тағы да ән жайында:
мына әннің деп ойлады қыз, бүкіл табиғатынан жеңістің, өзіне-өзі риза болған
рухтың тоң, шалт салтанаты еседі. Мұны тіл тағы да басқаша бейнеледі.
– Үлкен театрларда ойнауға лайық музыка! – Содан кейін Штраустың
вальстеріне ауысқан. Сол сол-ақ екен, Садықжановтың көңілі бірден қолқ ете
қалды. «Үлкен вальстің» авторын ол ылғи өзіне ұстаз, көркем өнердегі ұмтылар
биігі, жетер жері санайтын. Бірақ, көз көре мұнша артықшылық жасағанын
ұстазына да кешіре алмады. Өзінің вальстері де даусыз, талантты туындылар еді.
Штрауспен қатар ойналғанда сезімге бірыңғай мазасыздық, тіпті қуыс салады
екен. Сонда немене, Штрауспен талант салыстырғысы келе ме? Жоқ, мәселе онда
емес, ешкім ешқашан өзінен бұрын өткен ұлымен иық теңестіруді ойламайды. Тек,
сол өткендердің өздері тыныш жатса ғой! Қолдарында бармен көзге ұрып,
арттарында қылтиған кішкенелердің зықысын алады. Әлгі бір сәтте Штраус жез
мұртын шиырып тастап, бұған сыңар танауымен күлген тәрізденді. Данышпандар –
нағыз мақтаншақ кісілер деп түйді композитор, әйтпесе данышпан бола ма.
Данышпандықтың өзі нос көрсету, қалған жұртты жекпе-жекке шақыру шығар.
Жақсы киініп ап үсті алба-жұлба біреудің о жақ, бұ жағынан өтіп көрініңізші? Ол
адам не ойлар екен. Жаңа сүйікті ұстазы дәл сондай бір жеңілтектік еткен
секілденді. Соняға мойнын да бұрмастан:
– Қоя тұршы, Құдай ақына,– деді,– бас ауырып кетті.
– Кешір, кешір.
Мына қыз осыны әдейі істеп отырған сықылданды.
– Сонымен қайда болдың?– деп манағы сұрағын қайталады.
Асылы ақылды қыз болса керек деп ойлады Идаят, тек, тұрмысқа, тіршілікке
тым бейім, жетік. Демек, ес-санасы уланған. Білім, тәжірибесінің бәрі біреуді
алдауға жұмсалады, содан бары – қулыққа, айлаға айналған. Дүниедегі ең қауыпты
процесс!
Анау жігіттің осы күдігін дәл сезінгендей, өзі-өзінен қозғалақтап, қипаң қақты:
– Айттым ғой қайда болғанымды. Неменесін сұрай бересің?– ішінен: Фю, ана
бастың іші толған сұрақ, к