й, жақсы ма?– деп шалдың жүзіне барлай көз
тастаған. Анау сәл жымиып қойды. Сонсоң:
– Менен қандай көңіл сұрайсың, шырақ. Ән салмаймын. Биге аяғым
жарамайды,– кекей, осқырына кеп басқа арнаға ауысты,– балам, Кемел деген жігіт
сен боларсың, естіп едім. Мына қара бір обалды жан, сені көп мақтайтын.
Сөйтіңдер, ұлым, жақсы болыңдар. Дүниеде жақсы кісі, жақсы бола білетін кісі бар.
Менің балам жақсы кісі, жақсы бола білуді сен үйрет. Естуімше, бұған қарағанда
мазалдау көрінесің, сүйт шырақ. – Идаят атасын тағы аяды, Мечников пен
Құрманғазының қиылысына таянғанда қарт тағы тоқтады.
– Мен, шырақтар, келдім. Бар айтарымды тауыспайын. Ендігі кездескенге
де қалсын. Балам, саған, деді Идаятқа бұрылып,– кім берсе де тек бақ, бақыт
берсін, қалғанының бәрі өзіңде. Ана сүтімен, ақ сүтпен дарыған. Ешкім тартып
ала алмайды, ешкім, ешкім. – Осы арада шал таяғымен жерді түйіп-түйіп жіберді:
таяқ сөйлемнің соңына қойылған үш бірдей леп белгісі тәрізді, дік-дік етті. Сонсоң
бұрылып жүре берді. Бұлар артынан бақылап тұрған. Қырсық әлгіндегіден гөрі
шымыр, ширақ адымдап барып П әрпі құсаған қызыл-сары үйге кіргенді.
6
Сол Күреңөзекте тұратын бір жақсы танысының айтуынша, Зібайра Идаят
апарып тастағасын он бір айдан кейін жаңадан тұрмыс құрған құсайды. Әнеугі,
февраль айында бұдан алимент талап еткен-ді. Бірақ, оған ешкім құлақ асқан жоқ,
консерваторияның деканатында, жолдас-жора арасында азғана сөз болды да,
басылып қалды. Себебі: мұның апарып салған уақытын көп адам білетін.
Ол Күреңөзек станциясында қызмет ететін біреуге тиіпті. Күніне жетпей
босанып, ұл табады. Содан бастап-ақ босағадан береке қашқан көрінеді. Тұмса ана
сәбиді бұрынғы ерімнен қалған деп амалдайды. Күйеу күдік айтады:
– Айырылысқаныңа он сегіз ай болмап па еді?
– Он сегіз айда бір баланы көпсінесің бе? – Әуелі өстіп, өз сөзімен
айтқанда, острить етіп құтылмақ екен, жігіт қазымырлана түседі.
– Сен немене, мені сонша ақымақ көресің бе? Маған тигенде
ажырасқаныма он бір ай болды деген сықылды едің. Мен есепті білем,
айырылғаныңа он бір ай, оған жеті ай. Он сегіз ай деген сол. Шала туды десем,
ұқсамайды, әлі де кеш емес, шындыққа көшкенің жөн,– деп жиырылады. Зібайра
басқа, жаңа бұлтаққа салады:
– Сенен екі ай бұрын ол маған келіп, қайта қосылайық дегесін... несчастный
басым,– деп жылап жібереді. Тап осы жайды, бір таң қаларлығы, Садықжановқа
жазған хатында Зібайраның өзі де мойындайды. Содан...
Күйеу мектепте физматтан сабақ береді екен. Мына сөзден қысылғаннан
балалардың бір құшақ бақылау жұмысын алдына жая қояды. Сонымен күндер өтіп
жатады. Түрлі шаруамен жағдайлары келмей жүріп қап, шілдехананы сәбидің
қырқынан шығу тойымен қосып өткізеді, кәдуілгі ауылдың мәжіліс дастарқаны
жайылады. Сойған қойлары буаз екен, ішінен егіз қозы шығады. Міне, шатақ
осыдан туындаса керек.
– Шаруасы өсетін жұртқа ем бар ма,– дейді бір жігіт ағал-жағал стаканын
майлы қолымен көтеріп,– бұл иттің сойған қойының ішінен де қозы түседі, біреу
болса көнер едік-ау, екеу болып тұр ғой. – Екінші біреу қайырып тастайды:
– Ойыннан от деген, байқап сөйле.
– Қойдық, құрысын, құрдаспен ойнаудан да қалдық па. – Өстіп дуылдасып
отырып талай әңгіме айтылады. Шындық атымен көп-көп өтірік, әзіл атымен
талай шындық өтеді. Тыңдар құлақ болғанмен, танымал көңіл жоқ, асыра атылған
сөз оғы аңғал жүректі дәл табады.
Әркім-ақ бұндай бас қосуда тілділігі, орынды сөзімен көзге ұруға тырысады
ғой.
Ал, ерсі, шетін әңгіменің де жарасатын кезі – ішкен кез. Соны пайдаланып тағы
бір жігіт анекдот бастайды. Әуелі сүт пісірім уақыт кеңкілдеп күліп алады. Сосын:
– Қожанасыр әйел алыпты,– деп бір тоқтайды.
– Қожанасыр әйел алыпты...
– Жолдастар, тыныш, Қожекең әйел алыпты,– дейді біреу.
– Не айтқалы келе жатыр ем әлі? Ә, Қожанасыр әйел алыпты. Сөйтсе, алған
әйелі буаз екен, ертеңіне туып қалады. Қожекең табанда кітап, қағаз, қарындаш
жинай бастайды. «Мұны қайтесіз, әпендім-ау, сәби дүниеге жаңа келді, үлгіресіз
ғой» демей ме мынау құсаған бір қу?
– Ха-ха-ха-ха.
– Сонда деймін-ау, жарықтық Қожекең, сөзден тарықсын ба, мен секілді қу
жақ емес пе, былай депті: «е, тоғыз айлық жолды бұ бала бір күнде аттап отыр, бір
жұмада мектепке бармасына кім кепіл?» Сол айтқандай-ақ, досым, нәрестең тез
өссін, өсе берсін, өсе берсін! Осы үшін қане, өзім тамшысын қалдырмай тартып
қоям!– Қонақтар өстіп дуылдасып-дуылдасып ап, тарқап кетіседі. Со кештен бастап
қабақтағы бұрынғы кірбің ұлғая кел, шатақ-жанжалға айналады.
О жігітті мұғалімдер арасы қалжыңдап «физикалық салмақ» атайтын.
Шыдамды, мінезі ауыр адам екен. Сол күннен кейін «физикалық салмағы» күрт
азаяды. Не болса соған араласқыш, күдікшіл, қарау боп алады. Құлағына сене-сене
көзіне иланбайтын жағдайға таяйды. Той-топырда, онда да бірер жүз граммен
шектелетін жігіт осы тұста аузына тисе – жығылмай қоймайтын халге жетеді.
Осындай жайларды көзбен көріп, қолмен ұстағандай ғып жеткізіп келетін
тамыр-таныс Ида